Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдени мекемелер

Бөріжар

Басты бет - Мәдени мұра - Мәдени мекемелер - Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы ұлы ақынның 95 жылдық мерекесі қарсаңында Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылдың 1 сәуіріндегі қаулысы негізінде ұйымдастырылып, қазан айының 16 күні ашылды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей болып табылады.

Алғашқы жылдары мұражай ақын Семейге келгенде түсіп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлерінде орналасқан болатын. 1967 жылдан бастап музей экспозициясы көпес Р.Ершовтың үйіне қоныс аударды. 1990 жылы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ ССР Министерлер Кеңесінің қаулысымен музей Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта құрылды. Оның құрамына қалалық кешен және Абай, Үржар аудандарындағы мұражай бөлімдері енді. Қалалық кешен құрамына: бас мұражай, Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесі, әкімшілік кеңсе үйі кіреді. Бас мұражай экспозициясы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған 16 залдан тұрады. Бұл залдарда ақынның жеке заттары, құнды көне кітаптар мен құжаттар келушілер назарына ұсынылған.

1997 жылы Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражайы ашылды. Мұражай экспозициясы М.Әуезовтің Семейдегі өмірі мен қызметіне және Алашорда қозғаласының қайраткерлеріне арналған.

Қорық-мұражайдың құрамындағы бөлімдер: Абай ауданында Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражай-үйі, «Шәкәрімнің Саят қорасы» экспозициясы, «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені, 6400 гектар қорық аумағы, Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының мұражайы, Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі және Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлының мұражайы.

Жидебай - Құнанбай әулетінің ата қонысы. Абай өмірінің соңғы 10 жылы осы жерде өтті. Ақынның көптеген шығармалары, өлеңдері, қара сөздері, Лермонтов пен Крыловтан аудармалары осы Жидебайда туып, жазылды. Абай мұражай-үйі экспозициясы ақын өмірінің Жидебай кезеңін қамтиды.

Қорық құрамына кіретін тарихи орындар: Абайдың мұражай-үйі, «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені, Еркежан зираты, Зере-Ұлжан-Құдайберді зират қорғаны, Кеңгірбай мазары, Құнанбай құдығы, Оспан көлі, «Шәкәрімнің Саят қорасы» экспозициясы, Шәукенбай-Ғабитқан зират қорғаны.

Бүгінде Жидебай әдеби Меккеге айналған, тағзым етер қасиетті орын.

Бөрілі - Әуез әулетінің ата қонысы, қыстауы. Мұхтардың балалық, жастық шағы осы жерде өтті. Мұражай-үй экспозициясы жазушы, ғалымның өмірі мен шығармашылық әлемін қамтиды.

Бөрілі маңындағы тарихи орындар: М.Әуезовтің ата-анасы Нұржамал-Омархан кесенесі, дүниеге келген жері - Аяққараған, Абайдың әйелдері Ділдә мен Әйгерімнің, тұңғыш ұлы Ақылбайдың зираттары.

Жидебайдан 30-40 шақырымдағы Тақыр деген жерде Абайдың досы және шәкірті Көкбай Жанатайұлының мешіт-медресе мұражайы бар, ақын мавзолейі де сол құрамда. Үржар ауданындағы, Мақаншы ауылында Абайдың ақын шәкірттерінің бірі, ақын, әнші, сазгер Әсет Найманбайұлының мұражайы жұмыс істейді. Қорық-мұражайда тақырыптық экскурсиялар, лекциялар, әдеби кештер, ғылыми конференциялар және өзге де шаралар өткізіліп тұрады.

Қазіргі таңда Абайдың қорық-мұражайы қорында 20376 жәдігер және 13418 кітаптан тұратын ғылыми кітапхана бар.

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы – Халықаралық Музейлер Одағының (ICOM) мүшесі, Ресейдің ірі әдеби музейлерімен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді.