Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Материалдық емес мұра

Жуан Төбе   (XIX ғасыр)

Басты бет - Мәдени мұра - Материалдық емес мұра - Қазақ қолөнерінің бұйымдары

Қазақ қолөнерінің бұйымдары

Сейсенбі, 04 қазан 2016 Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің түп төркіні тым ертеден бастау алып, дәстүрге айналып бүгінгі күнге жетуі, қазақ халқының халық болып қалыптасуының заттық айғағы  болып табылады. 

  Қазақ қолөнерінің туындауына, дамуына тұрмыстық қажеттілік тікелей ықпал етті. Сондықтан да бейнелеу өнерінің өзге салаларына қарағанда ұлттық қолөнер жақсы дамыған. Алғашқы кезде қолөнеріне үй кәсібі, қажеттілік негіз болса, келе-келе қолөнершілер қолөнер өнімдерін өз тұрмысының қажетін қамтудан, бірте-бірте малға, затқа айырбастап, оны кәсіп түріне айналдырды. Тапсырыс жасаушылар қолөнер бұйымдарының ақысына мал немесе басқадай заттар беріп айырбастап отырды. Ұлттық қолөнер қоғамдық өндіріспен қатар дамыды.      Қолөнердің дамуына байланысты қолөнер өнімдері молайды. Қолөнер бұйымдары тапсырыс бойынша өндірілді. Базар сұранысы да ескеріліп отырды. Бұл кезде халық шеберлері ішінен небір керемет ісмер оюшы-сызушылар, тігіншілер, кестешілер, сырмақшылар, тоқымашылар, зергерлер, етікшілер, ершілер, өрімшілер шықты. Сөйтіп, халқымыздың ұлттық қолөнерін қалыптастырды.  

Қазақтың күнделікті тұрмыста қолданатын заттарының барлығы көшпелі және жартылай көшпелі өміріне лайықталып жасалған. Көшпенді тіршілікте тіккенге де, жыққанға да өте жеңіл де, қолайлы киіз үйінен бастап ішкі жасау-жиһаздары да жүннен тоқылған, мақта-матадан кестеленген бұйымдар болып келеді.

Сондай қолөнер туындыларының ішіндегі өте нәзікте ерекше бір түрі кесте тоқу өнері. Кесте өнерінің түп төркіні –тігіс, тоқыма, өрме өнерімен тамырлас. Мәселен, жөрмеу тігістерінің түрленуінен «баспа кесте», «қабырға кесте», «ашамай кесте» түрлері туындаған. Қазақ әйелдерінің ертеден бүгінгі күнге дейін қолданып келе жатқан кесте түрлері: «баспа кесте», «қабырға кесте», «ашамай кесте», «біз кесте», «шекпе кесте», «тығыз кесте», «маржандау», «түкті кесте», «бұзау тіс», «тышқан із», «оюлау», «жапсырма кесте» түрлері.

Адамдардың эстетикалық талғамының артуы, замана ықпалы кестелеу өнерінің сан алуан түрін туындатып, халқымыздың заттық және рухани өмірін әрлей түсті. Небір керемет кесте үлгілері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, толықтырылып, жаңғыртылып отырды. Кесте өрнегін кез-келген адам сыза бермейді. Оны арнаулы ел ішінде «сызушы» деп аталатын ою-өрнекшілер сызады, өйткені кестеленетін заттар түкті төсек сырмақ, кежім, тұскиіз сияқты көлемді және көрнекті жасаулар болуы мүмкін, оны нақышына келтіріп сызу қажет.

Қазақ кестешілігін түсіну үшін алдымен қазақ ою-өрнегін білу қажет. Ою және өрнек үлгілеріне халқымыз тотемдік сенімдеріне байланысты аспан шырақтарын, табиғат құбылыстарын, мифтік тұрғыдағы «киелі» деп білген жан-жануар, аң құстардың бейнелерін, табиғаттың көз тоймас көркем суреттерін, ру тайпалардың таңба - белгілерін сан алуан жіптермен түрлеп аса бағалы кестелі қазыналар шоғырын қолдан шығарған. Халық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың  ою-өрнекпен безендірілмегені өте аз кездеседі.  (2)

Қазақ халқында кесте тігумен тек қана әйелдер айналысқан. Қазақ қыздарына аналары ыждағаттылық пен төзімді талап ететін бұл қолөнер түрін бала кезінен үйретеді. Кесте өнерінің қыз баланың табанды, сабырлы мінез-құлқын қалыптастыруға тигізетін пайдасы көп. Бойжеткен қыздар өзіне арналған жасаудың кестеленетін түрлерінің бәрін өздері тіккен.  (3)

Кесте тұрмыстық-сәндік бұйымдар мен қатар киімдерге де салынған. Кестемен киізден жасалған көлемді тұскиіздермен қатар мақта-мата мен жібектен жасалатын сейсеп, шымылдық, орамал, сүлгі, асжаулық, сандық қап, кесе қап, шәй қалта, төсек жапқыш сияқты бұйымдар кестеленген. Сондай-ақ, киімнің жағасы мен жеңін, өңірі мен етегін, белдемшені, тақияны, сәукелені бешпет пен жарғақ шалбарларды т.б. киім-кешектерді кестеледі.

Кесте туралы Ә.Марғұланның: «Казахское народное прикладное искусство» кітабының 2-томында Қазақтың ұлттық киімдерін әсемдеуде кестелеп тігу өнері маңызды орын алатындығын атап өткен. (4)

Мұражайға келген қонақтар әсіресе шетелдік қонақтар сол елдің ертеден келе жатқан заттай және рухани мәдениетімен танысу үшін кіретіні белгілі. Бұл ретте «Әзірет Сұлтан» қорық  мұражайының қорында қонақтарға көрсетер көненің көзі құнды жәдігерлеріміз жетерлік. Соның ішінде тек мақта матадан жасалған жәдігерлердің өзі  150 данадан жоғары болса, оның ішінде кестелеп жасалған үй жасауларымен қатар кестелі көйлек өңірі, кестелі тақия, қазіргі кезде ұмытыла бастаған балтырауыш сияқты киім үлгілерін қосқанда тек кестелі бұйымардың өзі 45 дана.

Соның бірі-Тұскиіз. Тұс киіз-кестелі бұымдардың ішіндегі ең көрнектісі болып табылатын, үйге сән беретін негізгі әшекейлік  жасау болуымен бірге үй иелерінің ауқаттылығы мен дәрежесін білдірген. Ол қыз жасауына кіріп, кейде қыздың өзі тігетіндіктен  

оның шеберлігін, ісмерлігін көрсететін болған. Тұс киіз жасайтын қазақ шеберлерінің кесте тігу мәнері де жалпы Орта Азия шеберлері қолданатын тамбур тігісі болғанмен өзіндік ерекшелікке бай. Қазақ қолөнерінің ерекшелігі-оның өзіндік өрнегінде. Тұс киіздің арнайы басылған әрі тығыз, әрі жұқа киізден таңдалып жасалатын және матадан  тігіліп, өрнектеліп жасалатын түрі болады. Қазақстанның әр өңірінде жасалған тұс киіздің өзіндік ерекшелігі болады. Солтүстік Қазақстанда тұс киізді матадан өрнектеп тігу дәстүрі сақталса, батыс Қазақстан қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан тұс киіздерде тек батыс өңіріне ғана тән өрнекпен кестеленіп жасалған. Көкшетау облысында тұс киіздің жасалуы ерекше. Оны шұғадан ойылған ою киізге әр түрлі жіппен кестеленіп жапсырылып, кейбір оюлар зерлеп тігіледі. Оңтүстік өңірінде тұскиіз көбінесе өрнектеліп тігілген. Бұл облыстардағы тұс киіздің орта шені «П» тектес  зер салынған жіңішке матамен тең екіге бөлінген. Осы екі бөліктің оюы да екі түрлі. «П»-ның ішкі бөлігіне тұс киіздің негізгі оюы орналасқан. Мүмкіндігі барлар тұс киіздің айналасына аң терісінен, көбіне құндыздан жиек жүргізеді, құндыз болмаса да бұлғын терілерінен жасалған жиек жиі ұшырасқан. Ал оңтүстік Қазақстанда тері орнына кестеленген қара мақпал қолданған. Оқалап, зерлеп тігу әдісімен тек киім-кешекті ғана сәндесе, кейде бұл әдісті қымбат деген тұс киізге де пайдаланған.

Қазақ арасында жылқы терісінен көн илеп немесе сатып алатын қалың былғарыдан бедерлі ою-өрнек жүргізілген тұс киіздер жасайтын шеберлер де болған. Әрине, мұндай бұйымдарды, көбінесе ауқатты адамдар сонау  ХVIII-ХIХ ғасырларда жасатқан. Мұндай бұйымдарды жасау тәсілі қазіргі күнде ел арасынан мүлдем ізін жойған. Х.Арғынбаевтың Қазақ халқының қолөнері атты еңбегінде осы үлгідегі шамамен ХVIII ғасырда жасалған Жетісу өңіріне тән былғары тұс киіздің бір тамаша үлгісі Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сақталған деген дерек бар. (5)

Сондай тұс киіздің бірі мұражай қорында сақталған тұс киіз-ӘСММ КК № 2262/227, құрамы мата, кесте жіп, өлшемі 112х208. Тұс киіз  П-әрпі тәрізді болып келетін қарақаспен көмкеріліп, ортадағы ою мен қарақастың арасына ақ сұрып матадан сырылып су жүргізілген. Түрлі-түсті жіптермен кестеленген тұскиіз өрнектерінің  негізгі көрінісі «Жұлдызгүл» ою-өрнегі бейнеленіп, ақ пен қызыл түсті жіпті кезек түсіріп айналдыра шеңбер жүргізілген. Шеңберлердің ішкі бөлігіне «қошқар мүйіз» оюы қарама-қарсы түскен де, арасына су жүргізіліп ішкі бөлігі «бес жұлдыз» пішінді етіп бейнеленген. Жиектемеде оюлармен гүл тәрізді өрнектер кезектесіп түскен. П-әрпінің ішкі бөлігіне де тұскиіздің негізгі оюы орналасқан. Оюы өте нәзік, дәлме-дәл дөңгелек шеңбер пішінді болып келіп, сыртқы бөлігі төртбұрышты болып біткен. Тұс киіздің өн бойына «Қошқар мүйіз», «құс қанаты»,  «гүл» ою-өрнектері түрлендіріліп түскен. Тұс киіздің барлық өрнектері «тышқан із» кесте, «біз кесте» тоқу әдісімен тоқылған. Ал осы өрнектер ойып жапсырған ою емес, асқан дәлдікпен тығыз тігілген кесте.

Екінші тұскиіз ӘСММ КК № 2564/1075, құрамы мата, кесте жіп, өлшемі 210х117. Тұс киіздің жиектеріне «жұлдызша» гүлдерімен жапырақ пішінді өрнектер түсіп, ортасына негізгі өрнектері «күн сәулесі» ою-өрнегі тұскиіздің бетіне бірнеше рет қайталанып орналасқан. Ою-өрнектер түрлі-түсті жіптермен «таңдай кесте», «қабырға кесте» «айқас кесте» әдістерін пайдалана отырып кестеленген. «Күн сәулесі» ою-өрнектері көшпелілерде ежелден өмір сыйлайтын, жарық пен жылудың нышаны болып саналған. Сондықтан тұскиіз әдемі жасау-жиһаз ғана емес, үйдің құт-берекесін білдіретін, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырылатын киелі де асыл бұйымдардың бірі болып табылады. 

 - Балтырауыш ӘСММ  КК № 2720/1218 құрамы мата, кесте жіп, өлшемі  L-56 Балтырауыш ақ сұрып матадан тігіліп, бетіне түрлі-түсті жіптермен «гүл» өрнектері түсіріліп кестеленген. Бір шеті ұшына қарай ұшкірленіп шыққан, астыңғы беті гүлді шыт матамен қабатталып, айналдыра қара матамен жиектелген. Балтырауыш-қазіргі кезде ұмыт бола бастаған қазақ киімдерінің бір үлгісі. Ер адамдар аттың үстінде жүргенде ыңғайлы, шалбардың балағы көтеріліп кетпес үшін етік киерден бұрын балағын балтырауышпен орап барып киген киім.

- Cандық қап ӘСММ КК № 1825/204, құрамы-мата, кесте жіп, өлшемі: 95х39х32. Сандық қап-сандық көлеміне қарай арнайы өлшеніп матадан тігілген. Сандық қаптың оң бетіне үш бөлек «табақша» оюы орналасып, айналдыра жиектеме жүргізілген. Ортадағы оюлар тік желілі «сыңар мүйіз» «қолтықша» оюларымен,  жиектеме «шетою» ою-өрнегімен кестеленіп жасалған.

Сандық қап көшіп қону кезінде сандықтың қажалып, сырының тез көшіп кетпеуі үшін жасалған. Сонымен бірге үйдің әсем жасауының бірі ретінде қолданылған.

Кестелі бұйымдар- халқымыздың мәдени-тарихи өмірінде  елеулі орын алатын өзіне тән ерекшелктерін сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткен заттық тұрмыстық мәдениеттің бірден бір көрінісі. Көненің көзіндей болып біздің заманымызға жеткен  ұлттық қолөнер бұйымдарының уақыт өткен сайын табыла беруі қиынға түсетіні белгілі.

Сондықтан халқымыздың қолөнер мәдениетінің байлығын, этнографиялық қазыналарымыздың дәстүрлі қорларын жинап, атадан балаға жалғап, тарихта қалдыру бүгінгі ұрпақка парыз.

                                                                                    Нұржамал Әшірбекова,

«Әзірет Сұлтан» 

қорық-музейінің 

бас сақтаушысы.