Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Шымкенттегі археологиялық қазбалар

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - Кармен Джаннаттазио: театрдан қонақ үйге – «тақуа» тәрізді өмір кешудемін

Кармен Джаннаттазио: театрдан қонақ үйге – «тақуа» тәрізді өмір кешудемін

Жұма, 08 қыркүйек 2017

Бүгін, 8 қыркүйек күні, «Астана Опера» сахнасында Дж. Вердидің «Фальстаф» операсының соңғы спектаклі көрсетіледі. Басты партияларды орындаушылардың бірі Кармен Джаннаттазио аңызға айналған миландық Ла Скала театрының сахнасына қалай келгені және мансап үшін неден бас тартқаны жайлы сырымен бөлісті.

Өзіңіздің партияңыз туралы сөз етсеңіз, кейіпкеріңіз Алиса байсалды ма әлде күлкілі ме?

Кармен Джаннаттазио: Менің ойымша, күлкілі. Партиямды қуана-қуана орындаймын, әдетте, барлық менің кейіпкерлерімнің тағдыры қайғылы аяқталып, көп жағдайда қайтыс болып жатады. Бұл рөл – әріптестеріммен бірге сахнада көңіл көтеріп, жұмыстан рахат алып, оң әсерге бөленуге деген жалғыз мүмкіндік. Оның үстіне, «Фальстаф» операсында Дж. Вердидің ұлы музыкасы және менің дауысым дәл оған арналған.

Операны еркін әрі көңілді өнерге айналдыру қиын ба?

Кармен Джаннаттазио: Ия, себебі ол – күрделі опералардың бірі, вокал жағынан болмаса да, музыка жағынан қиын. Біріншіден, біз көппіз, құрамымыз ауқымды. Дұрыс үндестілікте, нақты ырғақта орындаудың өзі қиын. Кейбір кезде оркестрдің сүйемелдеуінсіз ән айтамыз – бұл да оңай емес. Өте ұзақ ариялар да бар, бұл бірінші кезекте Фальстафтың партиясына қатысты. Бірақ, мына біз, әртістер, қолдан келгенше бар жақсыны жасаймыз. Дирижер Зубин Метамен жұмыс жасаудың өзі – кез келген әнші үшін асқан бақ. Әрбір өнер көрсету алдында бәріміз бірге жиналып, ең күрделі жерлерінен жүріп өтеміз. Ол – перфекционист, әр жолы бәрі ойдағыдай болғанын қалайды.

Жақында «Астана Опера» сахнасында әлемге әйгілі «Опералия» байқауы өтті, 2002 жылы Парижде өткен «Опералия» байқауына сіздің де қатысып, көрермендер көзайымы сыйлығына ие болғаныңызды білеміз. Осы байқаудағы жеңіс шын мәнінде әншіге әлемдегі үздік театрлардың есігін айқара аша ма?

Кармен Джаннаттазио: «Опералия» - әлемдегі айтулы әрі мәртебелі байқаулардың бірі екені хақ. Астанада өткен байқау туралы естіп, білдім, қазақстандық жеңімпаз – Мария Мудряк жайлы да хабардармын. «Опералияның» жүлдегері болған кезде, барлық театр басшыларының, көрермен қауымның назарына ілігесіз. Бірақ бұл – осымен бәрі аяқталып, сіз өз мансабыңызды жасадыңыз деген сөз емес. Осы сәттен бастап барынша күш-жігеріңізді салуға тура келеді, себебі өнер жолы өзімен-өзі құрала кетпейді. Шыңға өрмелеу үшін талпынып, биігіне жетуге тырысу қажет. Менің бұндай тәжірибем бар деп айта аламын, ең қиыны өрмелеу емес, ең күрделісі – соған жеткенде басталады, міне, сонда осы деңгейді, көрермендер пікірін, сынын және әріптестеріңізді сақтап қалу керек.

Сіз әлемнің ең беделді сахналарында өнер көрсетудесіз, қазақстандық «Астана Опера» театрымен салыстырарыңыз бар ма? «Астана Опера» жайлы әсеріңіз қандай?

Кармен Джаннаттазио: Мен үшін осы жерде болу – үлкен мәртебе! Сәулеті ерекше келіскен ғимараттың стилі өн бойына қазақи әрі еуропалық нақышты біріктірген. Үлкен және Камералық залдарда болдым, дайындық залдарын, грим бөлмелерін, фойені көрдім – бәрі тамаша! «Астана Операның» суреттерін анама жолдадым, ол залдың кереметтігіне тамсанып, осында келгісі келетінін айтты. Мені сондай-ақ қала таң қалдырды, біраз жерлерін көрмесем де, көп әсер алуға әлі уақытым бар.

Дауыс – әншінің жалғыз құралы. Оған қандай күтім жасайсыз, өзіңіздің шеберлік құпияларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

Кармен Джаннаттазио: Көз алдыңызға 3 сағат бойы айғайлауды елестетіп көріңізші, себебі орта есеппен спектакльдің ұзақтығы сондай. Оның үстіне әдемі, дұрыс айғайлау керек, сөйлеу емес, дәл айғайлау қажет. Айтарым – бұл қиын. Тек дауыс желбезегі ғана емес, сонымен қатар бүкіл денеңіз де шаршайды, сондықтан спектакльден кейін мүлдем сөйлемеуге тырысамын. Ал спектакльге дейін тамақ жемеймін, сүтті тағам ішпеймін – бұл дауысқа зиян. Жалпы айтқанда, «тақуа» тәрізді өмір кешудемін: театрдан қонақ үйге жол тартамын. Міне, дауысқа деген қамқорлық осы. Еңбек демалысы кезінде қалағанымды ішіп-жеп, жасаймын, мысалы, велосипедпен қыдырамын немесе мотоцикл айдаймын.

Партияларды тез жаттайсыз ба?

Кармен Джаннаттазио: Бұл операға байланысты. Өмір бойы жаттап жүретін партиялар бар. Мысалға, Винченцо Беллинидің «Норма» операсы. Әр жолы өзім үшін бір жаңалық ашып отырамын. Жаттауға бар-жоғы бір ай уақыт кететін ыңғайлы партиялар да бар. Бірақ, бұл жағдайда да сіз өзіңізге жаңашылық табасыз. Мен де перфекционистпын, өзімнің барлық партияларымды үнемі жетілдіріп отыруды қалаймын, жақында Метрополитен-опера театрында «Травиата» операсынан Виолетта рөлін орындадым, осы бейнеде сахнаға 70 реттей шықтым. Партитураны аша отырып, өзім үшін жаңа өзгешелік тауып, бұрын оны неге байқамағаныма қатты таң қалдым. Үнемі бірдеңені жаттаудасың, опера – сіздің өнер жолыңызда аяқталмайтын партиялар бойынша жұмыс жасау.

Мамандығыңызда барынша көп ықпал еткен кім?

Кармен Джаннаттазио: Музыкаға, операға қалай келгенімнің өзі бір таңғажайып оқиға. 2 жасымда, балабақшаға барып жүргенімде, фортепиано музыкасының әлеміне жол ашылды. Сол сәтте кәсіби түрде пианинода ойнауды үйрене бастадым. Кейін ұстазым менің дауысым мен дарынымды аңғарып, вокалмен айналысуым керектігін айтты. Вокалдық шеберлік пен аспапта ойнау – мүлдем бөлек нәрсе екенін айта кеткен жөн. Ән салып жатқанда, өзіңізді, денеңізді сезіну керексіз, классикалық вокалдың не екенін білу үшін 3 жылым кетті. 24 жасымда Ла Скала сахнасынан бірақ шықтым – алғашқы өнер көрсетуім осы болды. Менің ұстазым – түрік сопраносы Лейла Генчер менің болашағымның зор екенін, осы аңызға айналған театр сахнасында ғана өнер көрсету керектігімді айтты. Осылайша, ұзақ уақыт бойы менің ынтымақтастығым жалғасып, осы сахнада өнер көрсетіп келемін.