Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Материалдық емес мұра

Бөріжар

Басты бет - Мәдени мұра - Материалдық емес мұра - Құнды жәдiгерiмiз кесеқаптар жайлы

Құнды жәдiгерiмiз кесеқаптар жайлы

Бейсенбі, 29 қыркүйек 2016Қазақтың қолданбалы өнері өзіндік ерекшелігімен әзелден мен мұндалайды. 

Қамту кеңдігімен де көзге ұратын аяққап, қоржынның жасалу түрлері өз алдына бөлек әңгіме, зергерлік бұйымдар мен ағаш бұйымдары сияқты сан алуан түрлері де күнделікті қолданыс құралына айналған. Негізінен  қазақ қолданбалы өнерінің қажетті материалдары - металл, керамика, ағаш, қыш, шыны, асыл тастар, сүйек, былғары, т.б. болып табылады десек техникалық әрлеу әдістері ғасырлардан мирас болып келе жатқан көркем оймыш, шекіме, көркем жазба, кесте, құйма, сияқтылар. Сонымен қатар, лажылау әдісі де кең қолданысқа ие болған. Қазақ халқында кілем, алаша тоқу, ағаш өңдеу өнері де жақсы дамығаны соншалық әр ұстаның өзіндік көркемдік мектептері қалыптасқан. Кезінде Дәркембай Шоқпаровтың бүгінгі Абай Рысбаев т.б. ұста, зергер, ісмерлердің өнері осының айқын куәсі. Мұның түп төркінін іздер болсақ қазақ халқының тікелей күн көріс көзі мал шаруашылығында жатқандығымен байланыстыра қарасақ әсте қателеспейміз.

Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайың, үйеңкі, ағаштарын ойып жасаса, дүниеліктер, тоқушылар шыбық өруде талды пайдаланады. Ағаштан бедерлі, әшекейлі суреттер, оюлар жасау, яғни ағаштан «түйме түю» де халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерлерінің бірі.  Үйдің сәндік жиһаздарына тіпті киіз үйдің ағаш бұйымдарының бәрі дерлік талапқа сай көркемделген десек артық айтқандық емес. Ағашқа ойылар оюдың көркемдік мәнері үйге көрік берерліктей нәзік нақышталған басқа да бұйымдардағы ою-өрнекпен түрі-түсі жағынан ұқсаса астаса тіпті толықтырып тұруымен де әсем, сәнді келеді.

Отау үйдің кереге-уығы да, шаңырағы, босаға-табалдырығы да, ішкі жиһаздары, бау-шуы да, кебеже-сандығы, төсек-ағашы, асадал, адалбақандары да асқан ұқыптылықпен жасалатын болған.

Әрбір заттың ерекшелігіне қарай, оны қорғап сақтаудың да тәсілін қарастырған қазекем көшке жүк артқан кезде кеселердің сынып қалмауы үшін кесеқаптар, аяққаптар  әзірлеген. Оларды және түрлі қалыпта даярлаған. Әсіресе цилиндр түрінде, қақпақты етіп жасай отырып көбінесе терімен қаптаған. Іші матамен астарланған ағаштан да жасалатын болған. Кесеқаптар гүл-өсімдік түріндегі ою-өрнекпен және қаңылтыр әшекейлермен безендірілген. Қазақ шеберлері өз хал-қадерінше кесеқапты әр өңірдің өзіндік қолтаңбасымен әртүрлі етіп жасап отыратын болған. Бір жерлерде ағаштан ойып жасаса, енді бірі матадан, теріден де жасаған. Тұтас қайың кесіндісінен ағаш қақпақпен жабылатын шағын шынықап, аяқ қаптар да жасалды. Ертеректе бұлар көшіп-қону кезінде ыдыс-аяқтың сынбауын қамтамасыз ететін болған. Шынықап, аяқ қаптардың ою-өрнек жүргізілген түрлері де жиі ұшырасады.

Кесеқап– кесе салатын қалта. Дәстүрлі қазақ қоғамында көбінесе көшіп-қонуға лайықталып басқұрдан, былғарыдан жасалған. Бір ерекшелігі кесеқаптар аяққап, қолдорба сияқты төрт бұрышты етіп жасалмайды. Ол ұзындау келген тоқылған жалпақ басқұрға кесе сиятындай етіп, қалта тігеді де, әр қалтаға кесе салып, сынбайтындай етіп орауға лайықталып жасалады. Оны «қалташық» - деп те атайды. Қалташықтар кейде жалпақ басқұрдың орта шеніне тігіледі де, екі жиегін айқастырып орауға бейімделіп жасалады. Кесеқаптың сыртынан байлайтын өрнекті бауы болады. Олар мүмкіндігінше шашақталып, түйінделіп, түрлі-түсті жүннен иірілген жіппен әдіптеле жасалады. Көшкенде кеселерді жинап алып жүруге, қонғанда кереге басына іліп қоюға өте қолайлы болуын қарастырады. Кейін жетілдіріле келе кесеқаптарды былғарыдан да жасайтын болған.

«Әзірет Сұлтан» мемлекетттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорында 234 нөмірлі ағаштан жасалған және 2418 нөмірлі жүннен тоқылған кесеқаптар сақтаулы. Міне осындай ағаштан әсем етіп жасалған кесеқап та оюлармен көмкеріліп жасалған. Кесеқапта «түйетабан» оюы «қошқармүйізбен» ұштастырылған. Бұл түйенің басқан ізін долбарлайтын күрделі ою-өрнек. Ол кейде «қарта», «қарға», «қызылайыр» ою-өрнегіне ұқсайды. Ал қатар тұрған S тәрізді екі сызық қатарласқанымен әсте қосылмайды, түйенің табанына ұқсас екі жарты сопақша дөңгеленіп келетін ою. Ал "Мүйіз"— қазақ оюының ең көне мәнері. Ою-өрнектің бұл элементі мүйізді меңзеуден шыққан. "Мүйіз"ою-өрнегі кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында көп қолданады. «Қошқармүйіз» оюын тұрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, ожау, жүкаяқ, торсық, сандық, кесеқап т.б.), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай, садак), киім-кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) жалпы бұл элементтің қолданбайтын жері жоқ десе де болады. Мүйіз сондай-ақ құт-берекенің молшылықтың символы болып саналады. Сонымен қатар, кесе қапта «су өрнегі» де орын тапқан. Ал жүннен тоқылған кесеқап қоржын сияқты жасалған, айналдыра шашақтар орнатқан. Бұл кесеқаптың жоғарғы бөлігінде «тұмарша» оюы тоқылып бедерленген.

Мұның бәрі қазақта ежелден ыдыс аяққа өте ұқыптылықпен қарағандығын көрсетеді. Ыдыстың таза әрі ұқыпты болуы әйел адамдарының ісіне деген тиянақтылықтылығының белгісі. «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» сондай-ақ, «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді», «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз», «Ыдыс аяқ сыңғырламай тұрмайды» деген сөз тіркестерін де жиі қолданған. Көшіп қонып жүргенде ыдыстарын сынып не майысып қалмас үшін кәдеге асар аяққаптар, кесеқаптар, теңдер, дорбалар, шайқалталар өте шебер жасалынған. Қазірге таңда әрбір үйде қоржын кездескенімен аяққап, кесеқаптар жоқ десек те болады. Бұл атап өткен аяққап пен кесеқаптардың орынын ыдыс аяқ салуға арналған арнайы шкафтар мен жиһаздар алмастырғандығынан деуге келер. Бұл да заман ағымына ілескендіктен болар бәлкім.

Ыдыс-аяқ сақтау үшін ағаштан жасалатын бұйымның бірі — а с а д а л (шкаф) Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Қолда бар деректерге қарағанда, асадалдың дәстүрлі бірнеше түрі болған. Оның ең көнесі қазіргі тумбочка тәрізденіп енінен биіктігі артық болып жасалса, екінші түрінің ені мен биіктігі шамалас келеді. Үшінші түрінің биіктігі кебежедей ғана болады Ал, ені биіктігінен 1,5—2 есеге жуық артық, ұзынша болып жасалады. Енді төртінші түрі қазіргі буфет тәрізденіп жасалатын асадалдар.

Жалпы қазақ ою-өрнек мәселелерін зерделеуде ұрпақ тәрбиесінде, сондай­ақ олардың ұлттық көз қарасын қалыптастырып, ұлттық өнерге баулуымыз қажет. Қасиетті қазақ халқының, қолөнер туындыларының тарихы тым тереңде. Осы кілем мен текеметке түр салу арқылы қазақ жерінің кең байтақтығын паш етеді. Мәселен,  кең жерімізді, онда жайылып жүрген отар отар малды, көктеген даланы бейнелейді. Кілім тоқу тек қазақ халқында ғана дамыған дүние емес. Кілем тоқу мал шаруашылығымен айналысатын халықтардың барлығы тоқиды. Алайда, әр халықтың өзіндік кілем тоқу мәнері бар. Мысалы қазақ жерінің өзінде әр өңірі әр алуан туындылар тоқып шығарады. Мысалы, оңтүстік өңірлерде көбіне түкті кілем тоқылады, сонымен қатар, ою, жер су, зооморфтық өрнектер, гүлдермен қатар Ахмет Ясауи кесенесіндегі ою өрнектерді жергілікті халық кілем тоқуда көп пайдаланса, Қызылорда мен Маңғыстау өңірлерінде қазақша оюлар көптеп орын алады. Ал Шығыс Қазақстан өңірінде кілемді кестелеу дамыған. Солтүстікте тақыр кілемдер басымдау тоқылған.

Қазіргі уақытта халқымыздың өркендеп өскен мәдениетіне лайықты кейбір ою элементтері өзінің бастапқы мәнін жойып, жаңаша мағынада дүниеге келіп отыр. Бұл ою өнерінің өзіндік құнын жойғаны емес, керісінше жаңа бағыт алып жаңаша өріс алғанын көрсетеді. Қазақы оюланған кілемдерімізді мұражайға келуші туристерге ұлттық мақтаныш, ұлттық мұра ретінде ұсына аламыз. Ұлттық қолөнерімізді жас ұрпақ ұмытпауы және оны дамыта түсуі үшін, мұражай қорларындағы осындай көне туындыларымызды мектеп пен мұражай арасында шығармашылық байланыс орнату арқылы үйретіп, насихаттау қолға алынып отыр.

 

Динара Арынова,

«Әзірет Сұлтан»

қорық-мұражайының

ғылыми қызметкері,

Түркістан қаласы.