Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламаның қорытындылары

Тамғалы петроглифі

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2008 жылғы іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы № 1203 қаулысымен бекітілген 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық тарихымыздың тарих және мәдениет, археология, сәулет ескерткіштерінің маңыздыларын қайта жаңғыртуды, қазақ халқының мәдени мұрасын зерттеудің біртұтас жүйесін құруды, ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиет баспа серияларын дайындауды көздейді.

Бағдарламаның 2008 жылғы іс-шараларына республикалық бюджеттен  1 376,5 млн. теңге бөлініп, толық игерілді. Оның ішіңде тарих және мәдениет  ескерткіштерін қайта жаңғыртуға 729,3 млн. теңге, археологиялық зерттеулерге 106,0 млн. теңге, қолданбалы ғылыми зерттеулерге 188,5 млн. теңге, кітап серияларын шығаруға 352,7 млн. теңге бөлінген болатын.

2008 жылы аталған бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес төмендегідей бірқатар жұмыстар атқарылды.

І-тарау: Тарих және мәдениет ескерткіштерін, оның ішінде Қазақстан тарихымен тікелей байланысты алыс және жақын шет елдердегі ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары бойынша

Дамаск қаласында (Сирия) Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қайта жаңғырту және Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығын салу, Каир қаласында (Египет) Сұлтан Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Монғолия Республикасымен қарым-қатынас нәтижесінде Тоныкөк және Теркін ескерткіштерінің көшірмелері Қазақстанға әкелінді.  

Бағдарламаның іс-шаралар жоспарына сәйкес Қара Қожа, Ақ-кесене, Орал қаласындағы Бірінші әскери училищесі (XIX ғ.), Жүсіп Ата кесенесі, Мірәлі Баб кесенесі, Қалжан Ахун медресесі, XIX ғ.Баба-Ата мешіт-медресесі объектілеріндегіқалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

Ал, Ақыртас, Бөкей ордасындағы хан сарайы, Айғанымның үй-жайы, XIX ғ., Қожа Ахмет Иассауи кесенесі, XIV ғ., Шаян ауылындағы мешіт-медресе, Көне Сауран ескерткіштері, XIII-XVIII  ғғ., XII-XVII ғғ., Қожа Назар мешіті XIX ғ.,  Сығанақ қалашығының орталық мешіт-медресесі,  XIII-XVII ғғ., Қарағұл кесенесі, Талғар (Талхиз) қалашығының тарихи және археологиялық обьектілерінің кешенінде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

ІІ-тарау: Археологиялық зерттеулер жүргізу бойынша 2008 жылы 32 қорғанды, мазараттар мен қалашықтарды, оның ішінде алдыңғы жылдары басталған археологиялық қазбалар Ақмола облысындағы Бұзоқ, Алматы облысындағы Есік, Қойлық, Талғар, Атырау облысындағы Сарайшық, Оңтүстік Қазақстандағы Жуантөбе, Қараспан төбе, Шымкент, Сауран, Сидақ, Отырар, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті, Жамбыл облысындағы Ақыртас, Батыс Қазақстандағы  Қырық оба, Қарағанды облысындағы Тоқтауыл, Айбас, Кент,  Талдысай  және т.б. қоныстар  мен  қалашықтырда  жалғасын тапты.

 Талғар қалашығының орталық бөлігі (цитадель) зерттелді. Соңғы жылдардағы зеттеу нәтижесінде тастан қаланған орталық көшені толығымен аршып, тазалап, оны қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Тастан қаланған көше қазіргі кезде толық археологиялық зерттеуден өтті. Қазба фотоға түсіріліп, жоспар жасалынды.

Сарайшық қалашығында 2007 ж. табылған қыш ыдыстарына талдау жұмыстары жүргізілді. Қыш кешендерінің техникалық-технологиялық ерекшеліктерін зерттеуде қызыл сазды бояулы қыштың көп кездесетіні анықталды. Сарайшық қалашығының археологиялық зерттелуі бойынша жұмыстар жалғастырылды.

Берел қорымындағы 16 обадан ер мен әйел адамның және олармен қоса жерленген 8 жылқы табылды. Алғашқы сараптама жұмыстарының нәтижесі Алтай халқының әлеуметтік дәрежесінің өте жоғары болғанын көрсетеді. Жерлеу ғұрпының ерекшелігі мен бірге салған заттардың сипатынан зерттелген ескерткіштердің мәдениетін пазырыққа, шартты мерзімін б.д.д. ІV-ІІІ ғғ. қатысты деп айтуға болады.

 Шілікті қорымынан сақ-үйсін дәуірінің екі жүзден астам ескерткіштері табылды. Олардың елу шақтысы патша және ақсүйек обалары. 2005 жылдан бастап осы зерттеулер нәтижесінде Шілікті өңірінен үш алтын кенішінің орыны табылды. Сонымен бірге биылғы жылы маусым айында алтын қорытылған көне пеш орыны табылып соны қазу жұмыстары жалғастырылды. Осы археологиялық кешендегі соңғы қызықты жаңалықтар берген оба Бәйгетөбе деп аталады. Қазіргі таңда бұл обадан табылған адам сүйегі, арнайы зертханада өңделіп, бас сүйегі бойынша бет бейнесі және толық келбетін жасау шарасы Ресей Ғылым академиясында  «Герасимов» зертханасында атқарылуда.

Қорытындылай келгенде Шілікті «патша» обаларының жай ғана үйінді топырақ емес екендігін, оның сол көне заманға сай дүниетанымдық түсініктер негізінде салынған құрылыс екендігін анық айта аламыз. Осы көне құрылыс беріктік қызметін сақтай отырып жергілікті жердің топырағы, құмы, тасы, шымы, ағашын пайдаланған. Сонымен бірге өлікке арналып сойылған мал сүйектері де осы оба құрылысына араластырып қоса көмген.

ІІІ-тарау: Қазақ халқының мәдени мұрасы саласында одан арғы ғылыми жұмыстарды жалғастыру тарауы бойынша 2008 жылы қазақ халқының тарихымен, материалдық және рухани мәдениетімен байланысты қолданбалы ғылыми зерттеулері іске асырылды, олар:

 «Қазақ домбырасы: тарихы, музыкалық құрылысы, акустикалық ерекшелігі» тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу бойынша қазақ домбырасының музыкалық акустикалық ерекшеліктеріне байланысты зерттеулер жүргізілді.

Зерттеулер әр түрлі домбыраларда жүргізілді: зауытта арнайы жасалған стандартты домбыраның және белгілі шеберлер мен орындаушылардың ерекше үлгідегі домбыралары мысалға алына отырып, олардың (халықтың және қазіргі оркестрлік түрінің) құрылуы мен даярлануы, музыкалық бұраудың өзіндік қасиеті мен дыбыстарының акустикалық ерекшелігі және спектрлік сипаттамалары зерттелді.

«Алтай аймағында тұратын қазақтардың халықтық өнерін кешенді зерттеу (Қытай, Ресей, Моғолиядағы шетелдік диаспоралар)» жобасына қатысты жұмыстар Баян-Өлгий аймағында және Өлгий қаласында жүргізілді. 2007 жылы басталған Баян-Өлгий аймағының тарихи-өлкетану мұражайындағы жұмыстар жалғастырылды (фотофиксация, сызба, ғылыми сипаттау).  Халықтық қолөнерге байланысты мағлұмат жинау мен зерттеу қазақ халқы арасында жүзеге асырылды. Ағаш шебері, үйші, ұста, етікшілардың бұйымдары суретке түсіріліп, ауылдық қырларды мекендейтін отбасыларда сақталған дәстүрлі тұрмыстық заттар сипатталып, сызбасы салынып, фотофиксация жасалды. Әсіресе қолөнер бұйымдарындағы ою-өрнектерге аса мән берілді. Алтай аймағы қазақтарының халықтық қолөнерінің әралуан түрлерін сипаттау, жүйелеу, жіктеуге негіз болатын жүйеленген мәліметтер қоры (ксеро-, фотокөшірмелер) жасалды.

«Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайының этнографиялық  коллекциялары» тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу кезінде кейбір сирек кездесетін, ұмыт болған заттық мәдениет үлгілерінің жасалу, қолданылутәсілдері, материалдардың атаулары қатарлы т.б. ғылыми каталог дайындау талаптарынан туындайтын  сауалдарға жауап ізделді. Сондай-ақ, экспонаттардың ұсақ детальдарының атауын анықтау, өлшемдері, техникасы, таралу аймағы, мерзімі, жасаған шеберлер туралы деректерді толықтыру, нақтылау сияқты атрибуциялау жұмыстары  жүргізіліп,  сипаттамаларын қазақ, орыс тілдерінде бірегей  үлгіге келтіру, терминологиялық бірізділікке  түсіру, мәтіндерді редакциялау жұмыстары атқарылды.

«Қазақтардағы этнографиялық атаулардың дәстүрлі жүйесі, санаты мен түсінігі» тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу жобасы бойынша, Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау және Атырау облыстарына, Қазақстанның шығыс аймақтарына (Семей) және ҚХР Шыңжан-Ұйғыр Автономиялық Районында тұратын қазақтар ортасына этнографиялық іссапарлар ұйымдастырылып,  білгір информанттардан дәстүрлі қолөнер және балық аулау, түйе өсіру, жайлауда және қыстақта мал бағу, көшу, халықтық ырымдар мен тыйымдар, қару-жарақтың бірнеше түрлері және қасиетті (Бекет Ата, Шопан Ата, Шақпақ Атаға қатысты) орындар мен наным-сенім,  архаикалық ырымдар мен салттар және т.б. қазақ этнографиясының әр түрлі салалары туралы көптеген мәліметтер жинақталды. Қазақ салт-дәстүрлерінің архаикалық түрлері, аймақтық ерекшеліктері,  таралу аймағы, кейбір сирек кездесетін, ұмыт болған заттық мәдениет үлгілері түрлерін жасалутәсілдеріне, материалына қарай анықтау, атрибуцияларын түгендеу, ұсақ детальдарының атауын анықтау шаралары қатар жүргізілді. 

«Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы коллекцияларының фотоқұжаттары (қазақтардың этнографиясы жөнінде)» тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу барысында Орталық Мемлекеттік мұрағатының кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазу қорында қазақ этнографиясына байланысты құжаттар зерттелді. ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаттағы 44 қорында сақталған Жетісу облысы бойынша  құжаттар анықталып, олардан каталогқа қатысты мәліметтер қарастырылды. Сонымен қатар, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының 823 қоры зерттелді.

«Көшпелілердің мәдениеті мен өнерін, этнографиясын, археологиясын, тарихын зерделеу жөнінде қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу» жобасының іс-шаралар жоспарына сәйкес зерттеу тақырыбы бойынша библиографияны құрастыру, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының кітапханалары мен мұражайларындағы қазақ халқының материалдық мәдениет ескерткіштері (қыстаулар, елді мекендер, тұрғын-жайлар, құдықтар және т.б.) туралы  жазбаша деректер мен ғылыми әдебиеттерді табу, жинау және талдау, Қазақ халқының тарих және материалдық мәдениет ескерткіштері туралы жазбаша көздерді жинау бойынша Орынбор, Омск, Барнауыл және Ташкент қалаларының мұрағаттарында ғылыми-іздестіру зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары аумақтарында ұмытылмас тарихи орындар мен қазақ халқының материалдық мәдени ескерткіштерін экспедициялық-этнографиялық зерттеу, «Қазақ халқының материалдық мәдени ескерткіштерінің этнографиялық картасын» жарыққа шығару мақсатымен зерттелген объектілерді картаға түсіру жұмыстары жүргізілді. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасының 6 қаласында 14 мұрағаттық және ғылыми мекемелерде жұмыс жасалып, мұрағат қоймаларынан, кітапханалардан және мұражайлардан XVIII–XX ғғ. мұрағаттық құжаттар мен  раритеттік басылымдар анықталды және олардың 31568 бетті көшіріп алынды.

«С. Дудин – фотосуретші, суретші, этнограф. Ресейдің этнографиялық мұражайлары мен Гамбург мұражайына жасалған Орта Азиялық экпедицияның фотоматериалдары» тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу барысында С.М.Дудин экспедицияларының маршруттары анықталды және оның 1899 ж. Ақмола және Семей облыстарына экспедициялық сапары кезінде 600-ден астам фотосуреттер түсіріп, қазақ ою-өрнегінің альбом-топтамасын жасағаны және көптеген этнографиялық бұйымдар жинағаны белгілі болды. Осы бағалы этнографиялық бұйымдар мен С.М.Дудиннің 1800-ден астам фотосуреттерінің коллекциясы Ресей этнографиялық музейінде, Кунсткамерада және Гамбург (Германия) музейінде сақталғаны анықталып, олармен байланыс орнатылды.

«Қазақтардың декоративті-қолданбалы өнерін сақтау және болашақта дамыту мәселелері» тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу шеңберінде бүгінгі күнгі елеіміздің барлық аймағында негізделген қазақ халқының сәндік-қолтаңба өнері анықталып, зерттеу жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, облыстық мұражайдан көптеген мәліметтер алынды және сирек кездесетін қолтаңба өнерінің бірегейтуындылар экспонаттары анықталды. Оның ішінде ұлттық киім, безендіру және әшекейлеу бұйымдары, үй жабдықтары мен аспаптары, музыка аспаптары, қару жарақпен сауыт-сайман, ұлттық ғибадаттық жабдықтары,  т.б. Осы экспонаттар бойынша анықтау, зерттеу және паспорттау, түгендеу шаралары басталып, әрі-қарай жалғасу үстінде.

«ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың рухани өмірі: діні, кітап шығару, білім беру ісі» тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу кезінде Кеңестік кезеңге дейінгі қазақтардың рухани өмірі, соның ішінде, ислам дініне арналған тың деректер жинағын  даярлау бағытында жұмыс атқарылды. Жинақ  Ресей патшалығының мұсылман дініне байланысты қазақ даласында жүргізген саясатын әшкерелеу, қазақтардың қажылыққа баруы, діни басқарманың құрылу тарихы сияқты тақырыптарды қамтиды.

 «Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражай қорындағы жазба ескерткіштер (қазақша қолжазбалар, сфрагистика, геральдика және эпиграфика)» тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу жобасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қорындағы жазба ескерткіштерді зерттеп,  нәтижесін жарыққа шығаруды көздейді. Жоспар бойынша  екі бағытта жұмыс  атқарылуда Мемлекеттік орталық музей қорындағы қазақ қолжазбаларының текстологиялық зерттеулер және cфрагистика, геральдика және эпиграфикалық ескерткіштердің зерттеулері. Осыған сәйкес ғылыми зерттеудің нысаны ретінде Абай Құнанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Мүрсейіт Бікеұлы, Ахат Шәкәрімұлының қолжазбаларының текстологиялық зерттеулері; сфрагистика, геральдика коллекциясы және эпиграфикалық деректер (мөрлер мен лауазымдық белгілер және әр түрлі зат-бұйымдардағы жазулар) алынды.

«Сфрагистика,  геральдика коллекциясы және эпиграфикалық деректер» (2-том)тақырыбы бойынша мөрлер мен лауазымдық белгілер және әр түрлі зат-бұйымдардағы жазулар.  Мұнда  ортағасырлық  түркі, шағатай,  араб, парсы, моңғол, манжұр, тибет, орыс және т.б. тілдердегі жазба мәтіндер  басқа деректемелермен салыстырылып, сарапталды, жәдігерлердің сандық фотосуреттері дайындалды, олардың ғылыми оқылымы, аудармалары, текстологиясы  жасалынды. Билік иелерінің мөрлері  78 дана, жеке тұлғалық мөрлер  10 дана,  мекемелік мөрлер -10, лауазымдық белгілер 29 дана,  қабіртастағы мәтіндер  15 дана, әр түрлі зат-бұйымдардағы мәтін -30 дана,  жалпы саны172  дана жәдігерлердің фотосуреттері дайындалды.

 «Қазақ халқының паремиологиялық қоры – дәстүрлі этномәдени санаттар мен ұғымдардың ерекше жүйесі: мақал, мәтел, нақыл сөздер (этномәдени сөздік)»  тақырыбында қолданбалы ғылыми зерттеу жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылауға арнап 6 рет әдістемелік семинар  ұйымдастырылып, методологиялық ұстанымдар талқыланып, ілкімді жолдары анықталды, мазмұны келісілді. Жобаның деректік негізін құрайтын 19 мың бірліктен тұратын мақал-мәтел жинақталды. Зерттеу тақырыбын 24 топқа жіктей отырып, сол тақырыптар бойынша топтастыру, сөзтізбе (реестр) түзу жұмыстары  атқарылды.

Ресейдің Мәскеу қаласының ғылыми кітапханаларында ізденіс жұмыстары жүргізіліп, паремиологиялық зерттеу саласындағы жаңа бағыттар мен методологиялық тың ізденістер туралы теориялық, практикалық, библиографиялық  дерек, мәлімет, әдебиеттер жинақталды.

«Ақмола, Ақтөбе және Павлодар  облыстары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағын баспаға дайындау» жобасын жүзеге асыру барысында Ақмола облысының ескерткіштер жинағын дайындау жұмыстары аяқталып, қолжазба баспаханаға тапсырылды. Ақтөбе және Павлодар облыстары бойынша ескерткіштер жинағын дайындау жұмыстары жалғасуда. Ақтөбе және Павлодар облыстарындағы сәулет, археология, тарих және монументтік өнер ескерткіштерін зерттеуде экспедициялар ұйымдастыру. Қазіргі кезде облыстар бойынша ескерткіштер, тарихи-мұрағаттық және библиографиялық іздестірулер жөнінде мағлұматтар жиналуда, жеке ескерткіштердің сызбалары мен жоспарлары, ескерткіштің алдын ала аннотациялық Сөзтізбесі құрастырылуда. 2008ж. шілде-тамыз айларында Павлодар облысының тарих және сәулет ескерткіштерін зерттеу бойынша экспедиция өткізілді. Экспедиция мақсаты ескерткіштердің орналасу жерін анықтау, JPS координаттары бойынша байланыстыру, өлшеу, тариғи деректерді жинау  болып табылады.

«Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің қолда бар тізімдерін қайта қарау және нақтылау, Бүкіләлемдік, республикалық және жергілікті  маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін басып шығару үшін материалдар дайындау» жобаны жүзеге асыру мақсатында Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау облыстары және Алматы, Астана қалалары үшін жергілікті маңызы зор тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімдерімен  жұмыс жүргізілді. Сонымен бірге, арнайы комиссия Шығыс-Қазақстан, Солтүстік-Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Маңғыстау облыстары және Алматы, Астана қалаларының жергілікті маңызы зор тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі қарастырылды. Бар материалдар қабылданып, бекітуге ұсынылды.

«Шілікті алтын адамын зерттеу, қайта жаңғырту және жүргізілген іс-шараларды жариялау» жобасы бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет қорғанның сыртқы көрінісі мен ішкі құрылымының, «Алтын адамның» антропологиялық мүсінінің, сонымен қатар сыртқы бейнесінің реконструкциясы жасалды. «Алтын адамның киімін» зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

ІV-тарау: Ұлттық ғылыми ой-сана, мәдениет пен әдебиет басылымдарының дестелерін әзірлеу бойынша 2008 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүз томдық «Бабалар сөзі», жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы», жиырма томдық «Әлемдік философиялық мұра» сияқты ғылымның әртүрлі салалары бойынша сериялар әрі қарай жалғасуда. Сондай-ақ «Алаш орда» қозғалысына қатысты «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының он бес томдығы», «IX-XVI ғасырлардағы армян дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы», «Қазақтың қолданбалы өнерінің шетелдегі жәдігерлері», «Шоқан Уәлихановтың алты томдық және он томдық «Әбу-Насыр Әл-Фараби» жинағы», жиырма томдық «Әдеби жәдігерлер» және т.б. жаңа дестелер өндіріске әзірленіп, шығарыла бастады.

2008 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Білім және ғылым министрлігіне қарасты институттармен бірлесе отырып көлемі 3410 баспа табақ болатын 79 аталым өндіріске әзірленіп, шығарылды.

Мәселен, «Бабалар сөзі» сериясының  45 томы толық  басылып шығып таратылды, көлемі 175 б.т. болатын 7 томның 5 томының (46,47,48,49,50) сүйінші даналары шықты, 2  томы (51,52) “Фолиант” баспасында өндірісте.

Үш томдық «Қазақ өнерінің тарихы» атты еңбектің 3-томы М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтының әзірлеуімен «Өнер» баспасынан басылып шықты.

Үш томдық «Қазақ музыкасының антологиясы» атты еңбектің 3-томы өндірісте, 4-том өндіріске әзірленуде М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтының әзірлеуімен «Қазақпарат» баспасынан басылып шықты

Үш томдық «Әлемдік әдебиеттану» атты еңбектің 2-томы М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтының әзірлеуімен «Қазақпарат» баспасынан шығып, 1 томы өндіріске әзірленуде.

Үш томдық «Әлемдік өнертану» атты еңбектің «Өлке» баспасында 2 томы  шығып, 1 томы өндіріске әзірленуде.

Үш томдық «Әлемдік фольклортану» топтамасының 2 томы М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтының әзірлеуімен «Таймас» баспасынан басылып шықты.

Жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы бойынша 14 аталымды «Аударма» баспасы басып шығарды.

Көптодық  «Қазақ классиктерінің шығармаларын шет тілдерге аудару» сериясы бойынша 6 аталымды «Аударма» баспасы өндіріске әзірлеуде.

Жиырма томдық «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы» сериясы бойынша  Философия және саясаттану институтының әзірлеуімен 2 томды «Аударма» баспасы басып шығарды.

Жиырма томдық «Әлемдік философиялық мұра» сериясы бойынша  Философия және саясаттану институтының әзірлеуімен 2 томды «Жазушы» баспасы басып шығарды.

Он томдық «Әбу Насыр әл Фараби» сериясы бойынша 3 том Философия және саясаттану институтының әзірлеуімен «Лотос-Астана» баспасында өндірісте.

Бес томдық «Қазақ хандығының тарихы мен мәдениеті жөніндегі Қытай мұрағаттарының құжаттары» Р.М.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының әзірлеуімен «Дайк-Пресс» баспасында өндіріске әзірленуде.

«Армян дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» Р.М.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының  әзірлеуімен «Дайк-Пресс» баспасында өндіріске әзірленуде.

«XVIII-XIX ғасырлардағы биліктегі қазақ зиялыларының
хат түріндегі мұрасы» 2 томдық (қазақ тілінде) «Дайк-Пресс» баспасында өндіріске әзірленуде.

«Шығыс миниатюрасындағы Қазақстан тарихы» атты еңбек «Дайк-Пресс» баспасында өндіріске әзірленуде.

«Қазақтың қолданбалы өнерінің шетелдегі жәдігерлері» Р.М.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының әзірлеуімен «Таймас» баспасында өндіріске әзірленуде.

Алты томдық «Шоқан Уәлихановтың шығармалары» орыс тілінен қазақ тіліне аударылып «Институт системных исследований» баспасында 5 аталым өндірісте.

«Византиялық және ежелгі дүние дереккөздеріндегі ұлы дала» Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының әзірлеуімен «Фолиант» баспасында 2 аталым өндірісте.

«Әлемдік тарихи ой-сана» Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының әзірлеуімен «Фолиант» баспасында 1 аталым шықты,3 аталым өндірісте.

«12-20 ғасырдағы батыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының әзірлеуімен «Санат» баспасында 2 аталым өндіріске әзірленуде.

«Қазақстан ғылымы» 1 аталым Қазақ энциклопедиясында өндіріске әзірленуде.

«Ислам.Энциклопедиялық анықтамалық» 1 аталым «Аруна» баспасында өндіріске әзірленуде.

«Қазақстан тарихы» 1 аталым «Аруна» баспасында өндіріске әзірленуде.

«Қазақстан мәдениеті» 1 аталым «Аруна» баспасында өндіріске әзірленуде.

«Қазақстан топонимикасы» 1 аталым «Аруна» баспасында өндіріске әзірленуде.

«ХІХ-ХХ ғасырлардағы Түркістан генерал-губернаторлығы қорының мұрағаттық құжаттарындағы Қазақстан тарихы» Р.М.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарының әзірлеуімен «Дайк-Пресс» баспасында өндіріске әзірленуде.

Он бес томдық  «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысты құжаттар мен материалдар (XVIII-XX ғғ.)» жинағының 5 томы «Ел-шежіре»орталығының әзірлеуімен «Астана-Полиграфия» баспасынан шығып, 2 томы өндіріске әзірленуде.

Жиырма томдық  «Әдеби жәдігерлер» топтамасының 1 томы өндірісте 2 томы М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтының әзірлеуімен «Таймас» баспасынан басылып шықты.  

Сексен томдық «Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде» топтамасының 3 томы Алаш тарихи зерттеулер орталығында басылып шықты.

Он  томдық  «Әдеби педагогикалық ой-сана» топтамасының 3 томы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әзірлеуімен «Таймас» баспасынан басылып шықты.

Он алты томдық  «Тарих және мәдениет ескерткіштері»  сериясы бойынша 2 аталым «Солтүстік –Қазақстан облысы» тарих және мәдениет ескерткіштері жинағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының әзірлеуімен «Аруна» баспасында өндіріске әзірленуде.

Он төрт томдық «Академик Ә.Х.Марғұланның шығармаларының» 2 томы «Алатау» баспасынан шықты.

«Қазақ Алтайының көне қазынасы» Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының әзірлеуімен «Өнер» баспасынан басылып шықты.

Он бес томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының дайындауымен 4 томы (9,10,11,12) «Арыс» баспасында өндірісте.

«Балаларға арналған энциклопедиялық әдебиеттер» жинағы бойынша 7 аталым «Аруна» баспасынан жарық көрді.