Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Материалдық емес мұра

Рабия Сұлтан Бегім кесенесі   (XV ғасыр)

Басты бет - Мәдени мұра - Материалдық емес мұра - Қазақ фольклорының Франкфурттағы тойы

Қазақ фольклорының Франкфурттағы тойы

Жұма, 28 қараша 2014Алтын күздің тамаша күндерінде, яғни қазан айының алғашқы онкүндігінде Германияның Майндағы Франкфурт қаласында жыл сайын халықаралық кітап көрмесі өтеді. 

 

Бес жүз жылдан аса тарихы бар, игі дәстүрге айналған биылғы көрме-жәрмеңке «Frankfurter Buchmesse-2014» деп аталып, оған әлемнің 100 шақты елінен мыңдаған баспагерлер, жазушылар мен иллюстраторлар, аудармашылар мен редакторлар, басқа да құрметті қонақтар келді. Оның ішінде елімізден «Алматыкітап», «Мектеп», «Қазақ университеті», «Халықаралық баспа жобасы» және «Фолиант» баспаларының өкілдері қатысып, қазақ мәдениетінен хабар беретін жүздеген құндылықтардың көрмеде тұруына атсалысты. Жәрмеңке барысында үш жарым мыңдай іс-шара ұйымдастырылды десек, еліміз үшін соның ең бір елеулісі – 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағының Германия төрінде өткен, іс жүзінде әлемдік тұсаукесері. Осы орайда 100 томдықты шығарған «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан ИСАБЕКОВТІ әңгімеге тартқан болатынбыз.

 

– Нұрлан Сәрсенбіұлы, сіздер көрме-жәрмеңкеде биыл 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағының тұсаукесерін өткіздіңіздер. Оны Франкфурт қаласында ұйымдастыру идеясы қалай пайда болды? Сондай-ақ, түрлі елдерден келген қонақтарға қазақ тілінде жарық көрген «Бабалар сөзін» қалай таныстырдыңыздар?

 

– Біздің баспа көрме-жәр­меңкеге бес-алты жылдан бері қатысып келеді. Әр жылы өзі­міз жеке стенд дайындаймыз. Стенд­ке шетелдіктер қызығуы мүм­кін деген кітаптарды қоюға тырысамыз. Бұл жылы онда басқа кітаптармен бірге «Бабалар сөзі» де тұрды. Оған қоса жинақтың тұсаукесерін жасадық. Жинақты академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының қызметкерлері дайын­дағанын білесіздер. 100 томды шығаруға он жылдай уақыт кетті. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 2004 жылы басталған жұмысқа былтыр желтоқсанның соңында нүкте қойылған. Он жыл деп айтуға оңай. Бұл үлкен, аса ауқымды жұмысты бастаудың өзі оңай болған жоқ. Ең әуелі тендерге қатыстық. Одан соң кітаптың мұқабасын, көлемін, түр-түсін анықтау керек болды. «Баур» компаниясы дайындаған дизайн үлгісі негізге алынды. Бүкіл 100 томдықты бір форматта, бір түсте, бір үлгіде шығару қыруар еңбекті қажет етеді. Жұмыс еш кедергісіз жүрді деп айта алмаймыз. Бірде қаржы мәселесі, бірде қағаз, бояу дегендей әртүрлі проблемалар туындап отырды. Тіпті жобаның жетекшісімен келісе алмаған кездер де болды. Кейін келісе отырып, кеңесе отырып, жинақтың мәтінін дайындауға институт, ал кітаптың сапасына баспа жауап беретін болып шешімге келгенбіз. Жұртшылықтың айтуынша, бұл жүз томдық қай жағынан алсақ та ойдағыдай болып шыққан тәрізді. Сосын алдымен Астанада, кейіннен Алматыда, сондай-ақ, облыстарда да осы жинақтың тұсаукесерлері ұйымдастырылып, «Бабалар сөзінің» республикалық көлемде насихатталуына барымызды салдық. Одан соң елге бел­гі­лі қаламгер ағалар жинақты әлем­дік ауқымда насихаттау қа­жет деген ой-пікірлерін ортаға салып, Франкфуртта өтетін көр­ме-жәрмеңкеде тұсаукесер ұйым­дастыру туралы шешімге келгенбіз.

 

Фольклор барлық елде бар. Көптеген ел оны жинап, жария­лап, зерделеуде. Алайда, дәл біз­дегідей ұлттық байлықты 100 томға топтап, жүйелеп, текс­то­­логиялық жұмыс жүргізіп, ака­демиялық басылым ретінде жарыққа шығарған ел әлемде әзірше жоқ. Осы тұрғыдан келгенде «Бабалар сөзін» халықаралық деңгейдегі үлкен көрме-жәрмең­кеде таныстыру туралы ой-пікір негізсіз емес еді. Бұл орайда жыл ба­сында Астанада өткен тұсау­кесерде Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл Үкіметке депутаттық сауал жіберіп, «Бабалар сөзін» халықаралық деңгейде таныстыру, насихаттау қажеттігін айт­қан еді. Кейін Үкімет арнайы ше­шім қабылдаған болатын. Тұсау­ке­сер жоғары деңгейде өтті деп айта аламыз. Оның қаржы­лық шығынын біздің баспа көтерді. Салтанатты шараға әлемнің көп­теген елдерінің жазушылары, ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері және Франкфурт кі­тап жәрмеңкесінің басқа да қонақ­тары қатысты. Оның ішінде қазақ фольклорын зерттеп жүрген шетел­­­дік ғалымдар да болды. Та­ныс­тыру жағына келсек, ағыл­шын тілінде бір кітап дайындап, онда 100 томдыққа енген туын­дылардың мазмұны баян етіл­ді. Эпостар мен дастандардан ағылшын тілінде үзінділер беріл­ді. Негізгі баяндаманы осы жинақтың басы-қасында жүріп, үлкен еңбек сіңірген академик Сейіт Қасқабасов ағамыз жасады. Әрбір баяндаманың синхронды аудармасы жасалды.

 

– Шара барысында қазақтың 100 томдық «Бабалар сөзіне» қызыққан, оны өзге тілдерге аудару туралы пікір айтқан адамдар болды ма?

 

– «Бабалар сөзі» – батырлар жыры мен тарихи жырларды, ғашықтық дастандар мен діни дас­тандарды, ертегілер мен мақал-мәтелдерді, тағы да басқа халық шығармаларын қамтитын аса құнды топтама. Мұнда бұрынғы ата-бабаларымыздан жеткен, бірақ кеңес кезінде жарияланбаған көптеген дүниелер бар. Мәселен, магиялық фольклор, діни наным-сенімдерге негізделген тыйымдар, түс көру мен жорулар секіл­ді зерттеуді қажет ететін нәр­селер алғаш рет жарық көрді. Әлгінде оны басып шығаруға он жыл­дан аса уақытымыз кеткенін айт­тық. Ал оны бөгде тілге ау­дару қиынның қиыны. Бұл көр­кем әдебиет емес, фольклор. Фольк­лорға он есе көп жұмыс істеледі, өйт­кені ол – мәдени, рухани ес­керт­кіш. Әр мәтінге жан-жақты түсініктемелер берілді. Жалпы, «Бабалар сөзіне» шетелдік қонақ­тардың көбі қызықты. Қызы­ғып қана қойған жоқ, кітаптарды қо­лы­на алып, ағылшын және орыс тіл­дерінде жазылған резю­мені оқып, шығармалардың мазмұны­мен­ танысты. Жинақтың ғылы­ми, мәдени маңызы жоғары, ха­лық­тың өз мұрасына деген көз­қарасын көрсетеді, тіпті саяси тұрғыдан да мәнді деген пікірлер айтылып жатты. Түркия мен Әзер­байжанның, Өзбекстанның ғалым­дары мен жазушылары өте жоғары баға берді. Ал неміс ғалымы Томас Вурвилл жинақты орасан зор рухани жетістік деп атап көрсетті.

 

– Жалпы, осы көрме-жәр­мең­кенің шығармашылық және экономикалық тұрғыдан бас­паларға қандай нақты пайдасы бар?

 

– Біз жәрмеңкеге тек қана өз өнімдерімізді көрсетуге бармаймыз. Жыл сайын түрлі келісім-шарттарға қол қойып қайтамыз. Биыл да қазақстандық нарықта сұранысқа ие кітаптарды аударып басуға құқық алдық. Оның ішінде ғылыми әдебиет те, көркем әдебиет те, балалар әдебиеті де бар. Сол кітаптарды қазақ, орыс тіл­дерінде шығаруға келісім-шарт­тарға қол қойып келдік. Сон­дай-ақ, біздің жобаларға қызық­қан өзге ұлттар ішінде ағылшын­дарды, француздарды, албандар мен мысырлықтарды ерекше атап өтуге болады. Олар біздің көр­кем әдебиеттерді өз тілдерінде шығар­ғысы келіп, ұсыныстар айтты.

 

Бір байқағаным, жыл сайын өтетін осы жәрмеңкеде тілдік кедергілер көптеген келісім-шарт­тарға қолбайлау болып, қазақ, орыс тілінен тікелей өзге тіл­дер­ге аударатын мамандардың тап­шылығы көрініп жүр. Сосын жәр­меңке барысындағы тағы бір негізгі жұмысымыз – өз еліміз­ді таныстыру. Осы жолы да Қазақ­стан­ның картасын ағылшын тілін­де шығарып алып бардық. Жәр­меңкеде ағылған адамдар, сұрақтар да көп. Қазақ елі туралы естіп-білгендер көп болғанымен, түптеп келгенде қайта таныстыру керек болады.

 

Әрқайсысы бірнеше қабат ғимараттардан тұратын үлкен кешенде өткен көрмеде мақсатты жеріңе жаяу жету мүмкін емес. Автобустар жеткізіп салып тұрды. Осылайша көптеген елдердің стендтерін тамашалауға да, бірқатар іс-шараларға қатысуға да мүмкіндік алдық.

 

– Көрме-жәрмеңкеге «Баба­лар сөзінен» басқа қандай өнімдер ұсындыңыздар?

– «Фолианттың» прайс-қаға­зында бір жарым мың кітаптың атауы тұр. Жәрмеңкеге оның бәрін апарып қойғаннан түк те пай­­да жоқ. Шетелдік оқырманға қызық болатындай дүниелерді ғана таңдап алдық. Олардың әр­қайсысына синопсис дайындаймыз. Яғни, қысқаша мазмұны мен кейіпкерлерін ағылшын тілінде таныстырамыз. Жәрмеңкеге апарылатын кітаптардың иллюстрациясына да көңіл бөлінеді. Бұл тұрғыда өте көп жұмыс істеледі деу­ге болады. Мысалы, біз жуыр­да ғана қазақ тілінде жарық көр­­ген «Корей ертегілерінің» тұ­сау­кесерін жасаған болатынбыз. Сол кітаптарға және қазақ ер­те­гілеріне көрме-жәрмеңкеде Қы­тай­дың Ұлттар баспасының өкіл­дері қатты қызықты. Ертегі­лер­ді алдымен төте жазуға көші­ріп басу­ға, сосын ханзу тіліне аударып басуға бізбен келісімшарт жасасты.

 

– «Бабалар сөзіне» қайта оралсақ. Жинақ қандай таралыммен жарық көрді? Еліміздің кітапханаларына түгелдей жетті ме? «Бабалар сөзі» қолына түс­пеген жекелеген кітапқұмар, қалталы адамдар тарапынан қайта басып шығару туралы ұсыныстар түсті ме?

 

– «Бабалар сөзі» орта есеппен екі мың тиражбен басылды. Кейбір томдары үш мың тиражбен басылған да кездер болды. Еліміздің кітапханаларын түгелге жуық қамтыды деп айтуға болады. Өз басым бір ауылдың кітапханасынан «Бабалар сөзінің» 100 томын түгел көрдім. Әрине, бұл ауыл кітапханаларына түгел жетті деген сөз емес. Мүмкін біраз томдары жетіп, біразы жетпеген жағдайлар да бар шығар. Сондай-ақ, кейбір ауылдарға бір томы да бармаған болуы мүмкін. Бірақ үлкен қалалар мен облыс орталықтары, аудандар түгелге жуық қамтылды. Ал енді қайта басып шығару туралы ұсыныстар да болды, оны уақыт көрсете жатар…

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

14.11.2014