Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Түрік мұрасы   (VIII ғасыр)

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - Мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру мәселелері

Мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру мәселелері

Сейсенбі, 14 қараша 2017 2017 жылдың 10-қараша күні Отырар аудандық мәдениет сарайында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі және Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі бірлескен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Семинар жұмысы музей қорындағы өткен тарихтың айғағы болатын құнды жәдігерлермен және өңірлік қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен жабдықталған көрмеден бастау алды.

Музей саласының төңірегінде жүрген зерттеуші-ғалымдарды музей ісінде, музей мамандарымен бірлесіп зерттеулер жүргізуге жұмылдыру және еліміздегі әр өңірлік музейлердің қорында сақтаулы құнды мұраларымыздың тарихын ашуға, олардың аймақтық ерекшеліктері, жәдігерлерімізді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қолға алуға үндеу жасау мақсатында ұйымдастырылған семинарға тарихшылар, отандық ғалымдар мен музей ісінің мамандары қатысты.

Жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары  Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы ашып беріп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық мұражайы директорының орынбасары Дәулеткерей Құсайынов және аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш Отырар тарихына, тарих зерттеушілері мен музей мамандарының еңбектеріне, жеткен жетістіктеріне тоқталып, қатысушы қонақтарға сәттіліктер тіледі. 

Ұлттық қол жазбалар және сирек кітаптар орталығы директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы Әмірқұл Әбуов: Түркістандағы жер асты жолын неге ашпасға,- деп ұсынысын білдіріп, әулиелігі мен кереметтері арқылы көпшілікке танылған тұлғалар жайлы «Рашахат Айн Әл-Хаят» атты кітапты мұражайға табыстады.

Семинардың пленарлық отырысында  еліміздің әр түкпірінен келген қатысушылар баяндамалар оқып, тың ойларын ортаға салды. Сондай-ақ музейлер саласындағы өзекті мәселелері талқыланып, құнды жәдігерлердің музейлерге түсу жолы мен тарихының ашылуына ерекше мән беріліп, ұсыныс-пікірлерде айтылды.

Түскі астан соң, қонақтар Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалажұрты орындарына барып, тарихымен танысты.

Мұнан соң, Отырар қорық – музейінің реставрация және  консервация бөлімінің қызметкерлері «Музейлік жәдігерлер қайта қалпына келтіру мен сақтау ережелері» бағыты бойынша өз жұмыстарымен таныстырып, «Қолданбалы өнерді дамыту» секция барысында шебер-класс ұйымдастырды. «Музей қорындағы жәдігерлерді есепке алуда қолданылатын ережелер» тақырыбындағы соңғы секция бойынша қор сақтау бөлімінің қызметкерлері жәдігерлерді сақтау қоймаларымен және есепке алу, тіркеу құжаттарымен таныстырып, тәжірибе алмасты.

Семинарды Отырар қорық-музейінің директорының орынбасары С.Ш.Ақылбек пен Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің директоры А.А.Жұмашов қорытындылап, қатысушы қонақтарды сертификаттармен марапаттап, алғысын білдірді.

Семинар екінші күні де жалғасын тауып, қатысушы қонақтар мен ұйымдастырушылар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Әзірет Сұлтан, Гауһар ана, Үкашата кесенелеріне саяхат жасады.