Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Маңызды тұлғалар

Бауыржан Момышұлының ескерткіші

Басты бет - Мәдени мұра - Маңызды тұлғалар - «Герольд Бельгер кім?»

«Герольд Бельгер кім?»

Жұма, 20 наурыз 2015Қазақстан Жазушылар одағында өткен аталмыш кітаптың тұсаукесерінде бұл сұрақтың нақты жауабы да берілді Герағаңның көзі тірісінде мұқа­басын көріп, оған енетін мақалалар мен сұхбаттарға дейін өз қолымен іріктеп үлгерген ақыр­ғы аманат кітабы осы екен. 

 

Жазушының сол аманатын діттеген жеріне жеткізіп, «Герольд Бельгер кім?» деген өз­геше сипатты, өресі биік жинақты жұртшылық қолына тигізіп, игілікті де ізгілікті істі ақырына дейін дәл неміс мұқияттылығымен ізерлеген қазақтарды алдымен атай кетейік. Әуелі оның жарық көруіне белгілі сәулетші, елжанды азамат Әбдісағит Тәтіғұлов демеушілік жасаған екен. Құрастырушылық және сарапшылық міндетті, сырқаты асқына түскен Герольд Карловичтің аманаттап айтуы бойынша, ежелден бергі әріптес те сыйлас досы, қаламгер Зәкір Асабаев өз мойнына алған кө­рінеді. Ал енді кітапты өзінің «Тоғанай Т» баспасында көрнекті де көрікті етіп шығарып, ертең марқұмның қырық күндік еске алу асы беріледі деген күні тұсаукесер рәсімі өткізілуін мүмкін еткен тағы бір атпал да ақжолтай азамат баспагер әрі жазушы Талғат Айтбайұлы болып шықты. Жинақ Герағаны аса құрмет тұтатын абзал інілерінің бірі Мұх­тар Құл-Мұхаммедтің алғысөз орнындағы ілтипатқа толы сырласу хатымен ашылып, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері Герольд Бельгер шығармашылығы жайындағы қазақ әдебиетшілерінің мақала-сұхбаттарымен өріліп өр­нектелген. 

 

Онда Дүкенбай Досжан, Шериаздан Елеукенов, Смағұл Елу­­бай, Темірхан Медетбек, Тұ­рыс­бек Сәукетай, Серік Ақ­сұң­қар­ұлы, Қали Сәрсенбай, Айгүл Ке­мелбаева, Нұрдәулет Ақыш, Бо­лат Шарахымбай және басқа қа­лам­герлер әріптесі туралы бүк­песіз ой толғап, оның қазақ қоғамындағы орнын, ақиқатшыл пайымын әдемі зерделейді. Бел ортасынан ойып Герағаның өз толғамдары да орын алыпты. Кітап бельгертануды бас­тап беріп, осы орайдағы өте-мөте құнды дүние болғандығын жұртқа алғашқы күндерден-ақ паш еткендей. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай осы жайларға баса назар аударды. Тұсаукесер лентасын қиған жа­­зушы Дулат Исабеков пен ардагер дипломат, Герағаңның ба­­ла күннен бергі досы Сәлім Құр­манғожин, сондай-ақ Зәкір Аса­баев, Қали Сәрсенбай, Нәзікен Алпамысқызы және басқа ақын-жа­зушылар естеліктер айтып, қа­зақ руханиятындағы тағдырлы тұл­ғаның бітім-болмысын, даралығын аша түсті. Шын мәнісінде де, 80 жыл өмір сүріп, 75 кітап шығарған адам бар ма бізде? Бельгер қазақ қоғамындағы көп мәселелер жайлы риясыз, өткір де ақиқат ойларын толғап өтті. Қазақтың ру­хани қазынасын мадақтады. Қырсыздығын сынады. Бірақ жаны ашып, жақсы көріп айтты. Қазақ мүддесін шырылдап қорғады. Біз Бельгерге, Бельгер бізге керек еді. Ол түсін қазақша көретін. Қайтарында да қазақ зиратында, қазақ достарымен қатар жатайын деп өсиет айтыпты. Қазақтың жан дүниесін дәл Бельгерше түсініп таныған адам сирек. Ендеше, осындай адамды қазақ демегенде, Бельгерді қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өкілі, қазақ рухының құнар-мәйегінде уызынан жарып толысқан толағай демегенде кім демекпіз. Тұсаукесер рәсімдегі пікір-пайымдар осыған сайды. Асыл ағаның зайыбы Раиса Закировна Хисматулина мен Мәскеуден жеткен қызы Ирина Герольдовна ер-азаматы мен әке аруағын қастерлеп құрметтеген бүкіл Қазақ еліне алғыс сезімін халқымыздың: «Рахмет!» деген ғажап сөзімен жеткізуді жөн көріпті. Гераға өзі қайтардан 8 күн бұрын қағаз бетіне соңғы сөздерін түсіріпті. Әзиз жанның ақырғы ой-пайымы қазағына арналыпты. Ол мынадай сөздер екен: «Жалпы, қазақтар мен дегенде соншалықты жомарт. Көп жылдардан бері мейір-жақсылығын аяған емес, көңілдерінің төріндемін. Бұл жағынан келгенде нағыз Құдайдың еркесімін, кітаптарымды да шығарып жатыр, көкке көтеріп мақтап та жатыр. Үлде мен бүлдеге орап тастағандай. Мен қазақтардың алдында қарыздармын». Соңғы ойы, соңғы өсиеті осылайша қазаққа арналған асыл Герағаның рухы бақида шат болсын деп тілейік біз де.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ

18.03.15