Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Маңызды тұлғалар

Жаркент мешіті   (XIX ғасыр)

Басты бет - Мәдени мұра - Маңызды тұлғалар - Айтыстың алтын діңгегі

Айтыстың алтын діңгегі

Сейсенбі, 28 сәуір 2015 Биыл «ХІХ ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі» атанған айтыс ақыны Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толады. 

 

Жасынан жыраулығымен елге танылған өршіл, өткір тілді ақын Алматы облысы. Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Өз заманының дауыл­паз, арынды ақыны, айтыстың хас шебері атанған Сүйінбай ақынның ерекшелігі – ешкімге жүлде бермеген, ешқашан есесін жібермеген. Оның поэ­зиясы терең пәлсапаға, ұтқыр ойға, соны поэтикалық өрнек-айшықтарға бай. ХХ ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаев пірі санаған ерен ақын қаншалықты зерттелуде, өлеңдерін жеткізуші кім, айтыстары қаншалықты қамтылған, т.б. сауалға Сүйінбай шығармаларын зерттеп жүрген ғалым, белгілі сыншы, Абай атындағы Ұлттық педагогика университеті жанындағы «Жамбылтану және халық ақындары» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Бекен ЫБЫРАЙЫМҒА жолығып, сұхбаттасқан едік. – Беке, биыл қазақтың әйгілі ақыны Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толады. Осыған орай ақын шығар­машылығы туралы ой өрбітсеңіз. – Қазіргі Алтай мен Атырау арасындағы байтақ жерді мекен еткен халқымыздың тарихындағы айрықша атап айтарлық, қайталанбас құбылыс – суырыпсалма ақын­­дардың шығармашылығы. Көп қыр­лы осынау өнеріміздің қадір-қасиеті, та­рихта қайталанбас маңызы әлі тиісті дең­гейде зерттеліп, айқындалған жоқ. Әрине, қыруар ізденістер бар екені белгілі. Алайда, тәуелсіздік алғанға дейін тарихи-әдеби мұра­ларымызды толық жариялау мен байып­тауға мүмкіндік шектелгені жалпыға аян. Кезінде жарық көрген шығармалар мен архивте сақталған қолжазбаларды салыс­тырғанда, қысқартулар, түзетулер, өңдеу­лерден өтпеген ақындар жоқтың қасы екеніне көз жеткізесіз. Айтыс­тың ақиығы Сүйін­бай Аронұлының туын­дыларының да жарық­қа шығуына заман салқыны тигені анық. Ал қазақ әдебиетінің тұтас контексі тұрғысынан қарағанда, айтқан сайын арқасы қозып, үдей беретін Сүйінбайдың арыны, қарсыласының есін жиғызбай еселене беретін екпіні, қазақ айтысының көркемдік тәжірибесін молайтуға қосқан зор үлесі айқын. Қазақтың авторлық ауызша әдебиетін бала кезінен естіп-біліп өскен Мұхтар Әуезовтің Сүйінбайды Жетісу ақындарының алтын діңгегі деп бағалауы – ақын жырларына, айтыстарына сүйсініп, байыбына барып айтылған баға. Жетісу өлкесі ақындарына кезінде Қабан жыраудың – Қабылиса Асанұлының шығармашылығы әсер еткенін Сүйінбай, Сарбас, Кенен, т.б. ақындардың сөзінен аңғарамыз. Ал Сүйінбайдан бастап, Жетісу ғана емес, жалпы Оңтүстік өлкесінде ақындық өнердің өзіндік жаңалықты, арынды ағысын байқауға болады. Уақыт өте келе, қазіргідей ақпарат құралдары жоқ кезінде де ақын даңқы қазақтың байтақ даласының көп жеріне жетіп жатқан. Солтүстік пен Батыс Қазақстан аралығындағы жер-жер­ден шығармаларының түрлі нұсқаларының табылуы, архивте сақталуы – соның бір дәлелі. Ақын есімі мен шығар­маларының бұлайша кең таралуы, әлбетте, ең алдымен айтыс, өлең-жырларының көркемдік қуаттылығына байланысты екені шәксіз. Соны терең сезінген жыр алыбы Жамбыл: «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай. Сырлы, сұлу сөздері Маған тартқан сыйындай! Сүйінбай деп сөйлесем, Сөз келеді бұрқырап Қара дауыл құйындай!..» деп аға ақын­нан алған тағылымын, көшелі көсемнен көрген тәрбиесін алға тартады. Алдыңғы өткен аға буын ақындарды бұлайша арқа тұта сөйлеу дағдысы, көрген өнегесін әлеует, тегеурін ретінде кәдеге тарту тә­жірибесі басқа ақындарда да бар. Айтулы жыр тұлпарларының екпіні елді сүйсіндіріп, жас ақындарды жігерлендірген, делебесін қоздырған, сөзінің селебесін оздырған. Бұл ретте Сүйінбай сияқты жалпыдан қара үзіп, андыздап алыс кеткен дүлдүл ақындар кейінгі буынның жас перілері үшін белгілі бір жинақталған көркемдік тәжірибе, эстетикалық меже, нысана, үйренерлік үлгі қызметін атқарған. Осы орайда ақындық мектеп, шеберлік үлгілері, тәсіл­дері, қоғамдық-әлеуметтік ортамен сабақ­тастығы, көркемдік дәстүр мен жаңашылдық мәселелері ғылымның бүгінгі биігінен байыптауды қажет етеді. Қазақтың төкпе ақындарының халық өмірінде атқарған орасан зор тарихи қызметі ғажап. Мұндай мол мұра әлем халықтарының ішінде қазақ пен қырғызда ғана бар. Әлем әдебиетінің ғажайып тарихи-көркемдік құбылысы ретінде зерттеу және дәлелдеу үшін қыруар жұмыс жүргізу қажет. Бұл орайда Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы – уақыт талабына үйлесер еді. Ауызша әдебиетіміздің аса көрнекті өкілі, айтулы дарындарының бірі Сүйін­бай Аронұлының бұл күнге жеткен шы­ғармалары көп емес. Алайда, сол аз болса да асыл мұраның өзінен-ақ айтулы ақынның адуын шабыттылығы, шешендігі, саналуан өмір құбылыстарының сырына бойлауы, сұңғылалығы, күрделі тарихи жағдайда күн кешкен замандастарының тағдыр-талайын біліп таразылауы, парасаты айқын көрінеді. Толғаулары, термелері, жыр-дастандары, айтыстарындағы көр­кемдік өрнектер ХІХ ғасырдағы қазақтың ойлау әлемінің сыр-сипатын танытады. С.Аронұлы өлеңдерінен өрлік пен ерліктің өшпес рухы еседі. Бұған «Сұран­­шы батыр», «Жабай батыр» секілді біздің зама­нымызға жұрнағы ғана жеткен дастандары, Саурық батыр туралы толғанысы, т.б. куә. «Бөрілі байрақ астында Бөгеліп көрген жан емен. Бөрідей жортып кеткенде, Бөлініп қалған жан емен», – деген секілді серпінді, асқақ рухты толғаныстар – ақындық ділінің айшықты айғағы. Тезек төреге, датқаларға үн қатқанда, ел қорғаған батыр­ларды алдымен айтқан ақын елдің берекесін келтіретін қуаттарды мұқият ескерген. Ақын шығармаларында дәстүрлі фольклор белгілерінің кездесуі – нәр алған дәстүрдің ықпалы әрі кейінгі жеткізуші ақындардың «еңбегі» болуы қисынды. Үстемелетіп, төгіп сөйлегенде аллитерация мен ассонанстардың жүйелі, сабақтаса құйылуы мен ырғақ, екпінінде қазақтың ғана емес, қырғыз фольклоры мен ауызша әдебиетінің де әсері қылаң береді. Сүйінбайдың, әсіресе даңқын шығарған – айтыстағы шеберлігі. Суырып салып самғап, тоқтамай, толассыз төпей беретін ақындар қазақ пен қырғыз елінде де аз болмағаны тарихтан аян. Алайда, Сүйінбай айтыстарында, әсіресе Қатағанмен, Арыс­танбекпен айтысында, бұған дейінгі қазақ, қырғыз айтысында некен-саяқ ұшырасуы мүмкін, бірақ қарсыласын жеңудің ең тиімді, ең шешуші тәсіліне үнемі айнала бермеген – уәжді баспалдақтатып, бас­тырмалатып, алдыңғы дәлелден кейінгі дәлелі асып түсіп, қарсыласын қашар жер, жасырынар қуыс қалдырмай, тықсыратын үдету тәсілі. Осы тәсіл Тезек төреге айтқанынан да анық көрінеді: «Хан емессің, қиықсың, Қалың елді айдап жеп, Төріңе зорға сыйыпсың…» – деп бас­талып, тұйықсың, ұйықсың, «аққан судай сұйықсың», «Судан да сусын қанады, Оппа балшық сықылды, Жұтқыш лай былықсың», деп алдыңғы ағынның арынын асырып, тасқындата түседі. Осындай үдету Сүйінбайдың қырғыз ақындарымен айтысында ғана емес, Жамбылдың Құлмам­бетпен айтысында да қолданылған. Қазақ­тың басқа ақындарының айтыстарында, арнауларында нақ осылайша озғындату, өршітіп өрлеу жиі кездесе бермейді. – Ақын шығармалары бүгінге қалай жетті, кімдер жеткізді? – Сүйінбай ақынның мұраларын кейінге жеткізуде шәкірті, топтан оз­ған жыр жүйрігі Жамбылдың еңбегі, әри­не, айрықша. Бұл орайда, әсіресе Сүйін­байдың шөбересі, филология ғылым­дарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаевтың есімін ерекше атаймыз. Ол кісі ақын бабасының қазыналарын өмір бойы жинап, әр шығармасын мәпелеп, баспаға дайындады, зерттеумен айналыс­ты. Жеткізушілер кімдер деген сұраққа жауапты марқұм Сұлтанғали ағамыздың Сүйінбай Аронұлының шығармаларына жазған «Сұлу, сырлы сөздері» атты алғы­сөз-мақаласынан табамыз: «Сүйінбай мен Қатағанның айтысын Жамбылдан басқа Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Өмірзақ, Арғынбай, Қарабек, Мақыш, Шүкітай секілді белгілі Жетісу ақындары да жат­қа білген». Айтысты түгел болмаса да үзін­ділерін, сонымен қатар басқа да өлең-толғауларын жатқа білетін кісілер Жетісу­дың, әсіресе Алматы аймағындағы ауылдарда көп кездесетін. Өз әкем Бекмұ­раттың Сүйінбайға ықыласы ерекше болатын, еске алғанда мейірленіп, шабыттанып кететін… Сүйекеңнің өлең-жырларының жекелеген шумақтарын, тармақтарын ауыл ішіндегі той-томалақтарда қариялар екі дайға бөлініп, шалдар мен кемпірлер болып айтысқанда пайдалана беретін. Мәселен: «Әуелі, кәрілік келіп түсімді алды, Онан соң аузымдағы тісімді алды», – дейтін өлең жолдарын: «Кәрілік келіп беттің нұрын алды, Тісімді баршасынан бұрын алды», – деп пайдаланған «жиендіктерді» өз көзіммен талай көрдім, естідім. Бұдан нағыз ақынның өлмес өлеңдері ел арасына кең таралып, әркімнің өз көкірегінен шыққандай жатталып қалатынын, Сүйінбайдың есімі мен өлеңдері кең тарағанын көреміз. Ендеше, ақын жырларын сақтаушы да, кейінге жеткізуші де – халық. Сол халықтың бел баласы Жамбыл бастаған ақындардың бұл орайдағы қызметі ересен. – Сүйекеңнің заманында жазба әде­биет болмады ғой. Дегенмен, бүгінде архивте ақын шығармаларының қанша нұс­қасы, қолжазбалары бар? – Сүйінбай Аронұлының айтушылардан жазып алынған шығармалары негізінен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титуты мен Орталық ғылыми кітапханада сақталған. Қанша қолжазбасы бар, оның көлемі қанша екенін бұған дейін ешкім де беттеп санаған жоқ. – Беке, өзіңіз жетекшілік жасап отыр­ған ғылыми-зерттеу институты өткен жылы Сүйінбайдың кітабын шығар­ды. Осы еңбекке аз-кем тоқтала отырсаңыз… – Иә, шығардық. 2012 жылы Бішкекке іссапармен бардым. Барар алдында «біледі-ау» деген кісілермен сөйлескенде, Сүйінбай мен Арыстанбек айтысының көлемді нұсқасы бізде жоғалған дегенді естігем. Ал Қырғыз Ғылым академиясының қолжазба қорында бар десті, осындағы әдебиетшілер. Барғандағы мақсатым – Жамбылға, жалпы қазақ ақындарына қатысты мәлімет іздеу. Жолымыз болып, қырғыз ғалымдарының көмегімен Жәкеңнің бұрын жарияланбаған, бүгінгі айтыстарының өзі емес, жұрнақтары ғана жеткен екі нұсқасын әкеліп, көп томдығына енгіздім. Сонда Сүйінбай мен Арыстанбек айтысының Қазақстаннан алынған фотокөшірмесін көріп, суретке түсіріп алдық. Ол кезде қолжазбаны оқуға мұрша болған жоқ. Қолжазба өте көлемді. Сондықтан ба, Сүйекеңдікі ме, әлде бас­қанікі ме деген күдігім оянды. Былтыр «Қазақтың ауыз әдебиеті» деген серияға Сүйекеңнің шығармаларын дайындағанда, сол қолжазбаны тексердік. Біздің Орта­лық ғылыми кітапханада сақталған түпнұсқаның көшірмесі болып шықты. Ақынның басқа да шығармаларымен қоса ұсындық. Бұл қолжазба бұған дейін толық жарыққа шық­пағандықтан, оқырман қауымға қы­зықты, зерттеушілерге қа­жет болар деген оймен түгел беруді жөн көрдік. Бүгінгі әріпке түсірілген нұс­қасын, Бішкектен әкелген басқа да қолжазбалардың көшірмесін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутына бердім. Олармен бірігіп, Сүйінбай Аронұлы шығармаларының екі томдығын дайындауға келіскенбіз. Сондай-ақ, Сүйін­бай мен Арыстанбек айтысының қырғызша нұсқасын да бердім. Қырғызша айтыс аталған кітапта жарияланған. – Ол айтысты қайдан таптыңыз? – Айтыс «Арыстанбек» (Бішкек, 1994) жинағынан алынды. Арыстанбек Бұйлашұлының туғанына 170 жыл толуы­на байланысты шығарылған бұл кітапқа құрастырушы, қырғыздың белгілі ғалымы Батма Кебекованың ұсынуымен Қабай Абдырахманұлы қолжазбасы бойынша сақталған нұсқасы енгізіліпті. – Ал Қабай Абдырахманұлы қайдан алған? – Қабай ақсақал Мұраталы Күрең­кейұлынан жазып алған. Ал Мұраталы Арыстан­бектің шәкірті Солтобайдан үйренген. Солтобай: «Арстакем Сүйүм­байдын сөзүн казакча эле айтуучу. Мен тилимди буруп жүрөмбү деп, кыргызчалатып ырдап жүрдүм», – деген екен. – Кезінде Сүйінбай Қатағанмен айтыс­ты деп келдік. Ал кейін Қатаған – рудың аты, Арыстанбек Бұйлашұлы сол Қатаған руынан делінді. Осыған байланысты анықтама бере аласыз ба? – Бұдан 160-170 жыл шамасы өтіп кет­кен айтыс туралы толық мәлімет бере алам деп айта алмаймын. Өйткені, тек Сүйінбайды зерттеумен айналысып отырған жоқпыз. Біздің негізгі нысанамыз – бір немесе бірнеше ақын емес, жалпы қазақтың төкпе ақындарының бүгінге дейін толық жетпеген немесе өңделіп шыққан, күзелген, түзелген туындыларын оқырман қауымға, ғылыми жұртшылыққа ұсыну, осы тарапта зерттеу­лер жүргізу. Сондықтан, қанша қызығып-құлшынғанмен, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Біздегі ғылыми деректер бойынша Қатағанның шын аты Арыстанбек Бұй­лашұлы деп айтылады. Бұлай деуге себеп – бертінге дейін Арыстанбек шығар­маларының жеке жинақ болып жарияланбауы еді. Сол сияқты Қатағанның да өмірбаянына қатысты деректердің аздығы. Осы ретте қырғыз және қазақ ақындарының шығармашылық байланыстарын арнайы зерттеген ғалым Батма Кебекованың пі­кірлері назар аударарлық. Ақынның жи­нағын дайындау алдында ол көп ізденді, қазақ айтыстарын, қолжазбаларын, қазақ зерттеушілерінің еңбектерімен таныс­ты. 1985 жылы «Кыргыз, казак акындарынын чыгармачылык байланышы» атты ғылыми зерттеуін шығарды. Осы еңбегінде ғалым аталған айтыстың түрлі нұсқаларымен танысып шығып, өз пікірін айтады. Бұл жайын­да ғалым ағамыз Сұлтанғали Садырбаев та Сүйінбай шығармашылығынан кан­дидаттық диссертация қорғаған, «Пірім менің Сүйінбай» атты монография жазған Мүбәрак Үмбетаев та, қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы кандидаттық диссертация жазған Т.Омаров та, басқа да зерттеушілер де өз ойларын ортаға салған. Оның барлығын бұл арада шолып жату мүмкін емес, ол жеке әңгіменің еншісі. Айтыстың бір нұсқасында (Өмірбек Қабылов) Қатағанның «Шоң Кемин туған мекенім» дегеніне қарағанда, сол жердікі секілді. Бұл жайында Б.Кебекова аталған кітабында «Чоң-Кемин өрөөнүндө Катаган аттуу акындын жашагандыгын тактай алмадык. Балким, аны билген адамдардың көзү өтүп, кийинки муундар тарабынан унутулуп калган чыгар?.. Талас өрөөнүндөдө да Катаган деген ырчы жашаган екен. Ал жөнүндө маалыматтар, бирин-эки чыгармалары белгилү. Кыргыз карияларының айтуусунда бул акын Катаган атту чоң уруунун ичиндеги Алакчындан чыгып, Таласта жүрүп, Олуя-Атада өлгөн екен… Бирок онын туулган, өлгөн жылы жөнүндө так малымат жок. Айтышкан ушул Катаган деп так айтуу кыйын. Мындагы талашсыз маселе – ХІХ кылымда Талас өрөөнүндө Катаган аттуу күчтүү акындын жашагандыгы», дейді. Енді Сүйінбайдың сөзіне зер салайық: Арстанбек, мени ким дейсиң, Абайласаң, пир дейсиң. Туура жиырма эки жашымда, «Аалыбайдың ашында Ормон, Жантай, Боромбай Жакшыларың башында, Тезек төрө, Бөлтүрүк – Булар болчу кашымда. Өйдө-төмөн тартышкам. Көптү көргөн Катаган, Көп ырчыны матаган. Көп сөздүн башын чатаган. Ага моюн берместен, Домбураны колго алып, Толгоп-толгоп бурадым, Толгон сөздү курадым. Бир алланы пааналап, Артыктыгым дааналап, Көк шилиге сайгамын… – деп үстемелей төгіп, үдете жырлап: Анда, Арстанбек, кайда элең, Сүйүмбайдай акынга Сүйлөй койчу жан белең?», – деп, айтыстың арасында сұрақ қойса да кідір­мей, сөзін тасқындата береді. Бұған қарағанда, Сүйінбай алдымен Қатағанмен айтысып, оны жеңген. Содан кейін Арыстанбекпен айтысқан сияқты. Бұлайша пікір айтуға – екеуі екі адам деуге тағы бір дәйек – екеуінің түр-тұлғасы бір-біріне ұқсамайтыны. Мәселен, «Сүйінбай. Шығармаларында» (1990) «қағылез, қайыстай қара жігіт» – Қатаған (111-бет), М.Үмбетаевтың «Пірім менің Сүйінбай» атты монографиясында «Замандастары оны ұзын бойлы, шоқша қара сақалды, қара мұртты, сырықтай қатқан, қарасұр пішінді кісі етіп сипаттайды». Ал Қырғыз Ұлттық Ғылым академиясының қолжазба қорынан мен көрген мәлімет бойынша «Арстанбек орто бойлуу, толмош келген, сары шикіл, қой көз киши эле. Бултулдап, жөн тура албаган жайдары, ашық-айрым жана чоқ, отур­ган жерин оюн-күлкү… кылган адамдын гүлү эле». – Сүйінбай ақын да келбетті кісі болған секілді… – Бұл жайында Сұлтанғали ағамыздан артық білетін ешкім жоқ. «Ақындық өнердің жарық жұлдызы» атты мақаласында «Сүйекеңнің фотосуреті сақталмаған, сол себепті бұдан 70-80 жыл бұрын өмір сүрген ұлы ақынның қас-қабағы, көз жанары, маңдайы, бет әлпеті қандай еді деген сұрақтарға қатысты деректерді жеке-жеке жинадым және Сүйінбайдың қазіргі ұрпақтары Үкіжанның, Тоғызбайдың, Садырбайдың портретін жасадым. Бұл портретте Әуелбайдың, Зарауқаның, Сұлтанбектің кескін-келбеттеріне ерекше назар аудардым. Содан соң қолымдағы барлық деректерді біртұтас күйге түсіріп, Сүйінбайдың портретін жасадым. Бұл пор­третті Сүйінбайдың немере-шөберелерінің мақұлдауымен газетке жариялап отырмын», – деген атақты суретші Әбілхан Қастеевтің «Қазақ әдебиеті» газетінде 1972 жылы 22 маусымда жарияланған «Сүйінбайдың суреті» атты мақаласынан үзінді берілген. Белгілі қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков «Ақиық» атты мақаласында: «Сүйінбай ұзын бойлы, дене бітімі мінсіз сымбатты, күректей әдемі сақалы болған, аппақ қағаздай мөлдір сұлу кісі екен. Жырды домбырамен бас­тап, қыза келе құлағын бұрап термелеп, құйындатып төгіп айтады екен. Қыза келе айқай салғанда, жаныңда тыңдап отырған кісіні селк еткізетін зор дауысты кісі болған», дейді. Нақысбек Оразбековтің жинаған материалдарында да осы ерекшелік айты­лады: «Сүйінбай – домбыраны аз қолданатын адам. Домбыраны қолға алып, бір-екі шерткенімен, домбыраны қоя салып, құлақты бұрап, айқайлап жібереді. Сүйінбайдың даусы ащы болған. Ау, деп айғайлап жібергенде, қасында отырған адамдар селк ете түседі екен. Даусы шыққаннан кейін домбыра жайына қалады да, өлеңді құйындатып ала жөнеледі… Сүйінбай ұзын бойлы, аққұба болған (кейбіреулер аппақ қағаздай кісі еді дейді). Қара көз, қыр мұрынды, денелі, сымбатты келген кісі екен. Өңі әдемі, сұлу болыпты. Оның сұлу денесі мен аққұба өңіне алпыстан асқаннан кейінгі күректей әдемі сақалы да жарасып тұрған. Оның сұлу сымбаты кімді де болса сүйсіндірмей қоймаған. Даусы биік, үнді болған. Сөзді табанда тауып сөйлейтін шешен адам болыпты». Н.Оразбеков кезінде Жамбыл мұражайының директоры болған. Жәкеңе қатысты деректерді іздегенде, оның пірі Сүйінбай туралы да мәлімет жинамауы мүмкін емес-ті. Еміс-еміс естеліктерден, көзден өшуге айналса да, көңілдің төрінде сақталып сарғая бастаған елес суреттерді там-тұмдап жинаған. Көп естелік арқылы ақын келбеті көркейіп, нақтыланып көрінетіндей. Өкініштісі – Жәкеңнен ертерек жазылып алынбағандығы. Сүйінбайдың өлеңдерінде өзін сипат­таған сәттеріне қарап, аққұбалығын аңғартатын белгілер табылады. Сонымен бірге, өлеңдерінің асау арынынан пси­хологиялық ерекшелігін аңдайсыз. Ал Жәкеңнің туындылары шахматшы сияқты әсер етеді. Айқайынан сабыры молырақ, өре түрегеліп, бірден үсті-үстіне шабуылдаудан гөрі, байқап, байыптап отырып, қарсыласын осал тұсынан «зерттеп» біліп, аңдып тауып ала қоюға бейім. Ал Сүйінбай Ілиястың сөзімен айтқанда: «Өлеңді желше соқтыратын», айтқан сайын арыны асқындай беретін, бұғауға да, бөгеуге де көнбейтін өршеленген алапат қара дауыл секілді. Мұндай ерекшеліктерге мысалдар келтіру, зерттеп дәлелдеу үшін уақыт, қолдау керек. Шүкіршілік ететініміз – еліміздің Батысында Абыл, Нұрым, Қашаған, Махамбет, Шернияз, Нұрпейіс, Сырдағы Балқы Базар, екі Жүсіп, Ешнияз сал, Оңтүстікте Майлықожа, Мәделіқожа, Нұралы, Ергөбек, Жетісудағы Сүйінбай, Бақтыбай, Майкөт, Жамбыл, Сарбас, Арқадағы Түбек, Жанақ, Орынбай, Шөже, Шашубай, т.б. ақындардың мұралары түгелдей болмаса да тілге тиек етуге жа­рарлықтай. Халықтың руханиятында, әдебиетіміздің тарихында қай-қайсысы да ақындық өнерімен жарқырай көрінген. Объективті тарихи-әлеуметтік жағдайларға сәйкес жаралып, қалыптасқан, дамыған, әлем әдебиетіндегі осынау құбылыстың қадір-қасиетін айқындау қажет.  

Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»  

АЛМАТЫ

24.04.15