Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Бабаджа-Хатун кесенесі

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - «Есік» қорық-музейінің кезекті экспедициясы

«Есік» қорық-музейінің кезекті экспедициясы

Жұма, 25 тамыз 2017Жалпы қазақ жері, оның ішінде Жетісу жері ежелгі тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне өте бай өлкелкелердің бірі. Күні бүгінге дейін сол ескерткіштер зерттеліп, ол туралы көптеген еңбектер жарық көруде. Алайда, әлі де болса анықталмай, зерттелмей, сол себептен ғылыми және көпшілік ортаға белгілі болмай жатқан көптеген тарихи-мәдени мұра ескерткіштері көптеп кездеседі. Демек, бүгінгі таңдағы ғана емес, болашақ ғалымдар үшін Жетісу жерінің ашылмай жатқан құпиялары мен қазыналары әлі де болса жеткілікті деп санаймыз. Сол мұраларды зерттеп, оны жарыққа шығару, еліміздің ғылыми ортасының қымбат қазынасына айналдыру бүгінгі ғалымдардың басты міндеттерінің бірі.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері «Жетісу сақтарының мифологиясы мен идеологиясы» атты қолданбалы-ғылыми жобасының аясында тамыз айының 9-20 аралығында Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылдық округіне қарасты Долайты ауылының оңтүстігінде 10 шақырым жерде орналасқан Науаскескен және Болыс сай сайларына ғылыми іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтты. Барлау жұмыстарының нәтижесінде қос бірдей сайдан қола дәуірінен бастап ерте темір дәуіріне дейінгі аралыққа тән жартас суреттері мен ежелгі тұрақтардың, сонымен қатар, ғибадатханалардың орны анықталды. Батыстан шығысқа қарай созыла жатқан Болыс сай сайындағы жартас суреттерінің көбі қола дәуіріне тән болып келеді және өкінішке қарай, олар табиғи факторлар, техногенді және антропогенді әсерлерден толықтай дерлік жойылған. Аталған нысандағы ерте темір дәуіріне тән жартас суреттері өте сирек және тау беткейлерінің етегіне таяу тұстарда ғана кездеседі. Дегенмен бұл нысанда қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі жерлеу орындары мен тұрақтар біршама көбірек кездеседі.

Керісінше Науакескен сайындағы жартас суреттері көбіне ерте темір дәуіріне тән болып келеді және ішінара қола дәуіріне тән ескерткіштер де кездеседі. Бір ерекшелігі мұндағы петроглифтердің таудың орта бөлігінен басына қарай орналасуында. Алдыңғы нысанмен салыстырғанда мұндағы жартас суреттерінің сақталу деңгейі жақсы деп бағалауға болады. Алайда, қос бірдей нысандағы суреттердің басым көпшілігі апатты жағдайда. Кезінде батыстан шығысқа қарай шамамен 2,5-3 шақырымға созылып жатқан, тұтастай галерея болған жартас суреттерінің бүгінде 85-90% жойылған.

Мұндағы жартас суреттерінде Жетісу жартас суреттеріне тән бұғы, қос өркешті түйе, арқар, таутеке, ит, қасқыр, садақшы, салт атты, бұқа және аңшылық сахналарымен қатар өте сирек болса да адам бейнесі, күн басты құдай бейнесі мен әлдебір таңбалар кездеседі (фото 2).

Экспедиция барысында жартас суреттері орналасқан орындар белгіленіп, есепке алынды. Сонымен қатар жартас суреттері фотосуретке түсіріліп, таңдаулы петроглифтердің бірнеше көшірмелері (эстампаж) жасалынды. Аталған орындардағы қола дәуірі, ерте темір дәуірі, түркі кезеңдеріне тән бірнеше тұрақтар, қоныстар мен қорымдар, сондай-ақ орта ғасырдағы қыш ыдыстарының сынықтары, моншақ пен дән үккіштер  табылды. (фото 6-7).

Болашақта бұл нысандарға ірі археологиялық-ғылыми зерттеу жұмыстары жасалынып, арнайы еңбектер жазылады деп сенеміз. 

 

Зікірия Д.Қ.

«Есік» қорық-музейінің ғалым хатшысы

 

Амаргазиева Ә.Ж.

«Есік» қорық-музейінің ғылыми қызметкері