Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мақала және жарияланымдар

Қырық оба қорымы   (VII BC)

Басты бет - Материалдар - Мақала және жарияланымдар - Отырар өңірінің қолөнер шеберлері

Отырар өңірінің қолөнер шеберлері

Бейсенбі, 15 маусым 2017А.А. Жұмашова

«Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы» РМҚК-ң, Этнография ғылыми - зерттеу бөлімінің меңгерушісі т.ғ.к.

Отырар өңірінің қолөнер шеберлері

Қазақ халқының қолөнері, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы этнографиялық тұрғыда жан-жақты зерттеліп келеді. Қай халықтың болса да рухани әлемі оның дәстүрлі өнерінен, мәдениетінен, тұрмысынан көрінетіні анық. 

Қазақ халқы өнерлі халықтың бірі баспанасы киіз үйден бастап  оның ішіндегі қолданылатын барлық заттарын, әшекейлі бұйымдары мен киім-кешектерін шебер жасай білген ұста халық болған.

Отырар өңірінде қолөнер кәсібінің мына түрлері белгілі болған: мал жүнінен түрлі бұйымдар жасау, тері ұқсату мен етікшілік, сүйек пен мүйіз ұқсату, зергерлік өнері, үйшілер, ершілер өнері, металл өңдеу. Халық шеберлерінің жасаған еңбектері мен ата-бабаларымыз жайында деректерді қытай, парсы, араб жылнамаларынан т.б. бірқатар батыс елдерінің мұрағаттарынан кездестіре аламыз. Тарихи зерттеулерде қазақ халқының қолөнер түрлері сонау көне дәуірлерден бастап қалыптасып келе жатқаны мәлім.Қазақ халқының қолөнерін этнографиялық тұрғыдан ХІХ ғ. аяғында ХХ ғ. басы мен ортасында Т.К.Басенов, Н.Б.Бурундуков, А.Клодт, Н.А.Оразбаева, С.М.Дудин, А.Масанов, Э.Молодов, т.б. ал, ХХ ғ. екінші жартысынан қазіргі кезге дейін А.Марғұлан, Х.Арғынбаев, Ә.Тәжімұратов, Ө.Жәнібеков, С.Қасиманов, Ж.Бабалақұлы, М.Тоқтабаева, Б.Қазиханова, Б.Байжігітов, М.Ш.Өмірбекова т.б. ғалымдар зерттеген.

Ел ішінде әр істің хас шебері болған. Олардың жасаған құнды мұралары Қазақстан мұражайларында сақтаулы. Тарихи-мәдени құндылықтарымыздың киелі мекені Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы  Отырар өлкесінің көне заманнан осы күнге дейін археологиялық және этнографиялық ескерткіштерінің басты қоймасы, археологиялық тарихи ескерткіштер орнын анықтайтын, зерттейтін, мәдени ағарту ғылыми- ақпараттық, ғылыми көпшілік, ғылыми – зерттеу,ұлттық құндылықтарымызды сақтау, насихаттау, қорғау жұмыстарымен айналысады.

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының қызметкерлері ұлттық мәдени маңызы бар заттарды іздестіру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара, Арыс, Ордабасы аудандарында «Өресі биік, өрісі кең өнер», Қызылорда облысы Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында «Өнер көзі халықта», Отырар ауданында «Қолөнер – халық қазынасы, ғасырлар мұрасы» атты тықырыптарда этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырды. Сөз өнерінің, қолөнерінің қадірін білген қасиетті кісілердің асыл мұрараларын зерттеу, жинақтау жұмыстары бағытында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының қызметкерлері айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді.

Қолөнеріміздің озық үлгілерінің қаймағын бұзбай қазірге дейін жеткізіп өнерін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп үйретіп отырған, он саусағынан өнері тамған сырмақ сыру, кілем, алаша тоқу, текемет басу өнерін жалғастырушы қолөнер шеберлерін этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедициялары барысында анықтады. Атап айтанын болсақ ОҚО, Отырар ауданында Романова Бибайша, Әбдіхалықова Несібелі, Қарабасова Күлбала, Әбдрайымова Күлайша, Тұмаркүл Бейсенова сияқты жүннен жасалған бұйымдардың шебері, сондай-ақ ағаш және темір ұсталары атанған көне көз қариялар  Абыт Раушанов, Ілияс Алшынбаев, Құрақбаев Шәрібек, Сыздықұлы Надайымбек, Керімбай Жұматайұлы, Домбыұлы Қалдаяқ, Нұрымбетұлы Сыздық, Тегісов Арын т.б.

Қазіргі таңда аталған қолөнер шеберлерінің біразы өмірден өтіп өткен. Ата-бабалар қызметін халыққа таныту бүгінгі жас ұрпаққа үлгі тұту дәстүрін жалғастырушы қолөнер шеберлері де арамыздын ұзауда. Олардың еңбектеріне тоқталатын болсақ:

Шебер апаларымыздың бірі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Аққұм ауылының тұрғыны Несібелі Әбдіхалықова. Зеректігі мен ұқыптылығының арқасында киіз үйдің бау басқұрынан бастап түкті кілем, тақыр кілем, алаша, текемет басып, сырмақ сыруды өз анасынан 9 жасынан бастап үйренген. Аталған өнер түрлерін шебер жасай білген ананың есімін бүгінгі таңда жұртшылық мақтанышпен атайды. Шебердің айтуы бойынша бұл өнер түрі күрделі де бейнеті мол сала, үлкен икемділікті, шыдамдылықты, төзімділікті талап етеді. Несібелінің тоқыған қазақ халқының ұлттық үлгісіндегі кілем қоржын, ақ басқұр, аяқ қап, сырмақ, текемет, терме алаша, қақпа алаша, т.б. туындылары жоғары бағаланып Оңтүстік Қазақстан облысы,  Отырар ауданы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының төрінен орын алды.Ол тек қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын ғана емес ұрпақтан ұрпаққа қалған зергерлік бұйымдардың бірнеше түрін Отырар қорық-мұражайы қорына өткізді, бұл қолөнерді шын сүйіп қастерлеуінің белгісі болса керек. Атап айтатын болсақ, күмістен жасалған тана, түйме орнына тағатын жәуек, білезік, жүзік – бұларды соғуда өзгеше нақыштар қолданып өте нәзік етіп жасалғандықтан бұйымдар көздің жауын алғандай.

Қолөнер шебері Күлайша Әбдрайымованың қолөнер бұйымдары – кілем, алаша, сырмақ, т.б. 1980 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық көрмелерде көрсетілді. Күләйша апа өзі тіккен кілем құрақты 2005 жылы Отырар мұражайы қорына тапсырды.

Келесі қолөнер шебері Тұмаркүл Бейсенова да 13 жасынан бастап түкті кілем, тақыр кілем, алаша тоқып, көз майын тауысып, кесте тігіп, шеберлікпен атағы шыққан өнерпаз ана. 1985 жылы Отырар мұражайына өзі тоқыған шекпенді тапсырған. Шебер апаның ұрпақтары ағаш табағы мен ожауын 2010 жылы Отырар мұражайына тапсырды.

Қазақ халқы қай заманда да өнерден кенде болмаған. Әр ауылда қазақтың киіз үйін жасайтын үйшілер, сандық, кебеже жүк аяқ сынды үй жиһаздары мен әртүрлі әшекей бұйымдар жасайтын шеберлері болған. Олар жайында әңгіме етер болсақ ОҚО, Отырар ауданы Көксарай ауылының тұрғыны киіз үй жасайтын үйші Ілияс Алшынбаев. Ол өз өмірін қолөнер жұмысына бағыштап, 60 жылдан астам уақыт киіз үй жасаумен айналысып келеген. 12 жасынан бастап ата-баба кәсібін халық игілігіне жұмсаған. Үйшінің айтуы бойынша киіз үйдің сүйегіне жарайтын ағашты күзде қырқып, дайындап, ол ағаш қыс бойы жататын болған, маусым, шілде айларында киіз үйдің сүйегін жасауға пайдаланған.

Киіз үйдің кереге, уық, сияқты ағаштарын жасау үшін «мор» деп аталатын пешті тақыр жерге орнатқан. Оның ұзындығы 3,5 метр, екі қабырғасының төбесін кіірпішпен қалап, сыртын сылаған, бір басынан мойын шығарады. Осы мойынға қарапайым қалыппен кепкен ағаштарды(14-15 дана) ұзыннан ұзақ сұлыта жатқызады да мордың бір жағынан от жағады, екінші жағынан түтін шығады. Ағаштарды оттың жалынына емес, қызуына балқытады. Себебі оттың жалынына ағаштар қатты күйіп кетуі мүмкін.  Киіз үй ағаштары қызғыш түске еніп балқытылғаннан кейін оттан алып тезге салады. Киіз үйдің ағаштарын жасайтын кереге, уықтың қисық жерін өңдеп отыратын құралды тез деп атайды. Тез арқылы қисық ағашты оқтай етіп түзетеді, түзу ағашты иеді. «Қисық ағаш жатпайды тез қасында» деген мақал осыдан қалса керек. Үйшінің айтуы бойынша тезді тораңғыл мен жиде ағашынан жасаған.  Тез басуды түрегеп тұрып жасайтын болған.

Киіз үйдің ағаштарын жасайтын құралдың бірі жоңғы арқылы үй ағаштарының кем-кетігін тегістейді. Үскі деген ұшы істік құралмен уық бау өткізетін көзді тесетін болған. Ырғақ кереге сағаналарының мүсін біркелкілігін сақтау үшін арнайы жасалатын қалып. Ал түрпі деген құрал ағаштың ой шұқырын тегістейді. Міне, осы негізгі құралдарды пайдалана отырып киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, т.б. керек жабдықтарын жасаған екен. Ілияс атаның айтуы бойынша киіз үйді халықтың сұранысы бойынша жасаған және бір ай көлемінде жасап бітетін болған.

Қазақ халқында үйшілер өнері сонау көне замандардағы көшпелілік өмір салтына байланысты қалыптасып, ғасырлар бойы даму нәтижесінде халықтық өнер дәрежесіне жеткен.

Отырар ауданында ершілік өнері ерекше дамыған. Құранды ер жасайтын Мұсабеков Садуақас, Құрақбаев Шәрібек, Абыт Раушанов тәрізді ершілерді ерекше атауға болады. Құранды ерлердің сыртқы көрінісі болсын, жасалу техникасы болсын Қазақстанның басқа облыстарындағы қазақ ерлерінен өзгешерек болып жасалады. Мүндай ерлерді 18 бөлек ағаштан кейде одан да көп бөлшектерден желімдеп құрастыратын. Бұған түрлі жеміс ағаштары, қарағаш, терек, қара тал мен тораңғыл т.б. ағаштар жарай береді. Мықты қып ұстату үшін ағаш желіміне таралған тарамыс талшықтары қосылатын. Барлық бөлшектердің басын қосып, ер әбден қалпына келтірілген соң оның сыртынан тарамыс араластырылған желім 4-5 рет жағылады. Сондай-ақ ерді жасағанда жарылған жерлеріне малдың сіңірін кептіріп, жүн түтегендей түтетіп, оны желімдеп жаққан. Бұрынғы уақытта желімді сиырдың мүйізі мен терісінен қайнатып жасайтын. Жағылған желімді жазда көлеңкеде асықпай кептіретін болған, ал қыс мезгілінде пештің жылуымен кептіруге тырысатын.Түтелген малдың сіңірін ағаш мықты қалпын сақтау үшін жаққан.

Жақсы адамдар жайында жазсаң жаның жадырайды. Елге шыққан іздестіру экспедициялары кезінде халқымыздың ұлттық қолөнерін қастерлейтін, салт-дәстүріміздің құпиясын білер мейірімді қариялар бар екенін анықтадық. Қолөнер шеберлері халық қазынасына қамқор бола білді.Аталған қолөнер шеберлерінің біразы өмірден озған, олардың өмірі мен еңбектері туралы көзі тірісінде де бірнеше материалдар жарық көрген болатын. Әрбір азамат жарық дүниеге келген соң шама-шарқына қарай із қалдырады, оған қажыр қайрат керек. Сый құрмет қай жерде болса да өздігінен келмейді, ол табандылықтың, маңдай тердің арқасында біртіндеп жиналатын нәрсе. Қолөнер шеберлерінің барлығы  өміріне серік қолөнерін жастарға үйрету арқылы ел құрметіне бөленген жандар.

Қазақ халқының қолөнерін дамытуға үлес қосқан, оны осы кезге дейін жалғастырып келе жатқан халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттап, ертедегі ата-бабаларымыздың қолөнер үлгісінің шеберлігін сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізу, соларға үйрету игілікті іс болып табылады.

ОҚО, Отырар ауданы, Қоғам ауылының қолөнер шебері Күлайша Әбдрайымова, этнография ғылыми - зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері Мира Ахмет.

ОҚО, Отырар ауданы, Шеңгелді елді мекенінің қолөнер шебері Нұрлыбек Надайымбекұлы, этнография ғылыми - зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ақлима Жұмашова, ғылыми қызметкер Қалипа Кемелова.

Қолөнер шебері Тұмаркүл Бейсенованың жанұясы ағаш ожау, ағаш табақты Отырар қорық-мұражайына табыс етуде.

ОҚО, Отырар ауданы, Көксарай елді мекенінің қолөнер шебері Алшынбаев Ілияс.

 

ОҚО, Отырар ауданы, Шеңгелді елді мекенінің қолөнер шебері Құрақбаев Шәрібек.

ОҚО, Отырар ауданы, Шеңгелді елді мекенінің қолөнер шебері Нұрлыбек Надайымбекұлы.

ОҚО, Отырар ауданы, Ақтөбе елді мекенінің қолөнер шебері Несібелі Әбдіхалықова, этнография ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ақлима Жұмашова, аға ғылыми қызметкер Қалипа Кемелова.

ОҚО, Отырар ауданы, Көксарай елді мекенінің қолөнер шебері Алшынбаев Ілияс.