Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Н.Әбдіровтің ескерткіші

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - «Есік» қорық-музейінде «ІЗбасарлар» көрмесі ашылды

«Есік» қорық-музейінде «ІЗбасарлар» көрмесі ашылды

Сейсенбі, 05 желтоқсан 2017 Д.Қ. Зікірия

«Есік» қорық-музейінің ғалым-хатшысы

Қазақ халқында мағынасы терең, ұғымы кең, мәні зор «ізбасар» деген сөз бар. «Ізбасар» өткеннің мұрасын ұстап, сол соқпақпен жүретін жан ғана емес, сол мұраны, өсиетті, аманатты өзінен кейінгі толқынға табыстайтын, ауыр жүк арқалаған адам. Қандай да бір ұлттың, халықтың ғасырлар бойы замана көшімен бірге жасасып келе жатқанының себебі де осындай Ізбасарлардың еңбегі десек болады. Жазиралы Жетісу жері көне заман ескерткіштеріне өте бай өлке. Қаншама археологиялық жаңалықтар ашылып жатса да  Жетісу жерінің қойнауындағы құпия қазына әлі талай жылдарға азық болары анық.

Сондай құпиялардың бір парасын паш еткен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына, 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Елбасы күніне орай  археологиялық жұмыстарының нәтижесіне арналған «ІЗБАСАРЛАР» атты көрме 2017 жылдың 29 қарашасында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында ашылды. 

Көрмеде «Есік» қорық-музейінің 5 жылдық археологиялық жұмыстарының нәтижесінде табылған артефактілер яғни,  қазба жұмыстары мен қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелері, сондай-ақ ежелгі «Пазырық» кілемінің алғашқы көшірмесін орын алды.

Қандай да бір тұлғаның ізбасарлары болары хақ. Ол тұлға өзінің ұстаздық өнегесімен, тәлімді тәрбиесімен ізбасарларының жүрегінің терең түкпірінен орын алып, жадында жатталып қалады.

Біз үшін осындай Тәлімгер, Ұстаз, ол – археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұханбетов (Бекен ата) еді. Ол қорық-музейдің жас археологтарын тәрбиеледі, білгенін жалықпай үйретті, музейде археологиялық мектептің негізін қалады. Осы көрмеде аталмыш археологқа арнайы бұрыш бөлініп Ізбасарларының Ата туралы жазған жылы лебіздері орын алды.

Сонымен қатар келушілер бұл көрмеден басқа да тарихи құндылыққа  ие жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, көне мәдени мұралар мен археологиялық қазбалар және  археолог-зерттеушілер мамандығының сабақтастығы жайында да көптеген мәліметтер алып қайтады. Оған қоса мұнда «қазіргі замандастарымыз келешек ұрпаққа қандай ІЗ қалдырады, болашақ археологтар бізден қалған қандай мұраны зерттейді? Біздің болашаққа қалдыратын қандай өркениетіміз бар? Біз бұрынғы өткен бабаларымыз сияқты саф мұра қалдырамыз ба? Әлде, экологиялық қоқыс тастаймыз ба?», - деген сұрақтарға да жауап іздейді. 

Көрмені «Есік» қорық-музейінің ғалым-хатшысы Д. Зікірия ашып, одан кейін келуші қонақтарға қорық-музейдің аға ғылыми қызметкері, көрме авторларының бірі – Т. Тулегенов экскурсия жүргізсе, «пазырық кілемі» туралы арнайы экскурсияны ғылыми қызметкер – Ә. Амарғазиева жүргізді. Бұл кілем үлгісі өзінің көнелігі мен жасалу технологиясы арқылы келуші қонақтарды қатты таң қалдырды. 

Көрменің ашылуында Өрікті №1 орта мектебінің 9-шы сынып оқушылары мен ұстаздары және РТРК «QAZAQSTAN» телеарнасының, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері мен бірқатар музейге келуші қонақтар болды.

Сондай-ақ экспозицияның компоненті ретінде, тақырыпқа сай қойылған «өз ізіңді қалдыр» атты интерактивтері оқушылардың қызығушылықтарын оятты.

Көрме ұйымдастырушылары мен қорық-музей қызметкерлері осы көрменің ойдағыдай болып шығуына зор еңбек сіңірген қорық-музейдің бас суретшісі Бектеміров Дәулетке ерекше алғысын білдіреді.