Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Маңызды тұлғалар

Шірік Рабат   (IV - II BC)

Басты бет - Мәдени мұра - Маңызды тұлғалар - Шанышқылы Бердіқожа батыр

Шанышқылы Бердіқожа батыр

Сейсенбі, 28 сәуір 2015Кеше елордадағы Сәкен Сейфуллин мұражайында Абылай ханның бас батырларының бірі болған, қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етудегі шайқастарда ерен ерліктер көрсеткен Бердіқожа батырға арнап ғылыми-практикалық конференция өтті. 

 

Оған Астанадағы түрлі сала ғалымдары мен Парламент депутаттары қатысты. Конференцияны «Бердіқожа батыр» поэмасының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіп­бек Айтұлы ашып, арнайы баяндама жасады. Ақын ­поэманы жазғанда көптеген тарихи деректер мен халық арасында жүрген аңыздарға сүйеніп, көркем шығарма тудырғанын айтты. Сөйтіп, шаныш­қылы Бер­діқожа батырдың неге Шығыс өңірге барып қоныстанғаны туралы нақты деректер келтір­ді. Жазушы Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаді­лов, Ақсе­леу Сейдімбеков, Қойшы­ғара Сал­ғараұлы­ның шы­ғарма­ла­рын­­дағы Бердіқожа батыр туралы кездесетін дәйекті оқиғалар туралы таратып әңгімеледі. Жалпы, бүгінгі күнге дейін жинал­ған батыр туралы дерек-дәйектердің саны екі жүзге жуықтапты. Батырға қатысты тарихи деректер негізінен өз елімізбен қатар, көрші Ресей мен Қытай және Қырғыз мұрағаттарынан табылыпты. Осы кезде түрлі тілдегі мәліметтер қазақ тіліне ау­дарылып, төте жазумен қағаз бетіне түскен батыр жөнін­дегі жыр-аңыздар қазіргі қолда­ныстағы әліпбимен қайта көші­ріліпті. Бірқатар ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қас батырдың азаттық жолында көрсеткен ерліктерін жоғары бағалаған. Бұл жөнінде Бердіқожа батыр туралы ізденіп, індете зерттеп, оған қатысты шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болып жүрген техника ғылымдарының докторы, бірқатар отандық және халықаралық академиялардың академигі Бақтыбай Қасымбеков әңгімеледі. Ғылыми шарада батыр туралы фильм ұсынылып, онда атқарылған шаралар жөнінде баяндалды. Сондай-ақ, батырдың қатысқан жорықтары мен атамекенін және жерленген жерін көрсетті. Зиратын ғылыми тұрғыда қалай анықтап, зерттеу жұмыстары қандай бағыттарда жүргізілгені сөз болды. Акаде­миктің айтқандарына зер салсақ, осы кезге дейін Әлкей Мар­ғұлан атындағы археология инс­титуты Бердіқожа батыр кесенесіне археологиялық-этно­графиялық зерттеу жасаған. Оған қатысты ғылыми материалдардың библио­гра­фия­сы құрастырылған. Ресей ғылым академиясы­ның Этнология және антропология институты­ның М.Герасимов атындағы зерт­ханасының ғалым­дары батырға қатысты антрологиялық және генетикалық зерттеулер жүр­гізген. «Қазақстан тарихы» оқулығына есімі енгізіліп, «Бердіқожа батыр» атты кітап жарық көрген. Расын айтқанда, халқы­мыздың ешбір батыры бұған дейін дәл осылай тыңғылықты зерттелмепті. Бұлай деуіміздің себебі, Бердіқожа батырдың зираты бірнеше жер карталары арқылы анықталған. Тіпті, сол кездегі Ресейдің Орта Азия туралы әскери картасында да анық көрсетіліпті. Бұл мағлұматтармен қатар, зираттың ғарыштан түсірілген нұсқасы да көпшілікке ұсынылды. Жинақталған еңбектердің көптігі мен деректердің нақтылығына көңілі толған ғалымдар өз ризашылықтарын білдірді. Қазақтың әр батырына осындай зерттеу жұмыстарын жүргізу керек екенін айтқан академик Сейіт Қасқабасов әңгімені әріден қозғап, Бердіқожа батырды зерттеп жүрген ғалымдардың еңбегін лайықты бағалады. Конференцияға қатысқан қауым ендігіде Берді­қожа ба­тырдың басына жаңадан кесене тұрғызып, қалаларға ескерткіштерін қою ұрпақ парызы екенін ескеріп, осынау игі істі жүзеге асыруға бәтуаласты.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан

25.04.15