Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Қазақстанның "Мәдени мұрасы" бағдарламасы аясындағы ғылыми-зерттеу жобалары

Верный үш классты училищесі   (XIX ғасыр)

Басты бет - Мемлекеттік бағдарлама - Ғылыми жобалар - Этнографиялық коллекция

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің этнографиялық коллекциясы

«Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің этнографиялық коллекциясы» сериясы бойынша жасалатын каталогқа кіретін қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты сақтамдарға негізінен ХҮІІІ-ХХ ғғ. аралығын қамтитын құндылықтар енді. Олар дәстүрлі киім-кешек, қару-жарақтар, саз аспаптары, сәндік әшекей бұйымдары, баспана – киіз үй, оның ішкі жиһазы, мүкәмалдары мен ыдыс-аяқтары қамтылды. Оларды зерттеу насихаттау, дәріптеу ісі, дәлірек айтсақ, ғылыми, ғылыми-көпшілік жарияланым ретінде көпшіліктің игілігіне айналдыру ісі бұрын-соңды мүлдем қолға алынбаған-ды. Осындай бай мұраларды экспозиция немесе көрме түрінде көрсетумен ғана шектелмей, жаңа заманғы көркемделген, жан-жақты мағлұмат беретін басылымдар түрінде жарыққа шығару — музейдің сан-салалы ғылыми-зерттеу жұмысының іргелі бағыттарының бірі болып табылады

 

Ғылыми зерттеу жұмысының мақсаты Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің қорындағы қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қатысты коллекциясына бірыңғай зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы олардың ғылыми, мәдени, ғылыми-танымдық және музейлік маңызын жан-жақты айқындай отырып, ғылыми негізделген төрт томдық толыққанды каталогын жасау.

 

Олар:

  1. Дәстүрлі киім-кешек және қару-жарақ коллекциясы;
  2. Киіз үй, үй жиһаздары және ыдыс-аяқтар коллекциясы;
  3. Зергерлік бұйымдар және музыка аспаптар коллекциясы;
  4. Ат әбзелдері. Өндірістік-шаруашылық құралдар мен заттар. Ғұрыптық бұйымдар коллекциялары.

 

Музейлік заттардың ғылыми сипаттамасын жазу барысында ұшырасатын қиындықтарға байланысты Алматы қаласы мен қала төңірегінде тұратын информаторлардың ақыл-кеңесін алу, сонымен қатар, экспедициялар барысында информаторлардан дерек, ауызша мәліметтер алынды. Ол негізінен мата, бұл түрлерінің қазақша атауларын анықтау, киім-кешек пен үй бұйымдарының бөліктерінің анықтамаларын анықтау, сипаттап жазу хақында біраз табыстарға қол жеткізілді.

 

Этнографиялық коллекцияларды толық атрибуциялау, аналогтарымен шендестіру, сипаттау, оған қатысты атаулар мен халықтық терминдерді оның үлгі, пішімі, заттық мәдениетте қолдынылған дәстүрлі техника, технология, шикізат және т.б. толып жатқан ұңғыл-шұңғылы мол, құпия қыры мен сыры көп сан алуан проблемаларды сараптау, зерделеу үшін жобаны атқарушылар тарапынан түрлі материалдар, ақпара берушілерден ауызша деректер, мәлімет жинақтау мақсатында бірнеше ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Алматы, Жамбыл облыстарына, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына, Ресейдің Санкт-Петербург қаласына этнографиялық іссапарлар жүргізілді.

 

2006 жылы Ресейлік этнографиялық музей, Ресейдің Ұлттық кітапханасы, Мемлекеттік Эрмитаж, Ресей Ғылым Академиясының антропология және этнография музейі (Кунсткамера) сияқты мекемелердегі қазақ тарихына, мәдениетіне қатысты деректер мен мұраларды зерттеу мақсатында іссапар болды.

 

2007 жылы қазақ мәдениетін салыстырмалы түрде тереңдей зерттеу мақсатында қазақтар шоғырлана қоныстанған өңірлерден материалдар жинақтау көзделіп, нәтижесінде Қызылорда облысының Арал, Қазалы және Тереңөзек аудандарында, дені қазақтар мекендейтін, дәстүрлі мал шаруашылығымен ғана айналысатын Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына этнографиялық экспедиция ұйымдастырылып, жергілікті музей экспозициясы мен экспонаттары зерттелініп, ғылыми айналымға енгізілді. Осы жылы Орталық ғылыми кітапхана қорындағы қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген орыс тілді басылымдардың көшірмелері (деректер, карталар, сызба, фотосуреттер) алынды. Оның жалпы көлемі 760 бетті құрап, музейдің кітапхана қорын толықтырды. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарының берген нәтижесінің ұшан-теңіз болғандығын баса айтқан абзал.

 

Атап айтқанда, экспедициялар барысында шапшақ (төртбұрыш, сандық пішінді ыдыс), қамшы өрімі түрлері, киім – көйлек, бөрік, мата үлгілерінің түрлері (Жамбыл облысы), түйе, балық шаруашылығына қатысты құрал-жабдық, саймандар – қабадан, мардан, жылым, шонтай, қаза сияқты құрал түрлерінің ерекшеліктері, пайдаланылу жөніндегі мәліметтер жазылып алынды, фотоға түсірілді (Арал қаласы музейінен). Үй жиһаздары – сырмақ, тұскиіз, кілем, алаша түрлері, кілем станогы, өрмек т.б. қазақ қолөнерінің бұйымдары мен оған қажетті құрал-жабдықтардың фотосы түсіріліп, олар өз кезегінде музейлік экспозицияға реконструкциясын пайдалануға септігін тигізді.

 

Сондай-ақ, шағи шапан, төре шапан, толық жабдықталған ашамай, өрмелі пыстан-құйысқан-өмілдірік кешені, «көзді өрмелі жүген-ноқта», қылдан тоқылған тақия, ерте қап орнына жүрген «қарала қыл қап», әбдіре, сары ала кебеже, қобди, дүкен қобди, қардан таймайтын «тақалы пима», пиманың табанын тозудан сақтайтын тері шақай, кебіс-мәсі түрлері (мықшима, құмырсқа бел, биік өкше, үшкіл тұмсық кебістер), кестелі шыт, бүркіт асқазанын тазалайтын түтікше, жарғақ шалбар, жырық балақ кестелі шалбар, сәукеле, желек, жасырын кездік сапталған сары ала қамшы, таймайтын бүршікті тақа, дүкен сүйек қобди, откиіз, маяуза түрлері, қайыңтоз кесеқап (Баян-Өлгий музейі) және т.б. толып жатқан заттық мәдениет үлгілері туралы мәлімет алынып, сурет сызылып, атаулары белгіленді. Сонымен, осы іссапарлар барысында ақпарат берушілерден барлығы 60 беттік ауызша жазба белгіленіп алынып, 1000 нан астам фотосурет (digital) түсіріліп, барлығы орталықтың жұмыс қорын толықтырып, музейлік жұмыстарға тиімді пайдаланылуда.

 

“Дәстүрлі киім-кешек және қару-жарақ коллекциясы” деп аталатын көлемі –40 б.т. құрайтын еңбектің электронды нұсқасы әзірленді. Қорлардағы каталогқа енетін музейлік заттарды іріктеу, зерттеу, сұрыптау сияқты жұмыстар атқарылса, заттардың жеке карттарын тексеріп, анықтама, сипаттамаларын нақтылау, қазақ, орыс тілдеріндегі анықтамаларын электрондық базаға енгізе отырып, фотоға түсіру жұмыстары жүргізілді. Оның құрамына барлығы 800 сақтам бірлігін құрайтын музейлік зат енгізілді. 2-томға маусымдық, жас, жыныстық және адамның дене құрылысының ерекшеліктеріне қарай пайдаланылатын бас киімдер, сырт киімдер, сәндік немесе ғұрыптық киім сияқты т.б. тұтыныстағы киімдер — Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің коллекциясындағы ХҮІІІ-ХХ ғғ. аралығын қамтитын құндылықтар енеді. Сондай-ақ, көшпелілердің дәстүрлі қару-жарақ түрлері мен сауда-айырбас, олжа, тарту-таралғы тәрізді этнобайланыстар барысында келіп этникалық қолданысқа түскен Орта Азия және Кавказдық қару-жарақтарын да қамту көзделіп отыр.

 

«Киіз үй, үй жиһаздары және ыдыс-аяқтар коллекциясы» деп аталатын 2-томның негізгі сұлбасы қалыптасты. Бұл томда киіз үй мен оның жиһаздары қамтылады. Дәлірек айтсақ, киіз үйдің бөліктері мен кілем, сырмақ, текемет, басқұр, қоржын, аяққап, кесеқап және ыдыс-аяқ, қазан-ошақ бұйымдары сияқты үй жабдықтары мен мүкәмалдарының музейлік бай коллекциясы каталогке біріктіріледі. Жоғарыда аталған тақырып аясына қамтылатын мыңнан астам сақтам бірлігінен қазірге дейін барлығы 800 сақтам бірлігі, атап айтқанда, киіз, тоқыма бұйымдары (77 сырмақ, 200 кілем, 50 алаша, 50 текемет, 40 тұскиіз, аяққап 40, қоржын 45, керме 20 = 584 бірлік) және 216 ыдыс-аяқ, кебеже-сандық сияқты этнографиялық бұйымның ғылыми анықтамасы мен атрибуциясы жасалып, оның тарихи-мәдени құндылығы сипатталды. Аса көп физикалық күш пен уақытты талап ететін каталогтау жұмысы барысында колекцияның осы томына енетін барлық экеспонаттар фотосуретке түсіріліп, оның цифрлық нұсқасы сақтам бірліктерінің анықтамаларымен біріктіріліп, каталог-альбом түріне келтіру жұмысы атқарылды. Каталогқа енетін сақтам бірліктері төмендегі құрылым бойынша топтастырылып жасалуда. мысалы, киіз үйдің негізгі екі құрамы: 1) қаңқасы, яғни, кереге, уық, шаңырағы; 2) киіз үй жабындары – туырлық, үзік, түндік, іргеліктері және басқадай бау-басқұр сынды сәндік әшекей түрлері; 3) үйдің үй мүкәмалдары - кілем-төсеніш бұйымдары, үй жиһаздары, жабдықтары, ыдыс-аяқ деп бөлінген.