Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Маңызды тұлғалар

Абат-Байтақ кесенесі   (XIV - XV ғасыр)

Аманбике ханым

Бейсенбі, 29 қыркүйек 2016«Қазақ хандығының қалыптасу, даму тарихын айшықтап, қазақ хандары, сұлтан, билерімен қатар, қазақ ханымдары мен арулары да қиын қыстау кезінде ер азаматтармен қатар қолдарына найза алып жауға қарсы аттанған.  Тарихта белгілі Томирис, Тұмар, Зарина патшайымдардан бастап, қасиетімен дала аңызына айналған Ұмай, Домалақ аналар, ел басқарған ерлердің әрі жұбайы, әрі анасы атанған Жаған бегім, Бопай ханым, Аманбике, Фатима Тоташ, Күнімжан ханымдардың тарихта алар орны ерекше. Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылатын аналарымыз, ханымдар мен ханшалар жетерлік. Бұл үлкен ғылыми зерттеулерді қажет ететін тың тақырыптар. Қазақ қоғамының даму үдерісіне мән берсек, нәзік жанды аруларымыздың ұлт тарихындағы елеулі болған оқиғаларға белсене араласып, ұрпақ тәрбиесімен қатар, ұлт тағдырындағы шешуші орнын анық байқауға болады. 

 

Қазақ халқы кез-келген отбасы ерте заманнан бері анаға, қызына аса ерекше мейіріммен, ілтипатпен қарады. Әр қазақ қызын жастайынан ат құлағында ойнаған шабандоз, бес қаруын асынып жауға қаймықпай баратын батыр, өжет жүректі болып өсуін қадағалаған. Ел тағдырындағы осы мәселе өте маңызды саналды. Ел мақтаны болған, тарихта ізі қалған асыл жандар өз отбасының ғана емес, күллі елінің тыныштығын қорғаған.

Сонау сақ заманындағы мемлекет тізгінін ұстаған Тұмар патшайым мен Зарина сұлудан бастап, оғыз-қыпшақ дəуіріндегі ел басқарған жеті ару (бұған мысал даңқты əйелдерге арналған кешендер Көк-Кесене, Бикен мұнара, Белең ана, Болған ана, Жұбан ана, Баршынның көк кешені) Алаша ханның ханымы – Ханбибі, Абылай ханның ержүрек қызы – Айтолқын, Бəсентиін Малайсары батырдың қызы, Қаракерей Қабанбайдың жары – Гауһар батыр, қос асылдың құдіретінен жаралған Назым қыз, Сүйіндік Олжабай батырдың анасы – Есенбике, Емельян Пугачев соғысына қатысып, «қыздың пірі», «сиқыршы», «киелі», «Көктемір», «ақ сағым» атанған Табын Сапар (Сапура) Мəтенқызы, ұлы күйші Құрманғазының жан-жүрегін толқытқан қыз Данай сынды қыран жүректі сұңқарлардың сапында 1838-1847 жылдардағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының жалынды ұйымдастырушысы, ұлы қолбасшы Кенесары Қасымұлының қайраткер қарындасы, дала көкжалы, «Алланың шын жаратқан тамашасы» Бопай ханымды айрықша атауға болады. [1. 91 б]

Аналарымызға деген құрметті қазақ халқының ру-тайпа жəне оның бөлімшелерінің атауларынан, тіпті ру-тайпалар ұрандарынан көруге болады. Енді осы пікірімізді төменде дəлелдеп көрсетелік. Енең (шын аты Бөкей) Домалақ ана, арғынның қаракесегінде Айбике Шаншар, Нұрбике-Шаншар және найман ішіндегі Мұрын, Қызай сияқтылар кездеседі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген сегіз әйел аналарымыз бар. Соның бірі де бірегейі Аманбике ханым туралы тоқталсақ.

Әңгімені əуелі Аманбике ханымның шыққан тегінен басталық. КП 37 номермен сақтаулы құлпытас қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның қызы Аманбике ханымға тиесілі. Түркі халықтарының рухани астанасы, қазақ халқының киелі ордасы Түркістандағы Ясауи бабамыздың кесенесіне жерленуінің астарында үлкен мән бар. Қазақ халқының рухани тұтастығының кепілі, ұлттық пантеон ретіндегі Ясауи кесенесінің маңызын Кеңес үкіметі тұсында әдейі төмендету, жою саясаты бүгінгі күні де жемісін беріп отыр. Ясауи бабамыздың киелі кесенесіне жерлеудің бірнеше себептері болуы мүмкін. Ең басты себебі дана бабаларымыз кейінгі ұрпақ Ясауи бабамыздың қазақ үшін қандай құрметті орынға ие екендігін түсінуі үшін жасаған. Қазыбек бидің, Шоң билердің сонау Арқадан осында әкеліп жерленуі бұған анық мысал бола алады. Екінші себебі әулиеден медет, шарапат тілеу Ислам дінінің айнымас қағидаларының бірі. Ясауи салған сара жол қазақтың ұстанған жолы екендігін көрсетеді.

Әз-Жәнібек хан (Жәнібек Әбусаид) (туған жылы белгісіз - 1480) — Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Ұрыс ханның шөбересі. ХҮ ғасырда өмір сүрген. Аманбикеден басқа Жәнібек ханның Қасым хан, Еренші, Таныш, Жаныш, Әдік, Жәдік, Сүйімбике Ханым сынды ұрпақтары бар. Анасының  есімі Жаған-бегім Ханым болған. [2. 373 б.]

Жәнібек ханның қыздарының жасаған істері жайлы нақты деректер кездестіре алмадық. Аманбике ханымның жерленген уақыты Қасым ханның Түркістанға уақытша билік еткен тұсымен сәйкес келеді. Шамасы осы кезде қайтыс болып, әулие кесенесіне келіп жерленген. Құлпытаста: А.Дербісалиевтің аудармасында «Бұл құлпытас Барақ ханның немересі, Жәнібек ханның қызы мейірімді, қасиетті  Аманбике ханымға қойылған. Қасиетті раджап айында хижра жыл санағы бойынша 925-ші жылы, 1518-дің шілдесінде дүние» деген жазулар жазылған. Аманбике ханымның есімі кесенеде жерленген тұлғалар тізіміне енгізілген. Б.М.Бабажанов пен А.К.Муминовтың аудармасында «По верхней и боковым плоскостям почерком сульс нанесены фрагменты из корана (П.17,256 и др). Перевод: «Эта усыпальница прощенной, помилованной … Мастура Иман бика Хоним дочери Джанибек-Хана сына Барак хана» дата на противоположном торце: 925 г.х. – 1519 -1520 г.г.»- деп жазылған. [3. 56 б.] 

М.Е.Массон 1930 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне архитектуралық тұрғыда алғаш зерттеу жүргізді. Сондай-ақ сол жерде жерленген қазақ хандарының қабірлері жайында зерттеп, нақты мәліметтер қалдырды. [4. 17 б] Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде, қазандық залында Аманбике ханымның құлпытасы тұрған (қазір Кіші Ақсарай бөлмесінде тұр). 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ел тұтастығын қорғаған билер, жер тұтастығын қорғаған батырлар, елдің игі-жақсылары ерлермен қатар жаумен алысқан батыр аналарымыздың жерленген ұлттық пантеонға айналып отыр. Мұнда жерленген тұлғаларымыздың әрқайсысын бүкіл ел болып есімін ардақтап құрметтеуге лайықты. Елі, жері үшін аянбай ерлік көрсеткені бүгінгі жас ұрпаққа үлгі өнеге болары сөзсіз.

Динара Арынова

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік

тарихи-мәдени қорық-музейінің

ғылыми қызметкері,

Түркістан қаласы.

                                           

      Пайдалынылған әдебиеттер:

  1. «Қазақ  хандығы  тұсындағы  ханымдар  мен  арулар»: халықаралық  ғылыми-тəжірибелік  конференция  материалдары  Астана: 2015. 91 б
  2. Қазақстан тарихы А. 2002 ж. ІІІ-том. 373 б.
  3. Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар. А. 2000 ж.  56 б.
  4. М.Е. Массон «Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясеви» Ташкент 1930 г 17 с