Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Атамекен

Бекет- ата ескерткіші

Басты бет - Атамекен - Тылсым күш жасырынған қой жауырын

Тылсым күш жасырынған қой жауырын

Сәрсенбі, 24 тамыз 2016    Адамзат баласы сүйектен жасалған бұйымдарды ерте  кезеңдерден  кәдеге  асырып пайдаланып,  сүйек өндеу істерін  жақсы  дамытқан.  Мал  сүйектерін еңбек құралдары мен қару-жарақ бөлшектерін және үй бұйымдарын әшекейлеуге қолданып, оның қолөнердегі орнын көне дәуірден-ақ айқындай  білген. Сонымен  бірге, халқымыз сүйектен  жасалған  дүниелерді  көненің көзі, теберігі,  ретінде мойындап, қадір тұтқан.

   Тарихқа жүгінсек сүйектің нанымдық қасиеті мен сүйек ұқсату өнерінің тамыры өте тереңде жатыр. Сүйек бұйымдар мен сүйектеу өнерінің даму эволюциясы туралы сөз еткенде ең алдымен тас дәуірі  тілге  оралады. Мәселен, орта тас дәуірі – мезолит кезеңінің ең басты өнертабысы – садақ. Шынына келгенде ол адам баласына жоғарғы палеолитте ақ мәлім болған. Бірақ оның кең таралуы жеке аң аулауға көшуге байланысты  туындады. Қазақстан аумағында қола дәуірі қоныстарының көп екені мәлім. Оларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, сол дәуір тайпаларының қолөнер кәсіпшілігінде сүйек бұйымдардың болғандығын және тұрмыста сүйектен  жасалған  заттар да қолданылғанын анықтайды. Ерте темір дәуірінде де сүйек бұйымдары  өз жемісін тапты. 
Сол себептен сүйектің этнографиялық болмысы, атап айтқанда сүйектің қолөнердегі, әдет ғұрып, салт дәстүр мен наным сенімдер жүйесіндегі орны және ұлттық ойындар жүйесіндегі қызметтері мен өзіндік мәдени бітімдері жалпы сүйек туралы түсініктің өзі, ғасырлар бойы қалыптасқан жүйе. Бұлай  бітісе даралануы табиғат пен халық (этнос) арасындағы заңдылық. Сүйектің этнографиялық мәнінен біз халқымыздың бай ой дүниетанымын, білгірлігі мен ілімін, ой-санасын, сондай-ақ мұның  астарында халық шеберлігінің жатқандығын аңғарамыз.

   Соның  айқын  дәлелі кейбір сүйек бұйымдары  осы уақытқа дейін өзінің архаикалық ерекше нанымдық мәнін жоғалтпай келеді. Ата-бабадан келіп жеткен наным-сенімдер жүйесінде мал мен жануарлардың жекеленген сүйек бөліктері қорғау, желеп-жебеу күштеріне ие саналады. Нанымдық ғұрыпта жан-жануарлардың бас сүйегі, мүйізі, тырнағы, тұяғы, сирағы, жауырыны, қары жілігі, мойын омыртқасы кең  қолданылды. Олардың кейбірі бойтұмар ретінде де тағылды. Сондай-ақ  өзге  түрік  тектес  халықтар  секілді қазақтар да  мал сүйектерінің кейбіреулерін  киелі санап,  оларды бал ашу үшін  де қолданған. Мәселен жауырын сүйегіне  қарап болжам жасаумен бірге, асықты да ойын үшін емес болжам жасау үшін пайдаланған деген деректер  де бар. 

   Жауырынға қатысты наным сенімдерді  тізбелей  Сарыарқа қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары туралы жазған М.Ибраевтың ғылыми зерттеуіне сүйенсек, төрт түлік мал өсіріп, көшіп қонып жүрген халқымыз малдың он екі мүшесінің ішінде әсіресе жауырынды ерекше қадір тұтқан. Тілімізде күш иесін «жауырыны жерге тимеген» деген балама атау бар. Қастасқан дұшпан өз бақталасының күш қайратын қайтару үшін жауырын тұсындағы жұқа шеміршектің басын кесіп алу секілді оғаш әдеттер де көп замандар бойы сақталып келген деседі.

      Ертеде жауырынға қарап  бал ашқан. Көптеген түркі, моңғол жұрттарында ұшырасатын жауға қарсы әрекет жасау қаруы  болып саналған жауырынды от жалынына қақтағанда пайда болған сызат, жолақтарына қарап бал ашу («жауырын жағу»), «жауырын қарау» болжам жасау сияқты қызметтерді атқару арнайы білімді қажет етеді. «Әзірет Сұлтан»  мұражай қорындағы  археологиялық Ескі Түркістан  қазбасынан табылған  қой  жауырыны сол жауырыншылық  өнерді  еске  түсірері  анық.  ХҮІІІ-ХІХғғ тән. Жауырынмалдың қол  жілігіндегі тоқпан  жілігінің  жоғарғы  жағына  орналасады.  Жалпақ  үш бұрыш  пішінді  болып  келетін сүйектің  өлшемі бойынша  биіктіг 13 см , ені 10 см  тең . Бет  жағына  араб  әріптерімен қара  сиямен  жазу  жазылған. Жазудың  бас  жағы өше  бастаған. Жауырынның  етек жағының  орта тұсына  жақын жері сынып,  қайта  желімделген, әбден ұзақ  сақталғандықтан сарғайған.  2000ж. Ескі Түркістан қаласының  қорғанының  қоқыс  қалдықтарын  тастайтын  шұңқыр «бадырабтан» табылған. Бет  жағына  араб әріптерімен   қара  сиямен жазу жазылған. Кейбір  деректерден   құрандағы  қасиетті сүрелердің бірі «фатиха»  сүресінің  түйе жілігіне жазылғандығы  білеміз.  Алайда,  бұл жауырындағы жазу «отқа  қатысты»  екенін  Қожа  Ахмет  Ясауи атындағы Қазақ түрік  университенің  теолог  маманы  Күтлу  Солмез де,  Ираннан келген оралман Шарафутдин  қария да  айтып, Шарафутдин қария жазу парсыша жазылғандығын  яғни  «чариқул», «чариқул», «чариқул»  деп 3  рет , «саадат  рижал»  деп  жазылып мағынасы  «отқа  күймейді»  дегенді білдіретіндігін  айтты.  

   Бізді тағы қызықтырғаны  халқымыздың таным-түсінігінде кешегі  кеңес  дәуіріне  дейінгі  кезде жауырынмен  бал  ашу,  «жауырыншы»  деген сөз жиі айтылып,  қазірде ұмытыла  бастаған  тұста жәдігердің  қолға  іліккені  болды.  Кей бір  көне  көз  қариялар болмаса  қазіргі қоғамның көпшілігі, бірлі жарым фильмдер мен  тарихи  кітаптардан оқып көріп  танысқандарымен  толық білмейтініміз  анық.Жалпы, жауырыншылық  туралы  «тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаяттың  «Жауырынның сакральды қызметiнiң тарихи - этномәдени семантикасы»  атты  зерттеуінде  толық  қамтылғандығын  айта  кеткеніміз  жөн. Қазақтар жауырыншы  деп — жауырын сүйегіне қарап болашақтыболжай  алатын  адамды  атаған. Жауырыншы - жануарлардың таза жауырынының  / қой, бұғы, аңдар /  жалпақ бетіне түскен сызықтар мен кескін бейнелерге қарап, болжам айтатын ерекше  қасиет иесі болып  табылған. Сондай ақ, жауырыншылық -тұқым қуалайтын және  сирек кездесетін құпия қасиет иесі болумен  қатары,  тілі жоқ мылқауға тіл бітіріп, сөйлеткенмен бірдей құпиялы өнер саласы болып  табылған. Қазақ еліндегі бұл құпия өнерді әр өңір  халқы  өздерінің ұғымына, танымына қарай пайдаланып  келген.  Бұл жөніндегі деректер батырлар жыры мен ертегілерде жиі кездеседі. Оған адамның тісі  тимеген қойдың жауырыны пайдаланылады. Сондай ақ, кез  келген қой  жауырыны  емес  құрбандыққа  шалынған қойдың жауырын  етін  сылып тастап  кептіріп пайдаланған. Оны отқа салып қарап отырып, соғыс, жорық нәтижесін болжайды. Содан кейін аталмыш мақсатта жауға қарсы айла жасап отырған қазақтардың дәстүрлі  идеологиялық  таным-түсінігінде  маңызды  орын  алған.  Жыл  арытып  Әз  Наурыз  жеткенде көктемнің  күні  қалай  құбылытындығы,  егіншілікке  қолайлы-қолайсыздығы,  малдың  күйекке қашан түсіруге болатындығына дейін жауырыншылар  болаған. Халқымыз  жауырыншылық  өнерді  пір  тұтқан, жаңа  туған  баланы әу  баста жауырынмен  ауыздандырып, жастығының  астына  тығып  қойса, ол өсе келе  жауырыншы  болады  деп  сенген. Ондай жауырынды  жыл  сайын  майлап  отырған және  сандықта  сақтаған. Сондай ақ  көне көз  қариялардың  айтулары  бойынша, құрбан  айтта  құрбандыққа  аталып  сойылған  малдың  жауырынын  жаңа  туылған  балаға  берсе,  өскен  соң  ол  бала жауырыншы,  немесе  беделді  азамат  болып өседі деп ырымдаған  екен.Жауырынмен бал  ашудың өзіндік қыры-сырын  жеткілікті  к ей жерде жауырынды үш бөлікке бөліп болжаған. Жауырынның ортасын бөлетін қыр бөлігін баланың жолы,  қырдың астынғы жалпақтау жағын кісінің тағдыры, ал жауырынның түбін (негізгі шүйдесі) үй тағдырын болжайды деп жауырыншы болжамын өзінше тұжырым жасаған. Жауырыншы өзінің алғаш дүниеге келген ұрпағына ең алғаш жауырынды сорғызып барып, анасын емуге рұқсат еткен. Бала бір мүшелге толғанша жауырынды құпия түрде ешкімге көрсетпей сақтаған. Бала мүшел  жасқа толғанда ғана оған  жауырынды бергенде, бала жауырынға бірден қарап болжап сөйлейді деп  сенген. Ертеде хандар, батырлар, сұлтандар мен билер жауырыншыны өздерінің ақылшысы, кеңесшісі және болжампазы ретінде  жанында ұстаған. Жауырыншы адам тағдырын, ел бірлігін, жаудан қорғануын, жеңіс пен жеңілістің шекарасын, ырыс пен берекенің, бақыт пен бақытсыздықтың, ұрлық пен зұлымдықтың белгілерін және ауа райының жылдағы төрт мезгілдік өзгерісінен  де  тиісінше мәлімет беріп отырған.  Қазіргі уақытта жауырыншылар сирек кездеседі, оның сырын білу өте қиын деп  есептеледі.Халық емшілігінің тарихи жетістіктерін көптен зерттеп жүрген, медицина ғылымдарының кандидаты, ғалым Бекен Тұрсын : «Халық емінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Қазақтың халық емінің де тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық мұрасы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі де, болашағы да болмас еді. Қазіргі меди-цинаның негізі мен ірге тасын қалағанда сол халық емі,яғни халықтық медицина екенін кім жоққа шығара алар» - дейді [7, 41 б.]. Бұндай ғылыми тұжырымдама да өмір шындығынан алынғандығын аңғартады. Бәлкім мына жауырын иесі де  адамның психологиялық толқуларынан ойдан-ой туғызатын, ойлау жүйесіне белгісіз өзгеріс беретін таза жауырын-шылықты  меңгерген  өнерімен талайды  таң қалдырған  тылсым  күшті  серік  еткен болар.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

Әшiркүл ЕГЕУБАЕВА, 

 «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық мұражайының қызметкері.

Түркістан қаласы.