Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Жобаның жалғасы

Алаша хан кесенесі

Басты бет - Мемлекеттік бағдарлама - Жобаның жалғасы - Қазған жерден қазына табылды

Қазған жерден қазына табылды

Дүйсенбі, 29 қыркүйек 2014«Мәдени мұра» бағдарламасының қабылданғанына 10 жыл толуына және Ұлттық музейдің ашылу құрметіне орай ұйымдастырылған «Ұлттық мұра» автошеруі – елімізде алғаш рет қолға алынып отырған тың жоба.

 

Алғашқы автошерудің қоры­тындысы хабарланған Ұлттық музейдегі баспасөз мәслихатында музей директоры Дархан Мыңбай автошеруге қатысушылардың өз жұмыстарын ойдағыдай атқарып келгенін баяндады. Еске сала кетейік, «Ұлттық мұра» автошеруі 10 қыркүйекте Алатаудың баурайынан бастау алған болатын. Осы күні А.Қастеев атындағы мемлекеттік музейде автошеруге қатысушылармен баспасөз мәслихаты өтті. Алма­ты облысын­дағы тарихи жәдігер­лердің ордасына айналған Есік және Талғар қалаларында болған музей қызметкерлері тарихи құн­­­дылықтарға қатысты мол мағлұматқа кезіксе, 11 қыркүйекте мамандар Тараз қаласы тұрғындарымен кез­десу өткізді. «Ежелгі Тараз ескерт­кіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақынов автосаяхатшы­ларды Қарахан, Айша-Бибі, Тек­тұрмас кесенелеріне бастап барды.

 

Алматы – Тараз – Шымкент – Түркістан – Қызылорда – Жезқазған – Қостанай – Көкшетау – Астана бағытын қамтыған ауқымды жоба барысында құрамында Ұлттық музей директорының орынбасары Ә.Қойлыбаев, тарих ғылым­дарының докторы, ЕҰУ профессоры Ж. Артықбаев, Ұлттық музейдің Консервациялау және қалпына келтіру орталығының жетекшісі Т.Әбілқасымов, мәдени-білім беру жұмыстары бөлімінің маманы Р.Мұхамеджанова, ақпараттық-имидждік жұмыстар орта­лығы­ның қызметкері Г.Өтегенова, PR-менеджері Ә.Күзембаева, «АгромашХолдинг» АҚ-тың жүр­гі­зушілері С.Горобец, А.Ха­лец­кий,­ Ю.Тюфеков, фототіл­ші Е.Ор­манов, оператор Ж.Дүйсе­кеев бар шығармашылық топ мәдени-тарихи нысандарға атбасын тіреп, орталық пен оңтүстіктің мұражайларын аралау мүмкіндігіне қол жеткізді.

 

Ал, 12 қыркүйекте Ұлттық музей қызметкерлері шырайлы Шымкент шаһарындағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Б.Байтанаевпен, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Исмайыловпен, сондай-ақ, мәдениет саласы қызметкерлерімен, жоғары оқу орындары студент­терімен кездесу өткізді. Автошеру аясында ОҚО мәдениет басқармасы атынан Ұлттық музейге сыйға тартылған Р.Смағұловтың «Қыз ұзату» картинасын мамандар музей қорына әкеліп тапсырды. Автошерушілердің оңтүстіктегі күндері, Қожа Ахмет Ясауидің туған жері Сайрам (Исфиджаб) топырағындағы, оның әке-шешесі Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесенелері басындағы сәттер бейнетаспа тілімен әсерлі баяндалды. 13 қыркүйекте қасиетті Түркістанның имани иіріміне бас иген олар жолшыбай Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт-мұражайына, әл-Фараби атындағы мұражай мен Арыстан-баб кесенесіне соғып қайтты.

 

1500 жылдан астам тарихы бар қаланың тарихи-мәде­ни этнографиялық орталығын­да автошерушілер сала қызметкер­лерімен кездесті. «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік ме­кемесінің жетекші маманы А.Иманбаев шығармашылық топқа Қожа Ахмет Ясауи сәулет кешенін, қалпына келтірілген жерасты мешітін аралатып, ежелгі Күлтөбе қаласында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарымен етене таныс­тырды. Бұдан кейінгі бағыттың Сығанақ пен Сауран қалаларына арналуы бекер емес. Ал, Сыр елі жұртшылығымен жүздесудің тарихи-өлкетану мұражайында өтуі Ұлттық музей қызметкерлері мен жергілікті мамандар арасында тығыз шығармашылық байланыс орнатуға зор мүмкіндік туғызды.

 

Қыркүйектің 16-сы күні олар­ Жез­қазған қаласына келіп жет­ті. Қала әкімі Б.Ахметов авто­шерушілерді қабылдағаннан кейін экспедиция мүшелері тарихи-өлкетану мұражайы ұжымымен кездесті. Басқосу барысында «Қазақмыс» корпорациясының тарихи-өндірістік мұражайының директоры К.Балкенов пен Жез­қазған қаласы жастар бастамалары орталығының директоры І.Түсіп жүрекжарды лебіздерін арнады. Айта кететін бір жайт, ұлт­тық жоба­ның ел Президенті Нұрсұл­тан­ Назарбаевтың биылғы Ұлы­тау­ туралы толғанысымен сабақ­та­сып жатуы үлкен ғибрат саналады. Делегация мүшелері Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы мен ортағасырлық Бас­қа­мыр қаласынан Қазақ елі тарихы­на­ қатысты тың тағылымдарға қанықты.

 

Мұнан кейін оларды ұлт ұясы – Ұлытау күтіп тұрды. 18 қыркүйек күні Қостанай қала­сына жеткен мамандар үшін облыстық сурет галереясында өткен кездесудің жөні бөлек – жиынға экспедицияны­ «Ssang Yong» жол таңдамай­тын­ кө­лігімен қамтамасыз еткен­ «Агро­машХолдинг» зауыты дирек­торы­­ның бірінші орынбасары­ Серік Төлебаев қатысты. Ертесі­­не авто­­шеру Ақмола облысына табан тіреді. Жер жәннаты Көкше­­дегі мұражайларды аралап, Абылай хан алаңын айналды. Баспасөз мәслихатында сөз сөй­леген шығармашылық топтың мүшелері аймақтардағы музей­лер­дің көкейкесті мәселелерін сөз ете келіп, Ұлттық музейдегі игі ізденістерге иек артқан әріптес­тері­н­ің өтініш-тілектерін жеткізді. Бұған қоса Ұлттық музей қорына бірегей мәдени жәдігерлерді өткізу­ге ниет білдірушілер табылып жат­қанын айтты. Ал, «Ұлттық қазына» Қазақстан музейлері ассоциа­циясының құрылуы салада қорда­ланған түйткілдерді шешуге серпін береді деп үміттендіреді. Ұлттық музейдің 3 жылға жоспар­ланған жобасының 2015-2016 жылдары еліміздің шығыс, батыс, солтүстік аймақтарын қамтитыны алда әлі аспаған асулардың, шықпаған белестердің аз еместігін көрсетеді.

 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ

24.09.14