Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Маңызды тұлғалар

Сарайшық қаласы   (XIII - XVI ғасыр)

Басты бет - Мәдени мұра - Маңызды тұлғалар - АСЫЛ МҰРА – МӘҢГІ АМАНАТ

АСЫЛ МҰРА – МӘҢГІ АМАНАТ

Сәрсенбі, 24 тамыз 2016      Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1995 жылғы 1-ші шілдеде ақын мұражайына «Алатаудың Абай атындағы шыңында тұрып Ұлы Абайдың рухына тағзым етемін» деген қолтаңбасымен «Абай» энциклопедиясын сыйға тартқан екен. Арада бір айдан аса бере Елбасы Абай шаңырағына арнайы келіп, құрметті қонақтар кітабына «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!»-деген ізгі тілегін жазып қалдырыпты.

      Таяудағы, 2020 жылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі кәміл. Хакім Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа үкілей жеткізу мен өркениет төрінен паш етуде Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің алар орны ерекше. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары – Абай, Шәкәрім, М.Әуезов мұраларын 75 жылдан астам уақыт насихаттап келе жатқан танымал республикалық рухани орталық үшін әлемдік деңгейдегі біртуар дарын иелері қалдырған баға жетпес асыл мұра аса мәртебелі әрі мәңгі аманат.

       

Әуезовтің бастамасымен ашылған

        Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайы қазақтың кемеңгер жазушысы, ғұлама ғалым М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940-жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлары кеңесiнің 1-сәуiрдегі №347-қаулысы негізінде құрылған екен. Ұлы ақынның мұрасын жинастыру мен зерттеу жұмыстарына аталмыш қаулының соны серпін бергеніне атқарылған жұмыс нәтижесі куәлік етеді. Сол жылғы 16 қазанда ақын мұражайының тұңғышэкспозициясы Абай Семейге келгенде түсіп жүрген үйлердің бірі – Бекбай Байысовтың үйінде (бұрынғы Загородная көшесі, 83-үй, қазір сақталмаған) ашылады.

        Мұрағатта сақталған, «Абайдың 100 жылдық мерейтойының ұйымдастыру жоспары» деп көрсетілген іс-қағаздарына қарағанда алғашқы экспозицияжаңағы үйдің екінші қабатындағы үш бөлмеде ұйымдастырылып, өзге бөлмелерде кітапхана, қор бөлімі, канцелярия орналасқан (Мұражай мұрағаты № 31-іс, 252-бет). Біз сүйеніп отырған дерек көзінен (сонда, 147-150-беттер) бас ғылыми кеңесші Ә.Жиреншиннің жетекшілігімен жабдықталған экспозицияның тақырыптық жоспарын жасауға және жалпы музейді ұйымдастыруға сол кездегі аға ғылыми қызметкер Қ.Мұхамедханов пен облыстық музейдің ғылыми қызметкері Б.Аккерманның (кейін Абай музейіне ауысады) айтарлықтай үлес қосқанына қанығамыз. Мұражай экспозициясы бөлімдерінің біріншісі «Абай заманы» тақырыбын көтеріп, екіншісі «Ақын өмірі мен шығармашылығына» арналып, үшіншісінен Абайдың жұмыс бөлмесі көрініс тапқан екен.

        Тұңғыш экспозиция халыққа төрт жыл қызмет етіп, 1944 жылы мұражай сол тұста Комиссар көшесі, 132-үйде (қазіргі Бөгенбай батыр көшесі) орналасқан Әнияр Молдабаевтың үйіне көшіріледі. Ә.Молдабаев (1856-1934) – Абайдың замандасы, жерлесі әрі шәкірті. Бұл үйді оған Абайдың балаларымен бірлесе сатып әпергенінің және өзі қалаға келгенде осында түсіп жүргенінің бір айғағы – мұражай қорындағы Сапарғали Әниярұлының естелігі (КП-214, 2-бет). Мұнда мұражай 23 жылға жуық жұмыс жасап, 1967 жылы қазіргі мекен-жайға – ХІХ ғасырдағы көпес үйіне (Ленин көшесі,12) қоныс аударады.

       Мұражай тарихымен тығыз байланысты әрбір тұрақты экспозиция өзіндік шежіре беттері іспетті. Ол алғашқыда Оқу министрлігіне бағынысты болып, 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының қарамағына ауыстырылып, соның арқасында мұражайдың әдеби-зерттеу ісінің ғылыми негізделген жоспары жасалады. Сайып  келгенде, Абай мұражайының екінші экспозициясы Әнияр Молдабаев үйінің екінші қабатындағы бес бөлмеде орналасыпты.

       Біз тілге тиек етіп отырған кезеңде, яғни 1947-1951 жылдары мұражайды көрнекті абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов басқарады. Аталмыш экспозиция жоспарын Қ.Мұхамедханов  1949 жылы қаңтар айының басында Ғылым Академиясына жіберген мәліметте көрсеткен (№18-іс, 43-59-беттер). Ғылыми ортада  абайтанудың асқан білгірі ретінде лайықты бағасын алған ғалымның өмір жолы кемеңгер ақын сақтандырған «көк тұман заман» ызғарымен жанымызды түршіктіреді. Қоғамды тапқа бөлген тұрпайы социологизмнің құрбанына айналған алаш қайраткерінің талайы тағдыры ғалымның 100 жылдық мерейтойы жылы Абай мұражайына тапсырылған екі хатынан-ақ айқын аңғарылады (КП-7284, КП-7285).

        Соның бірі – Баян Рақымұлына жазған хатында Қайым аға күркедей ғана «АН-2» самолетінің ішін өзі қамалған лагер тозағының жанында «жұмақ сияқты көрінді» деп, жүректі бір шым еткізсе, Мұхтар Омарханұлының ата-анасы зиратының орнын анықтауға қатысты М.Әуезов атындағы совхоздың директоры Амантай Мұқатаевқа жазылған екінші хат та саясат сойқанының бұлтартпас айғағындай. «Бұдан 45 бұрын, 1943 жылы Мұхтар Әуезовпен Абай елінде болдық, - деп жазады автор... Бөріліде болғанымызда Мұхтар өзінің қыстауын, әке, шешесінің бейітін көрсетіп, естіп, білгендерімді, көргендерімді мүмкіншілігінше қағаз бетіне түсіріп отырған едім. Ол жазбаларымды өзімді тұтқынға алғанда, 1951-ші жылы, жазалау органы сыпырып алып кеткен... аман қалған бір бет қағазда Омарханның – Мұхтардың қоралары (қыстаулары), Мұхтардың әке-шешесінің, ағасы Қасымбектің зираты шартты түрде қағазға түсіріліп (сызылып) көрсетілген. Сол жазбаларымды, 1943 жылғы жазылған қалпын сақтап, көшіріп, сенің сұрауың бойынша жіберіп отырмын. Ағалық, достық көңілмен – Қайым Мұхаметханов».

     М.Әуезовтің жетекшілігімен Абайдың ақындық айналасын зерттеуге құлшына кіріскен ғалымды жазықсыздан жазықсыз темір торға қамап, іс жүзінде өлімге айдау – адамға, тұтас халыққа қарсы жасалған нағыз қылмыс еді.  Ұлы дала тарлан тарихы мен қайталанбас өнерін, айбынды да айшықты ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерін ел зердесінен зорлықпен өшіру кесапатын бастан кешті. Халық диктатураға қару алып, ашық қарсы шықпағанымен, қызыл империямен бітіспес күрес іс жүзінде ешқашан тоқтамады. Алаштың Қайым сияқты арыстан ұлдары ұрпақ бойына еркіндік пен теңдік, егемендік пен тәуелсіздік рухын ұдайы сіңірумен болды. Жаһандық әдебиеттің жауһары «Абай жолы» Ұлы даланың Ұлы ақынының өмірі мен мәңгілік өнерін паш етіп,  «өз қолынан ырқы кеткен» (Абай) халықтың көзін ашып, көкірегін оятты.

        Музейде аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, Абай мерейтойын өткізу комитетінің ғылыми хатшысы, 1947-1951 жылдар аралығында музей директоры лауазымын атқарған Қайым Мұхамедхановтың  қызметтік есебі (Мұражай мұрағаты №18 іс, 64-бет) ғалымның кандидаттық минимум тапсырғанына, «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізгеніне, Әрхам Ысқақовпен бірге Ұлы ақынның шежіресін аяқтағанына және 1949 жылы Абайдың ақындық мектебінің шығармаларын алғысөзімен, өмірбаяндарымен баспаға дайындағанына куәлік етеді.

      Абай 1967 жылғы 13 мамырда қаланың орталығында орналасқан көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілген болатын. Жөндеу және реэкспозициялық жұмыстар мұнда екі жылға созылып, мұражайдың үшінші экспозициясы 1969 жылы маусым айында ашылады,  енді ол 6 залда немесе 223,3 шаршы метр аумақта қанат жайды.Экспозиция көлемі кеңейгендіктен, ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа тақырыптарды ашып көрсетуге жақсы мүмкіндік туады. Төменде ұсынылып отырған мұрағат құжаттары соның тағы бір дәлеліндей. Айталық, 1-ші бөлім: «Абайдың балалық шағы. Заманы; Қазақ фольклоры, әдебиеті және Абай»; 2-ші бөлімнің тақырыптары: «Шығыстың классикалық әдебиеті және Абай»; Ежелгі Греция, Шығыс ойшылдары мен Абай»; «Абай және татар әдебиеті»; «Семей және Абайдың қоғамдық қызметі»; «Абай және орыс демократтары»; «Абай және қазақ ағартушылары»; 3-ші бөлімнің тақырыптары: «Абай және орыстың классикалық әдебиеті»; «Абай – қазақ әдебиетінің негізін қалаушы»; «Абай – композитор»; 4-ші бөлім: «Абайдың ақындық айналасы»; 5-ші бөлімнің тақырыптары: «М.Әуезов – абайтану ілімінің негізін қалаушы»; «М.Әуезов – «Абай жолы» романының авторы»; «Қазақ – совет әдебиеті және Абай»; «Абай бейнесі – бейнелеу өнерінде»; 6-шы бөлім: Вестибюль – Кіреберіс. «Абайға тағзым» (Мұражай мұрағаты №27-іс. «Текстовые отчеты музея» /1964-1981/, 40 бет.)

        Абай музейінің осы үшінші экспозициясы 1975 жылдың тамыз айына дейін көрермендерді қабылдады және 1975-1976 жылдарғы құрылыс жұмыстарынан кейін оның көлемі 278,1 шаршы метрге дейін кеңейіп, енді экспозиция 7 залды қамтиды. Мұражайдың негізгі тақырыптары, жаңа деректермен толығып, мәселен, «Абайдың ақын шәкірттері» тақырыбы С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Т.Көбдіков, Ә.Тәңірбергенов туралы табылған материалдармен мейлінше байытыла түскен. Көп ұзамай Абай мұражайының төртінші экспозициясы дүниеге келіп, ол келесі тақырыптарды қамтиды: 1-ші зал: «Абай заманы»; 2-ші зал: «Абай ауылы» деп жоспарланып, кейін бұл да «Абай – бейнелеу өнерінде» тақырыбына арналды; 3-ші зал: «Ақын шығармашылығының қайнар көздері»; 4-ші зал: «Абай шығармашылығы»; 5-ші зал: «Аудармалары. Абайдың ақын шәкірттері»; 6-шы зал: «Абайтану. Ақын ұрпақтары»; 7-ші зал: «Абай және қазіргі заман». Көркемдеу жұмыстарын Алматының бейнелеу өнері шаруашылық комбинатының суретшілері жасаған, бұл экспозиция 1978 жылғы 14-сәуірде ашылады және әр жылдық жоспар бойынша жаңа материалдар және жәдігерлермен толықтырылып, 1993 жылға дейін көрермендерді қабылдады.

Сонымен мұражайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражай ретінде қалыптасуының алғашқы кезеңі сәтті аяқталып, бұғанасы бекіген қалпы аяғын қаз басқан болатын.

Жидебай – Бөрілі: ұлылар мекені

 

Абай есімімен тығыз байланысты киелі орындардың бірі – Жидебай. Ұлы ақынның 100 жылдығына орай 1945 жылы ақынның осындағы қыстауы мұражай-үй болып ұйымдастырылады. Ал, 150 жылдық мерейтой қарсаңында мұражай-үйінің залдарында реэкспозициялық жұмыстар жүргізіледі, ол жаңа тақырыптармен толықтырылып, қазір республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Абайдың Жидебайдағы және М.Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйінде өткен 2015 жылы «Қазқайтажаңғыру» кәсіпорны күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асырды.

         Жидебай қорық-алқабы Семейден 178 шақырым жерде Абай ауданының аумағында орналасқан. Абай үшін өз өмiрiнiң соңғы 10 жылын өткiзген Жидебай кезеңi ақын шығармашылығының аса жемісті жылдары болды. Бұл он жыл iшiнде 75-76 өлеңi, Лермонтов пен Крыловтан 26 аудармасы, 27 қара сөзi және екi әнi дүниеге келген көрінеді.

Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 1840 жылы Жидебайға қоныстанып, кейін  Оспанның еншісіне қалдырылып, әкелері Ақшоқыға көшеді. Оспанның  қайтыс болғанынан екі жыл өткен соң, 1894 жылы бұл қыстау Абайдың үй-жайына айналыпты. Ақын өз жобасы бойынша қыстауды қайта салдырады. Ғимарат 5 бөлме мен 2 дәлiздi қамтиды: ас үй, қонақ бөлмесі, жұмыс кабинеті, алдыңғы бөлме, Еркежан бөлмесі. Бұл қыстауда кезінде Оспан мен Еркежан бауырына салған Ақылбай балалары: Әубәкір мен Пәкизат тұратын. Абай дүниеден өткен соң, қыстауға Әубәкір ие болып, оны 1925 жылға дейін мекендейді.

      Бөрілі – Әуез әулетінің атамекені. Мұнда Әуез ақсақал өзінің сұрауы бойынша және Абайдың рұқсатымен Шыңғыстаудағы Қызылшоқыдан көшіп  келіп қоныстанған. Абайдың әкесі – Құнанбайдың Әуездің күйеу баласы екені белгілі, оның  әйелі - Нұрғаным  Әуездің қарындасы. Осындай туыстық қарым-қатынасты  ұрпақтары да үзіп алмай жалғастырады. Абай мен Әуездің өзара жиі қатынасып тұрғаны белгілі. Қыстаулары да жақын, 3-3,5 шақырым аралығында орналасқан . Сол себепті Әуездің немересі – Мұхтар 1897 жылғы 28-қыркүйекте Аяққараған деген жерде дүниеге келгенде Абай жасы үлкен досының қуанышына ортақтасқан көрінеді.

          Аяққараған мен Бөрілі – қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты, абайтанудың негізін салушы, әлемге әйгілі  жазушы Мұхтар Әуезовтің атақонысы ретінде иісі қазаққа аса қастерлі мекендер. Үш жағынан жықпылды сай жоталарымен көмкерілген Бөрілі алқабы киіз үй тәрізді. Қара жырық,  Тасқұдық, Қара биіктің баурайлары, солтүстік  батысындағы шоқылар мен қалың қараған осы алқапты  жиектей көмкеріп жатыр. 

       Эпопеяда жазушы «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі...» деп өзінің атамекенін терең сүйіспеншілікпен суреттейді. Перзенттік жүректен туған осы бір жолдардан  күннің күркірегені мен жел уілі, боран мен қасқырдың ұлығаны, жас қозы, лақ, бота, құлынның дауыстары мен иттердің үргені естілгендей әсер аласыз. Бұл жердің әр сүйемі жазушының балалық шағының әсерлерін, іздерін  сақтауда.  Ол осында адамгершіліктің алғашқы сабақтарын алады, Абайдың  «қара сөздері» арқылы оның даналығына алғаш ойын өрістетеді. Жазушы Абай туыстары мен балалары – Турағұл, Мекаил, Ізкаил, Кәмилә мен Ақылбай балаларымен қатар өсті.

         Бөріліден  жас Мұхтар білім соңында Семейге келіп алдыңғы қатарлы  зиялы қауым  өкілдерімен танысады. Ол Ж.Аймауытовпен бірге  «Таң», «Сарыарқа», «Абай», «Қазақ тілі» газет-журналдарының ұйымдастырылуына атсалысты. Ал, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Б.Сәрсенов, Ш.Құдайбердиев, Т.Құнанбаев, Х.Досмұхаметов және басқа алаш қайраткерлерімен болашақ мемлекеттің жаңа мәдениеті, ғылымы, ағарту саласының қалыптасу жұмыстарына араласты. Қазақтың  тұңғыш драмасы – «Еңлік–Кебек» Бөріліде дүниеге келіп, қазақ театрының төлбасы болған туынды Ойқұдықта 1917 жылы маусым айында иіндестіріліп тігілген қос киіз үйде көрермен көзайымына айналған екен. 

         М.Әуезов туған жеріне соңғы рет өзінің 60 жылдық мерейтойы кезінде келеді.  Сол соңғы  сапарында жерлестерінің алдында  сөйлеген сөзінің  таспадағы жазбасы  мұражай қорында сақтаулы. Көп жылдан кейін  жерлестерімен қауышқан жазушының терең тебіреніс үстіндегі көңіл-күйін  осы үн толқынынан сезінуге болады. Мұражай-үйдің экспозициясы жазушының 90-жылдық мерейтойына  орай ашылып, 1987 жылдан бастап Абай  мұражайының бөлімі  болып келеді, оның іргесіндегі «Омархан – Нұржамал» кесенесі 1997 жылы  салынған.

         Тегінде, ұлы тұлғалар мұрасын сақтауда мерейтойлық  кезеңдердің зор рөл атқаратыны шындық. Абайдың 150 жылдық мерейтойы да музей өміріне айтулы өзгеріс ала келді: Қазақ ССР Министрлер кеңесінің 1990 жылғы 5 сәуірдегі №141-қаулысы негізінде ақын мұражайы Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық “Жидебай-Бөрiлi” қорық-мұражайы  болып қайта құрылады. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының бір саласы ретінде тұрақты экспозиция мен көрме жабдықтау және оларды одан әрі дамыта жетілдіру бағыты айқындалған еді.

         Қорық-мұражай құрамына енді Семейдегі қалалық кешен, Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражай-үйі, Жидебайдағы  Абайдың мұражай-үйі, 6400 гектар қорық аймағына кіретін 17 тарихи ескерткіш қосылады. Оның қатары кейінгі жылдары Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайы (1992), Семейдегі «Алаш арыстары–М.Әуезов» экспозициясы (1997), Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының мұражайы (1997), Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі (2003) мен Жидебайдағы Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясымен (2006) одан әрі толыға түсті.

Ақынның мерейтойы қарсаңында мұражай ұжымының алдында аса ауқымда жұмыстар тұрды, солардың бірі – жаңа экспозиция жасау міндеті еді. Бұған 1980 жылдардың аяғынан бастап бұрын қоғамнан жасырып келген тарихи деректердің көзі ашылып, құнды мәліметтермен танысу мүмкіндігі қолайлы жағдай туғызды. Осы жылдары Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесі және Алаш арыстары туралы деректер жинастырылып, бұрынғы тақырыптарды байыту мақсатындағы зерттеу жұмыстары одан әрі жүргізілді. Айталық, Мәскеу, Омбы, Қазан, Алматы, Ташкент, Бұқара, Жәркент және т.б. қалалардың мұрағаттарында зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми іс-сапарлар ұйымдастырылады.

Абайдың 150 жылдығы қарсаңындағы ауқымды құрылыс жұмыстарына байланысты ақын мұрасын насихаттауды тоқтатпау үшін 1993 жылы  мұражай құрамындағы Әнияр Молдабаев үйінің 5 бөлмесінде уақытша экспозиция ашылып, 1995 жылдың 10-шы тамызына дейін (жаңа экспозиция ашылғанша) жұмыс жасайды.

         Сол сияқты Абай шәкірттерінің бірі – Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында және туғанына 125 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесі 1990 жылы мұражай ашу туралы қаулы қабылдап, бұл міндетті ақын мұражайына жүктеді. Ғылыми қызметкерлер Әсет ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды жинастырып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мақаншы, Жарбұлақ ауылдарына Әсет ақынға байланысты деректер, жәдігерлер, тұрмыстық заттар жинастыру үшін ғылыми экспедициялар аттанды. Соның нәтижесінде, 1992 жылғы 24-сәуірде Мақаншыда Әсет Найманбайұлының мұражайы Абай қорық-мұражайының бір бөлімі ретінде өзінің алғашқы келушілерін қабылдады.

         Ал, 1995 жылы мұражайдың Семейдегі бұрынғы ескі үйінің жанынан жаңа күмбезді ғимараттың бой көтеруіне орай эспозициялық залдардың көлемі кеңейіп, жаңа экспозиция кіреберіс бөлімін қосқанда 18 залда қанат жайды. Қалалық  мұражай  аймағына 1993 жылы көшіріліп, қайта қалпына келтірілген, Абай білім алған Ахмет Риза мешіт-медресесінің екі бөлмесінде «Медресе тарихы», «Абай және Шығыс әлемі» экспозициялық залдары ашылады. Сол дәуірде басқа діни оқу орындарының  ең озығы болған білім ошағын Ахмет Риза деген имам ұйымдастырғаны және Абайдың 1855-1859 жылдар аралығында осы медреседе оқығаны мәлім. Ахмет Риза медресесіне ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында (1992-1993) қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнарасы тұрғызылады және Дулатов және Интернационал көшелерінің қиылысына, яғни ақын музейінің ауласына көшірілген екен.

           Сонымен музейдің қалалық кешені 1995 жылы ұйымдастырылып, жаңа экспозиция ашылғаннан бері ұлы ақынның мұрасын мейілінше кеңірек насихаттау мүмкіндігі туды. М.Әуезовтің ЮНЕСКО шеңберінде өткен 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1997 жылы Абай қорық-мұражайының бір бөлімі – Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – М.Әуезов» экспозициясы жұмыс жасай бастады. Кейін, жазушының 115 жылдығына орай, 1987-жылдан Абай мұражайының құрамына кірген, Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражай-үйінде реэкспозициялық жұмыстардың нәтижесінде «Әуез бөлмесі», «Сыйлықтар» бөлімдері жабдықталып, басқа бөлімдердің  тақырыптары толықтырылды.

 

Алда – 175 жылдық мерейтой

 

      Бүгінгі таңда музей  қорында барлығы 20 376 экспонат болса, оның 11623 - негізгі қорда. Солардың арасынан екшеп алар құндыларымыз – Абай Құнанбайұлына тікелей қатысты жәдігерлер: Абайдың бейнесі бар екі фотосурет. Атап айтқанда, 1896 жылы балалары Ақылбай және Турағұлмен, 1903 жылы отбасымен түскен фотосуреттер; ақынның көзі тірісінде П.Д.Лобановскийдің қарындашпен салған ақын портреті; Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған  хаты; 1885 жылы Н.И.Долгополов арқылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған заттар (жалпы саны -17); Сол сияқты Москва, Ленинград, Омбы, Том, Қазан қалаларының және Қазақстанның мұрағаттарынан табылған Абайдың өмірі, атқарған қызметі, туыстық және өнер айналасына қатысты мұрағат деректері; Абай оқыған медресенің араб, түрік, шағатай тілдеріндегі кітаптары (252 дана).

           Қазіргі таңда Абайдың бейнесі сақталып қалған жоғарыдағы екі фотосурет қана белгілі және ол екеуінің тарихта алар орны ерекше: 1896-жылы Ділдәдан туған тұңғыш ұлы Ақылбай және Әйгерімнен туған Турағұлмен түскен фотосурет музей қорына түскен алғашқы жәдігерлердің бірі. Семей қаласындағы Н.Кузнецов деген фотограф түсірген бұл фотосуретті Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Мұхтар Әуезовтен алып келген екен, өлшемі: 9х13 см. Екінші фотосурет 1903 жылы киіз үйдің ішінде түсірілген. Фотосуретте Абай, ұлдары Мағауия мен Турағұл, немерелері Пәкизат, Әубәкір, келіні Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі) және әйелі Еркежан бейнеленген. Бұл фотосурет те музей қорына Мұхтар Әуезов арқылы 1959 жылы алынған.  

        «Ертіс» газетінің 1963 жылғы 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған. Ғалым Абай мен Долгополов тапсырған заттарды арнайы өлкетану музейінің экспозициясынан және қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізген. Қ.Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың «...кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған». Осы ізденістің нәтижесінде келесі, 1964 жылы қыркүйек айында Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттардың 17-і ақынның өз музейіне беріліпті, соның бірі – ақынның құтысы қазір Ұлттық музейдің экспозициясына қойылған.  

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 2020-шы жылы 175 жыл толуына және биылғы, 2016-жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атап өтілуіне байланысты музей қызметі жандана түсті. Мәселен, 2016 жылдың 20 қаңтарынан бастап, соңғы жылдары бос тұрған Ахмет Риза мешітінің ғимаратында «Абай» өнер мектебі өз есігін ашты. «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ», - деп ұлы ақын жырлағандай, жастардың білімді, өнерлі болып өсуіне ықпал ету, олардың ақын шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыру арқылы «сегіз қырлы, бір сырлы» ұрпақ тәрбиелеу көзделеді. Мектепте ақындық өнер, мәнерлеп оқу, көркемсурет, тоғызқұмалақ пен дойбы және қолөнер үйірмелері жұмыс жасайды.

         Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап «Абай арманы – Ұлы дала елінің ұлық мерекесі», «Ұлы дала мұрасы», сондай-ақ жаңадан «Абайдың ән-күй мұрасы», «Абай мұрасы – өнер қанатында», «Ұлы дала елінің ұлы ақыны» экспозициялық көрмелері ұйымдастырылды. Қазір Абай  қорық-мұражайының ғылыми қызметкерлерінің алдында мұражай экспозицияларын жаңарту және қазіргі заманға сай жаңа технологиямен жабдықтау міндеті тұр. Ұжымның тыныс-тіршілігі «Абай мұражайының хабаршысы» журналы, «Асыл қазына» газеті, Абай қорық-музейінің сайты және ғылыми құрамның БАҚ-да жарияланған мақалалары  мен хабарламалары арқылы ашып көрсетіледі. Таяуда жарық көрген республикалық әдеби-танымдық «Абай» журналының 2-ші саны тұтастай Ұлы ақын жайындағы мұражай қорындағы естеліктерге арналды.

            Ұлы Абайдың туған күні – 23 тамыз қарасаңында Семейдегі Абай есімін еншілеген Абай шаңырақтары: Абай қоры, Абай театры, Абай кітапханасы мен Абай журналы және, әлбетте Абай мұражайы бұдан былай ұлы ақынның туған күнін бірлесе атап өтуді ұйғарды. Мәселен, бұл күні Абай кітапханасында «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» көрме экспозициясы, Абай театрында «Хакім Абай ұлағаты» кітап көрмесі, Абай мұражайында «Шыңғыстау» сурет галереясы ашылып, осы шаңырақтың күмбезді ғимараты алдындағы сахнада Абай театрының арнайы қойылымы көрсетіледі. Ең бастысы, бұл күні бала ақыннан – дана ақынға дейінгі өлеңсүйер қауым жырдан шашу шашады.

          Қорыта келгенде, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі Ұлы ақын мұрасын асыл аманат ретінде ардақ тұта отырып, Абайдың, Шәкәрімнің және М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер мен жәдігерлерді жинау мен сақтау, сондай-ақ халыққа насихаттау ісінде заманауи ғылым мен техника жетістіктерін пайдалану арқылы оны туризмнің «жібек жолындағы» рухани орталығына айналдыруды өздеріне абыройлы парыз санайды.

Р.S.Алатаудың қызыл граниттен тұратын 4010 метрлік Абай атындағы шыңы Кіші Алматы өзенінің оң жағалауында Іле Алатауы жотасынан менмұндалайды. Екінің бірінің қолы жетпес шың, тау шыңы. Ал, ұлы ақын Абайдың шығармашылық шыңына қол түгілі ойдың жетуі екіталай. Өлең сөздің патшасы–Абай Құнанбайұлының мұрасын меңгеру мен зерделеу жолында туған халқымыздың толысып, кемелдене түсері анық.

Болат Жүнісбекұлы,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

 

                                                                                                                                    тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

                                                                                                                                                     қорық-музейінің директоры.