Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Алаша хан кесенесі

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - Айбынды жауынгер, үнді ханшайымы және алтын пұттың дебюты

Айбынды жауынгер, үнді ханшайымы және алтын пұттың дебюты

Сейсенбі, 24 қазан 2017Осы күзде «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресей Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы Л.Минкустың атақты «Баядерка» спектаклінде маңызды үш дебют орын алмақ. 28 және 29 қазан күндері Үлкен зал сахнасында астаналық театрдың балет әртістері айбынды жауынгер Солор, ханшайым Гамзатти және Алтын пұттың өзіндік бейнелерін ұсынуға әзірленіп жатыр.

Солор – классикалық балеттің әлемдік репертуарындағы ең жарқын бейнелердің бірі. Көптеген әртістер жас шағынан бастап ғибадатхананың баядерка-бишісіне ғашық болатын айбынды үнді жауынгерінің партиясын орындауды армандайды. 28 қазан «Астана Операның» жетекші солисі Олжас Тарланов алғаш рет Солор рөлінің өзіндік интерпретациясын ұсынбақ. Әртіс балет залында ұзақ уақыт өткізіп, егжей-тегжей дайындық жасауда.

- Мен үшін осы партияны орындау өзімді басқа қырымнан жүзеге асырып, көптеген күрделі техникалық элементтерді, яғни қарапайым емес вариацияларды, трюктерді, секіруді, екпінді па-де-дені орындауда күшімді сынау үшін мүмкіндік болмақ. Осы уақытқа дейін негізінен лирикалық кейіпкерлерді, ханзадаларды орындадым, ал бұл жерде басқа бейне – жауынгер бейнесі. Қызуқанды әрі батыл Солор ғашық болады, қайғырады, кінәсін сезінеді. Осының бәрін көрерменге жеткізу керек. Бұл партияны үнемі билегім келетін және осы бейнені сеніп тапсырғаны үшін көркемдік жетекшіміз Алтынай Асылмұратоваға алғысым шексіз, сонымен қатар әріптестерім Әйгерім Бекетаева мен Әнел Рүстемоваға көрсеткен қолдаулары үшін рахметімді айтамын, - деп бөлісті Олжас Тарланов.

Солордың қалыңдығы – намысқой сұлу ханшайым Гамзатти. 29 қазан күні сахна төріне раджа Дугмантаның қызы партиясында алғаш рет жас әртіс Шұғыла Әдепхан шығады. Он жеті жасар орындаушы үшін бұл біршама актерлік шеберлікті талап ететін бірінші үлкен рөлі болмақ. Егер балеттің басында кейіпкердің сыпайылық, ақсүйектік әрі жігерлі, «болаттай» мінезін көрсету қажет болса, соңында ол күйеу жігітінен айырылып қалуға қорқатын қыздың «қайнаған» жан толғанысын, күйзелісін және қызғанышын бейнелеуі тиіс.

Алтын пұттың биі алғаш рет «Баядерка» спектаклінде 1948 жылы пайда болды. Алғашқы орындаушысы әрі қоюшысы Н.Зубковский болды. Осы бір жарқын, әсерлі әрі техникалық тұрғыдан күрделі би үшін Л.Минкустың «Көбелек» балетінен «Парсы маршы» атты музыкалық үзінді пайдаланылған. 28 қазан күні Алтын пұт рөлінде жас, болашағынан зор үміт күттіретін әртіс Айбар Тоқтар дебют жасайды.

Факир Магедавея бейнесін алғаш рет Ақарыс Бейбарыс ұсынады.

Баядерка Никия партиясын жетекші солистер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Басбаева, Ұлы Браминді – Жәнібек Иманқұлов, Ильдар Шакирзянов, раджа Дугмантаны – Рахметолла Науанов ұсынады. 28 қазан Гамзаттиді театрдың жетекші солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Әнел Рүстемова сомдайды. 29 қазан Солор партиясын жетекші солист, көптеген байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан орындаса, Алтын пұтты солист, халықаралық байқаулардың лауреаты Серік Нақыспеков билейтін болады. Спектакль «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді, қоюшы-дирижері – Арман Оразғалиев.

Басталуы сағат 18.00-де.