Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Атамекен

Тамғалы петроглифі

Басты бет - Атамекен - Сәдуақастай сақы өткен дүниеде

Сәдуақастай сақы өткен дүниеде

Бейсенбі, 29 қыркүйек 2016Сауран шаһарының алғашқы орны Қара төбенің оңтүстік шығыс жағында Сәдуақас атаның мазары орналасқан. Бұл мазар ежелден яғни І-ХІІғғ аралығында Қара төбе (Сауран) қаласында ғұмыр кешкен пенделердің бұл дүниеден бақилыққа аттанғанда мәңгілік дамылдайтын мекені болды. Ежелгі қорым Сәдуақас әулиенің атымен аталады. Сәдуақас ата туралы аңыз ел арасында кездеседі. Сәдуақас ата үш түрлі қасиетімен ел аузында, халықтың жадында сақталған. 

Соның бірі Сәдуақастың саяси қоғам қайраткері, ел басқарушы Әкім (Һаким) тұлға ретінде танылуы, екіншісі жомарттығымен көзге түскен сақы екендігі, үшіншісі сахаба екендігі. Сахаба деп Мұхаммед (с.ә.у) пайғамбардың көзін көргендерді айтатыны көпке белгілі.

Аңыздың сарыны ертеде Қара төбе үлкен сән салтанаты жарасқан шаһар болыпты. Зәулім сарайы, су шашып тұратын бұрқақтар орнатылған әсем хауыздары болыпты. Қаланың ортасындағы базарларда Мағрип пен Машрифтан келген саудагерлер сауда жасап, қалаға артынып тартынып кірген сауда керуендері мен қаладан алысқа жол тартқан керуен тізбектері тәуліктің кез келген мезгілінде ағылып жатады екен. Қаратөбе қаласын сол ғасырларда Қимақ деген ел мекен еткен. Қимақ елінің билеушісі Сәдуақас хаким еді. Қимақ елі мұсылмандықты қабылдапты. Қара төбемен оның төңірегінде жайлаған халық наразылық білдіріп Сәдуақас әкім болып тұрған шақта үш рет көтеріліс жасапты. Қимақтардың Қаратөбе – Саурандағы үш көтерілісін де Сәдуақас әкім Мекке – Мединеден сарбаздар әкеліп басқан дейді.

Қимақтар кейбір тарихи шығармаларда Кимектер деп жазылады. VI-Xғғ қалыптаса бастаған Кимек тайпалары ІХ-ХІғғ аралығында іргелі мемлекет дәрежесіне жеткені тарихтан белгілі. Араб сарбаздары VIIIғ алғашқы жартысында Сыр бойындағы түркілерді жеңгеннен кейін, өздерінің билеуші әкімдерін Шаш (Ташкент), Тарбанд (Отырар) аймағына қойған еді. 735-739жж. Наср Сиар бастаған араб сарбаздары Шаш және Тарбанд қалаларына шабуыл жасап өртке ораған болатын. Оның негізгі себебі жергілікті билеушілердің, ірі жер иелері мен саудагерлердің салық төлеуден жалтаруы еді.

Олай болса Шаш және Тарбан қалаларының қатарында 714ж шамасында мұсылмандықты қабылдаған Сауран қаласының тұрғындары үш рет көтеріліс жасауы тарихи шындық болуы мүмкін. Қаланың билеушісі бұл үш көтерілісті басу үшін араб сарбаздарының қолдауына ие болуы заңды құбылыс.  

Сәдуақас ата туралы аңыздардың бірінде Мұхаммед (с.ә.у) пайғамбардан бір күні бір сахаба мынадай бір сұрақ сұрапты деседі «Уа Алланың елшісі сіздің соңыңыздан ерген сахабаларыңыздың арасында кім сақы?» деп сұрағанда Алланың елшісі ойланбастан «Сәдуақас сақы» деп жауап берген екен. Сахы сөзінің мағынасы қолы ашық, мырза, жомарт, сахи деген ұғымды білдіреді. Сонда сахабалардың арасында отырған Әзіреті Әлі: «Менен өткен сақы кім болушы еді. Ислам діні жолында күрестім, жанымды аяған жоқпын, тапқан олжаны түгел соңымнан ерген сарбаздарыммен ғаріп-ғасірлерге, жетім-жесірге бөліп берумен келемін, басы артық дүние мүлік менде жоқ, дін жолында үш рет құл болып сатылдым» деп үйіне келіп Мұхаммед пайғамбардың қызы, өзінің адал жары, әрі ең жақын досы Фатима анамызға айтыпты. Әлі Шеріге осындай ойдың келгенін Алланың елшісі Мұхаммед (с.ә.у) сезген дейді. Бибі Фатима анамыз Сәдуақастың сақылығын сынамақ үшін «Әзіреті Әлі сырқаттанып қалды, соған Сәдуақастың ұлының қаны емге керек болды» деп қызметшісін Сәдуақастың үйіне жұмсапты. Бибі Фатиманың жіберген қызметшісінен бар жайға қаныққан Сәдуақас сахаба ұлының медреседе екенін айтып, шақырып келмекке ұлының соңынан  медресеге барыпты. Сәдуақас ұлы Абдуллаға «Балам алдыма түс үйге қайтайық» дейді,  сонда Абдулла «Әке алдымен сіз жүріңіз. Мен сізді соңымнан ертіп, әдепсіздік көрсетіп, Алла алдында күнәһәр болармын» деп әкесінің соңынан ілесіпті. Үйге келгеннен кейін әкесі ұлына «Абдулла, сенің қаның науқастанып қалған Әзіреті Әліге ем үшін қажет болып тұр. Сол үшін де сені құрбандыққа шаламын» деді, тұншыраған қалпы. Сәдуақастың ұлы Абдулла: «Әке менің қаным Әзіреті Әліге ем болуға жараса мен дайынмын. Тек сізден өтінерім менің аяқ – қолымды мықтап байлаңыз, жан шығар сәтте еріктен тыс, ықтиярсыз ышқынғанда қол-аяғымды сермеп, денеңізге тиіп кетіп жүрмесін. Көзімді де қатты таңыңыз, жанарым жанарыңызға түскенде қимастықтан жан шығуы қиын болар» деген екен.

Ем үшін құрбандыққа шалынған Абдулланың денесін ақ матамен жауып, оң босағаға қойып, Алланың ісіне шүкіршілік етіп отырған Сәдуақастың үйіне Мұхаммед пайғамбар кіріп келді – «Тағам әзірлейтін үйде ас қатықтан не бар?» – «төрт-бес қадақ арпа бар» деді. Сәдуақас. «Онда соны қазанға салдырып ас әзірлет, бүгін кешке сіздің үйден сахабалармен келіп тамақтанамыз» деді. Кешке Мұхаммед (с.ә.у) сахабаларымен Сәдуақастың үйінен дәм татуға келді. Тамақ үстінде Алланың елшісі Сәдуақастан «Абдулла қайда, неге бізбен бірге отырып тамақтанбайды?» деп сұрады. Сәдуақас ұлының әлі сабақтан келмегенін айтты. Пайғамбарымыз оң қолын көтеріп, «Абдулла!» деп қатты дауыстап шақырды. Екінші рет тағы да шақырды. Мұхаммед (с.ә.у) үшінші рет оң қолын көтеріп «Абдулла қайдасың?» деп шақырғанда ғана Абдулла «ләппай!» деп табалдырықтан аттапты. Мұхаммед пайғамбар Абдулланы жанына отырғызып, бірге тамақтанды. Абдулладан шақырғанда неге келмегенін сұрады. «Алланың елшісі, сіз алғаш шақырғанда мен жәннәттің бағын аралап жүр едім. Екінші жақырғаныңызда пейішті қимай артыма бұрылып қараған едім. Міне, үшінші шақырған даусыңызды естіп келіп тұрмын» депті. Сәдуақас сахаба осының бәріне ризалықпен қарап, Аллаға шүкіршілік, тәубә келтіре білгендігі үшін де, Алланың әмірімен болған жалғыз ұлы Абдулланы құрбандыққа қиғандығы үшін де Сәдуақас сақы атанған. Соның бәрін көзімен көрген Әзіреті Әлі райынан қайтып, Сәдуақастың сақылығына шүбәсіз сенген екен дейді аңыздың сарыны.

Сәдуақас әулие туралы аңыздардың бірінде Сәдуақас атаның ислам діні үшін шайқастардың бірінде шаһид болғаны айтылады. Қара төбенің оңтүстік шығыс жағындағы мазарда Сәдуақас сахабаның денесінің бір бөлігі жерленгені туралы сөз болады. Аңыздың келесі бір тармағында Сәдуақас сахының тоғыз жерге жерленгені айтылады. Сәдуақас сахаба дүниеден өткеннен кейін Сауранның іргесінен қабір қазып, жерлемекке жиналған жұрттың алдына ақ түйе жетектеген бір кісі келіп Сәдуақас сақының мүрдесін ақ түйеге артып күн батыс жаққа жүріп кетіпті. Алғашқыда аңтарылып қалған халық «қайда жерлер екен» деп соңынан ілесіпті. Әлгі кісі жетектеген түйесін шөгеріпті, соңынан ерген жұрт жете бергенде мүрде теңделген түйені жетектеп ілгері жүріп кетіпті. Сүйтіп түйені сегіз жерге шөгеріп тоғызыншыда өзі түйесімен бірге ғайып болып кеткен екен. Сәдуақас атаның мүрдесін артқан түйе Өзгент, Женд, Тауыс аралы, Арал т.б. жерлерден өтіп Астрахань жерінеде шөккен деп айтылады. Түйе шөгерілген жердің бәрінде Сәдуақас әулиенің мазары бар. Сол мазарларға зиярат етушілер легі әлі де жалғасуда. Аңыздағы жер аттары негізінен таныс болғанмен Тауыс аралы деп аталынған жер атауы қайда екені көңіл аудартады.

Сәдуақас әулиеге зиярат етушілер ілгеріде көп болады екен. Самархан, Бұхарадан сонау Тәжікстаннан да келетін. Тәуап етушілердің көптігін сипаттаушылар «келушілер қиқым болатын. Мал сойып апта жатып қайтатындары да бар еді. Садақа таратып ас беретін. Жиналғандар зікір салып, құлшылық ғибадаттарын орындайтын» деп айтады көз көргендер.

Сәдуақас атаның қабірі күйген қыштан қаланып, сыртынан сыланған. Темір шарбақпен қоршалған. Құдығы тазаланып төңірегіне жеті сегіз түп тал егілген. Өткен ғасырда егілген жуандығы құшақ жетпес көк тал қурап құлаған. Сәдуақас атаның құдығының тереңдігі 8-9м ірге қабырғасы күйген қышпен қаланған. Зияратқа келушілер құдықтың суын ішіп, шөлдерін басады.

Сәдуақас атаның ерлігі, әулиелік кереметтері мен сахаба екендігі қисса, жыр дастандарға арқау болған екен. Олардың араб әліпбиімен жазылған нұсқалары қудалаудың әсерінен жойылыпты. Жазба нұсқалары жекелеген адамдардың қолында сақталуы да мүмкін. Кеңестік заманда атеистік насихат өкілдері Сәдуақас әулиенің кереметтігіне керағар пікір туғызып, Сәдуақас әулиені құмарпаздардың пірі деп те қауесет таратқан еді.

Бабадан балаға мирас болған бұл аңыздар сарынын маған әкем Шерментайұлы Саян айтып берген еді.

Болашақта Сәдуақас ата мазарын қараусыз қалдырмай, мемлекет не болмаса жергілікті билік тарапынан көмек көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. 

Дәулет Қожамұратов,

«Әзірет Сұлтан»

 қорық-музейінің

мәдени байланыс

 жөніндегі маман.