Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Материалдық емес мұра

Айша-Бибі кесенесі   (XII - XIII ғасыр)

Үш iшектi домбыра

Сенбі, 22 қазан 2016ХХ ғасырдан орта тұсынан бастап қазақтың дәстүрлі музыкасы ғылыми тұрғыда кеңінен зерттеле бастады. Деректер жинақталып, әртүрлі еңбектерді жазу қолға алынды. Бұрын өмір сүрген өнерпаздардың өмірі мен мұралары зерттелді. Күйшілердің күйлері жинақталып, ол туындыларға талдаулар жасалды. Дегенмен, әуелде бұл зерттеулер негізінен, тек екі ішекті домбыра аясымен ғана шектелген еді. Олардың арасында өткен ғасырдың орта тұсына дейін еліміздің шығыс өңірінде кеңінен қолданылып, әншілері мен күйшілері шерткен, арнайы сол аспапқа шығарылған күйлері болған үш ішекті домбыра жайлы мәлімет көп кездесе бермейді. Үш ішекті домбыраның тарихы мен таралу аймағы туралы не деуге болады. Бұл орайда жүргізілген зерттеулер барысында жинақталған этнографиялық және тарихи мәліметтер аталмыш аспаптың қазақ жерінің барлық аймақтарында қолданылғанын алға тартады. Дегенмен ол бір аймақта кеңінен тараса, келесі бір өңірлерде біртін-біртін ұмыт болған. Ол туралы сол өлкелерді бұрын зерттеген этнограф- тарихшылардың мәліметтерінен ғана кездестіре ала- мыз.

 Үш ішекті домбыраға қатысты ең ертеректе ұшырасқан дерек қазіргі Батыс Қазақстан облысының жеріне тиесілі. Музыка аспаптарының әйгілі зерттеушісі Б. Сарыбаев өз еңбегінде бұл жөнінде мы- надай ақпарат береді: «Трехструнные домбры встречались и на территории современной Уральской области. В 1857 году этнограф Д. Исаев, побывавший у казахов Букеевской орды, упоминает о трехструнной домбре. Различные сведения о ней также собрали этнографы А. Евреинов, А. Харузин, П. Юдин» [1, 26]. Қазақ жерінің оңтүстік аймақтарында да үш ішекті домбыра қолданылған. 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы жүргізілген экспедициялық жұмыстар барысында шежіреші Сейітомар ақсақалмен сұхбаттасу кезінде ол кісі: «Қайыпназар деген адам «Тандырбап» атты күйді қырғыздың кішкентай домбырасы емес, үш ішекті қазақтың дом- бырасымен тартса жақсы болар еді деп айтқан екен» деген мәлімет берді [2]. Бұл деректі негізсіз деп айта алмаймыз. Өйткені Болат Сарыбаевтың еңбектерінде аталмыш күй атауының осы аймақта таралуы жайлы мәлімет кездеседі: «В 1930-годы в Бостандыкском и Жогарышыршыкском районе Чимкентской области еще были живы исполнители на шертере. Среди них особенно отличались виртуозной игрой Ашир и Заркум. Об этом сообщает писатель Рахматулла Раимкулов, который в юности слышал күй «Тандырбап», исполнявший на шертере» [1, 94]. Сондай-ақ күйші- зерттеуші Базаралы Мүптекеев (1967-2015) те бізге берген сұхбатында Жетісу күйшілік мектебінің өкілі Қожекенің баласы Рақыштың үш ішекті домбырамен күй шерткенін айтқан еді. Бүгінгі күнге тек жазба дерекпен ғана емес, нақты аспаптары мен күйлері сақталып, үш ішекті домбыра тартудың дәстүрлі аймағына айналып отырған өңірлердің бірі – қазіргі Шығыс Қазақстан облысы. Ол туралы кезінде Б. Сарыбаев та: «Үш ішекті көне домбыралар Семей облысының Абай, Шұбартау және Жаңа Семей аудандарында жиі кездеседі. Семей облысында үш ішекті домбыра тартудың тамаша шеберлері көп болған..» [3, 119], – деп жазған болатын. Осы аймақта үш ішекті домбыра тарту дәстүрі болғанына қатысты деректерді композитор Еркеғали Рахмадиев туралы мына материалдан да көреміз: «При очередной экспедиции в Восточный Казахстан, летом 1958 года, Еркегали Рахмадиевич уже целена- правленно стал искать трехструнную домбыру... В разговорах старики упоминали о трехструнной домбыре, но сама домбыра не находилась. И вот удача, в одном из горных селений Маркаколского района нашелся человек не только имеющий трехструнную домбыру, но и играющий на ней кюи. Причем он исполнял и несколько кюев Байжигита» [4, 101]. Қазақстанның Шығыс өңірінде үш ішекті домбыра күйшілерінің бірінің есімі Құлыншақ болған. А. Сейдімбектің дерегіне қарағанда, Құлыншақ Семейдің Шұбартау өңірінде өмір сүрген [5, 808]. Ел арасында үш ішекті домбыраны арнайы Абайдың өтінішімен Мұқа жасаған деген деректер де кездеседі. Абай Мұқаға «домбыраға үшінші ішекті тағып көрші, қалай бо- латынын көрейік» деп тапсырма берген көрінеді. Кейіннен Абай бұл аспапты мақұлдап, оның төңірегіндегілер үш ішекті домбыра тартуға көшіпті деген әңгіме бар. Бұл мәліметтен Абайдың ертеректе ел ішіне таралған, түрлі себептерге байланысты ұмыт бола бастаған үш ішекті домбыраны қайта жаңғыртуға өз үлесін қосқанын аңғаруға болады. Әйтпесе, қазақтың көне музыкалық аспаптарын зерттеуші, ғалым Болат Сарыбаевтың өз еңбегінде айтып өткеніндей, «бұл көнеден келе жатқан аспап түрі», түрк халықтарының ортақ мұрасы. Осы уақытқа дейін үш ішекті домбыра тартқан күйшілердің, негізінен, тек аты-жөндері ғана жеткен. Атап айтсақ: Ақылбай Абайұлы, Әлмағамбет Қапсәләмұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Исрайыл Ақылбайұлы, Шабдан Әлмағамбетов, Нұрғали Қадырбекұлы, Байтөлеу Нұрғалиұлы, Тайтөлеу Қадырбекұлы, Ысқақ Ермекбаев сынды өнерпаздар үш ішекті домбырада күй тартып, ән сүйемелдеп жүрген. Бірақ аты аталған күйшілердің өнері жайында мәлімет селдір. Дегенмен халық арасында аты шығып, үш ішекті домбыраны насихаттауға өз үлесін қосқан, әрі тартқан күйлері аудиожазбаларда сақталған үш күйші туралы ар- найы тоқталып кетуге болады. Мұсахан Әзілханов (1897-1978 жж.) – қазақ музыкатану ғылымына белгісіз болып келген күйші. Өнерпаздың өмірі мен шығармашылығы қиын кезеңге тап келген. Ол алдымен болыс болып билік айтқан, кейін саясаттың кесірінен шекара асып Қытай жеріне көшкен. Ол жақта мектеп мұғалімі болып, халықтың сауатын ашуға белсене қатысқан. Кейін туған елге оралып, өз елінде қызмет жасаған. Қайда жүрсе де қолындағы үш ішекті домбырасын тастамай, бүгінгі күнге байырғы күйлерді жеткізумен айналысқан. Күйшінің шерт- кен күйлері Семей қаласындағы Абай қорық-мұражайында аудиожазба түрінде сақталған. Шәкір Әбенов (1901-1994 жж.) – бүгінгі күнге дейін тек абыз ақын, әнші-композитор ретінде ғана белгілі болды. Сонымен бірге ол өз бойына ақындық, әншілік, күйшілік, аңшылық, ұсталықты сыйдыра білген бірегей тұлға. Бұл дәстүрлі қоғамдағы күйшілерге тән құбылыс. ХХ ғасырдағы нәубеттерді бастан өткеріп, ноқтаға басы сый- майтын көзқарасы, өткір тілді ақындығы үшін көптеген қиыншылықты көрген, Қазақстанның тәуелсіздік қиыншылықты көрген, Қазақстанның тәуелсіздік алған қуанышты сәтінде тұңғыш Елбасыға бата бер- ген қадірлі ақсақал. Өнерпаздың үш ішекті домбырада тартқан күйлері Семей қаласындағы Абай қорық- мұражайында таспаға түсіріліп, сақталып отыр. Жарқын Шәкәрім (1947 жылы туған) – қазіргі уақытта үш ішекті домбыраны насихаттап жүрген күйші, музыкатанушы. Ол үш ішекті домбыраға қатысты ел ішінен дерек жинап, ұмыт болған күйлерді қайта жаңғырту бойынша көп еңбек сіңірген. Табылған күйлерді тек зерттеп қана қоймай, сахнадан орындаушы. Өз жанынан ондаған күй шығарған. Барлық күйлері Қазақ радиосының Алтын қорында сақтаулы. Үш ішекті домбыра қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетінде өзіндік орны бар жәдігер. Ұлы Абайдың өзі қолданған аспап бүгінгі күні де тиісті дәрежесінде насихатталуы керек.

Рүстем Нұркенов,

ҚР Ұлттық музейі

 «Халық қазынасы»

 ҒЗИ ғылыми

қызметкер