Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мақала және жарияланымдар

Қарақожа мешіт-медресесі   (XIX - XX ғасыр)

Басты бет - Материалдар - Мақала және жарияланымдар - Отырар өңіріндегі ортағасырлық әшекей бұйымдар

Отырар өңіріндегі ортағасырлық әшекей бұйымдар

Бейсенбі, 15 маусым 2017Отырар мемлекеттік археологиялық қорық -музейі. Ғылыми қызметкер Нұргүл Орынбасарқызы Ермашова

Археология саласында моншақтардың алатын орны ерекше. Құрылыс қабатын анықтауда ерекше рөлге ие, нәзікжандыларға арналып жасалған әшекей бұйымдарды жасау өте ерте кезден бастау алады десек қателеспейміз. Бұған  бір ғана Отырар өңірінің Қыркескен, Көкмардан, Марданкүйік, Талтақай қорымдарынан табылып анықталған әшекей бұйымдары дәлел бола алады. Сырт киімдерді безендіруде әшекейлік заттардың ішінде моншақтың маңызы зор. Сонымен бірге, әйелдердің көзге түсер бөліктеріне моншақ тағу да кеңінен дамыған.  Әсем моншақтар арулардың нәзік білектері мен мойын тұстарының көркін ашқан. Мойынға тағылатын сәнді бұйым «Моншақ»  сөзінің шығуы туралы «Мойын - шақ» немесе «Мойындақ» деген сөздерден құралды деген пікірлерде кездеседі [1,146.б]. Әшекейдің бұл түрінің тілімізде сақталған атаулары көп:Ақық моншақ, аламоншақ, бет моншақ, жақ моншақ, көз моншақ, қызыл моншақ, меруерт  моншақ, шаш моншақ, шұбыртпа моншақ,т.б. Моншақ ұсақ түрлі-түсті және әртүрлі пішінде (шар тәрізді, сопақша, қырлы) болып келеді. Олар  нефрит, лазурит, агат, сердолик, мәрмәр тастарынан  жасалған және де шыныдан, сүйектен, тастан, саздан, металдан, сонымен қатар, қабыршақ-ұлутастарынан (ракушка) жасалған теңіз моншақтарыда кездеседі. Мұндай моншақтар әшекей ретінде, сондай-ақ, ертеде ХХ ғасырға дейін Африка, Азия халықтарында ақша айырбас орнына жүрген. Неолит заманынан бастап адамдар сүйектен, ұлутасынан жасалған моншақтар мен алқаларды таққан, кейінірек тастар, ақық, маржан және т.б. адамға қолжетімді материалдардан жасалды. Ежелгі Египетте шыныдан, орта ғасырларда Венецияда, Русьте, Орта Азияда, т.б. асыл тастардан жасалғандықтан, бүгінге дейін жетіп отыр [2,27.б]. Көне заманда қазақ халқының наным-сенімдерінде көзмоншақтарды жоғары бағалаған, ата-бабаларымыз көзмоншақтарды сыртқы ортаның көзінен сақтайды деп білген. Мұнымен қоса, қолдан жасалған әшекей бұйымдарды тұмар ретінде пайдаланған, оларға түрлі сиқырлы белгілер мен жазулар салып тағатын. Тұмар тағып жүрген адамға жануарлар мен құстардың қасиеттері дариды деген сенім болған [3,34.б]. Сонымен бірге, өсімдік жапырақтарынан, дәннен, гүлдерден де жасалған моншақ түрлері болған. Десек те, мұндай әшекей түрі сапасыз болғандықтан зерттеу нәтижесінде мүлдем кездеспеген.

Ортағасырда гүлденген қалалардың бірі Отырар қаласын кешенді түрде зерттеу 1969 жылдан бастау алады. Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы Сырдың орта ағысында орналасқан Отырар өңірі қалаларын, яғни, Күйікмардан, Көк-Мардан, Пұшық-Мардан, Оқсыз қалажұрттары мен Қыркескен қорымына кең ауқымда зерттеу жұмыстарынжүргізді. ОҚКАЭ-ның жарқын оқиғалардың бірі ортағасырлық қалалар мен ондағы зираттардан табылған заттай деректер болып табылады. Марданкүйік қалажұртының қорымына жүргізілген қазба жұмысыбарысында 130-дан астам әшекей бұйымдар табылған болатын. Ал, Талтақай, Көкмардан қорымдарынан табылған әшекей бұйымдар қатарында қола айналар, шаш түйреуіштер, алтын сырғалар, тастан, металдан, шыныдан жасалған моншақтар егжей-тегжейлі талқылауды, зерттеуді қажет етеді. Онда тек кейбір заттардың категориясына ғана тоқталып өтіп, жасалған сараптама бойынша жерлеу рәсімінің уақыты мен археологиялық белгісі анықталған болатын [4, c.53]. Марданкүйік қорымынан анықталған жерлеу орындарын зерттеу барысында табылған заттардың көпшілігі моншақтар болып табылады.Көрнекі бұйымдар жиынтығы, көбінесе, әйелдер бейітінен кездескен. Жерленген мәйіттің мойын және білек тұсынан анықталған «бойтұмар» жиынтығына кіретін моншақтар тізбегі назар аударарлық. Моншақтардың түрі мен өзара ұқсастығына қарап ғалымдар бұл қорымды б.з ІІІ-V ғғ. жатқызған болатын.Дон өзенінің төменгі тұсында кейінгі сарматтардың бейіттерінен табылған қырлы ақықтар мен үлкен кәріп тастардың пішіндері әртүрлі болып келген моншақтар да ІІІ-V ғғ. тән[5, с.71-73].

Марданкүйік қорымынан табылған әшекей бұйымдарының ішінде басым бөлігі ақық, хрусталь, хальцедон сияқтытүрлі материалдан жасалған моншақтар болып табылады.Археолог-ғалымдар қазба барысында алынған моншақтар жиынтығын материалына қарай бес түрге бөліп қарастырған. Моншақтардың түрлері дайындалған материалдық белгісі бойынша бөлінеді. Осыдан барып белгілер пайда болады: материал (немесе құрылым)  алғашқы екі кезеңде, пішін, пропорция, түсі және мөлдірлігі болса, үшінші кезеңінде «шыны», «шыныпластик», «көзді», «фянсты» болып бөлінеді. Ал, металдан жасалған моншақтар тобы, бір топқа және бір типке жатады, екі дана қола моншақтан тұрады. Бесінші кезеңі түрлі тастардан жасалған моншақтарды құрайды, бұл типке жататын коралл тасы, ұлу тасы, әктасы және саздан жасалған моншақтар болып бөлінеді.

І. Ақық (сердолик)тасынан жасалған моншақтар  пішініне қарай алуан түрлі болып келген моншақтар мүрделердің көпшілігінен табылған. Бұл моншақтар «Бойтұмарлар» жиынтығына кіреді. Моншақтар пішініне қарай шар тәріздес, иректері ұсақ болып келген жалпы саны 50 дананы құрайды. 

ІІ. Кәріптастар (янтарь) мен гагаттан (түрлі-түсті әшекей заттар жасау үшін қолданылатын көмірдің түрі) жасалған моншақтар. Бұл типке кәріптастан дөңгелек пішінді, цилиндр тәрізді, ирек пішінді етіп жасалған моншақтар жатады. Ғылыми сараптамлық зерттеулер Орта Азияның ежелгі және ортағасырлық ескерткіштерінде, көбінесе,  Балтық жағалауынан келген табиғи кәріптастардың кең тарағанын көрсетті.

ІІІ. Шыны пастасынан жасалған моншақтар. Моншақтар мен басқа да әшекей заттарды жасауда сапасы мен материалы жағынан шыны, ежелден-ақ кеңінен пайдаланылған. Алыс-жақын шығыс елдерінің орталықтары шыныдан жасалған әшекей бұйымдарын саудаға шығарған.Моншақтар түрлі-түсті шыныдан және фаянсты шыны іспетті заттардан құралған.Формасына қарай әртүрлі типке жатады. Шар тәрізді моншақтардың көлемі де әртүрлі, кішісінің көлемі 0,2 см, үлкенінің көлемі 0,5см құрайды.

ІV. Металлдан жасалғанмоншақтар. Металдан жасалған моншақтардың бір-біріне ұқсас екі түрі кездеседі, екеуі де дөңгелек жүзді, қоладан жасалған. Бұл шар тәріздес жасалған моншақтардың диаметрі 3см,биіктігі – 2,3 және 2,6см құрайды.

V. Басқа да материалдар. Бұл моншақтар тобына саздан, әктастан, коралл тасынан, ұлу тасынан біріктіріліп тізбектелген моншақтар жатады. Қоңыртөбеден табылған бұл моншақтардың ішінде саздан жасалған моншақтар аз кездескен, небәрі үш данасығана, бұлар пішініне қарай әртүрлі типтерге жатады.

Сондай-ақ, 1991 жылы Отырар қорық-музейінің Марданкүйік қалажұртының қорымына жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған заттардың ішінде моншақтар табылғанын айта кетуге болады. Моншақ ақық (сердолик) тасынан жасалған, формасы дөңгелек, ортасында арнайы жіп өткізуге арналған тесігі бар. Дәл осындай моншақтар Отырар қалажұртына жүргізілген қазба жұмысы барысында кездескен болатын. Бірі ірі көк түсті пастадан, қалған үшеуі шыныдан: бұлардың екеуі қанық көк түсті шыныдан, ал біреуі ақшыл түстес мәрмәрдан жасалған.

Осыған ұқсас  моншақтар бүгінде ортағасырлық Қаратөбе мен Сауран қалажұрттарынан табылып отыр. Бұлардың қатарында түрлі-түсті шыны пастасынан және көз тәрізді шыныдан жасалған моншақтар кездеседі. Ең көп тарағаны әртүрлі формада жасалған (дөңгелек, қырлы) қызыл түсті ақықтар. Одан бөлек, зергерлік бұйым ретінде пайдаланылған ұлу тасы циркуль тәрізді пішінделген. Бұл заттардың барлығы дерлік қазба бөліктерінен табылған, яғни Қаратөбенің цитаделінде белгілі бір зергерлік шеберхана болғандығын көрсетеді[6, с 278].

Қазіргі таңда Отырармемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында 300-ге тарта моншақесепке алынған. Мұндағы моншақтардың көпшілігі ақық және шыны пастасынан әзірленген. Моншақтардың бұл түріІІІ-V ғғ. жататын Көкмардан мазаратынан табылған моншақтар тізбегі болып табылады. Моншақтың алғашқы үшеуі шыны пастасынан жасалған, біріншісінің түсі көк, дөңгелек, 2-3-ші қатардағы тастары сары түсті, формасы сопақша цилиндір тәрізді. 4-5-ші қатардағы тастар ақық тасынан жасалған, түсі қызғыш сопақша болып келген (1-кесте, 1-сурет). 

Әртүрлі материалдардан жасалған мына моншақтың түрлеріде көпшілік қызығушылығын туғызады. Бұл моншақтардың ішіндегі бірегейі VІІ-VІІІғғ. тән ақ түсті ракушкадан жасалған, ортасында жіп өткізер тесігі бар теңіз моншағы. Сонымен бірге, моншақтардың қатарында түрлі-түсті шыны пастасынан жасалған екі және саздан күйдіріліп, сыртынан көк түсті сыр жағылып, шыңылтырланған екі моншақ ерекше назар аудартады. Күлгін түсті сердолик тасынан жасалған көпқырлы болып келген моншақ та өзінің ерекше бітімімен ерекшеленеді.(1-кесте,2-сурет).

Оңтүстік өңірінде орналасқан ортағасыр қалаларына жүргізілген қазба жұмысы барысында көптеген тың мәліметтер алынған. Ата-бабаларымыздың  өмір тарихы мен мәдениетін танып білуде археологиялық зерттеулердің еңбегі орасан зор екендігі белгілі.

Жалпы Қазақстан территориясынан табылып отырған әшекей бұйымдардың басым бөлігі таяу Шығыс және Орта Азия елдерінен Жібек жолы арқылы тасымалданып келгендігі белгілі. Қазіргі таңда Отырар қорық-музейінің қорында сақтаулы тұрған 300-ден астам моншақтардың шығу тарихын зерттеу, ғылыми айналымға енгізу бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселе болып отырғаны шындық. Зерттеу жүргізу арқылы типологиялық талдаулар жасау, хронологиялық ұқсастықтарын ажырату және бұрыңғы зерттеулерге шолу жасалады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. «Ғылым»,Алматы, 1966, 146 б.
  2. «Қазақстан»ұлттық энциклопедиясы / бас редактор Ә.Нысанбаев-Алматы «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы 1998 ISBN 5-89800-123-96 VІ том 27бет.
  3. К.Байпақов. Қазақстанның ежелгі қалалары.-Алматы: «Аруна Ltd.», 2005.-34 бет.
  4. К.М.Байпаков, Е.А.Смагулов, А.А.Ержигитова. Раннесредневековые некрополи Южного Казахстана. Алматы, БАУР, 2005, 236с., илл.201 ISBN 9965-9703-7-8 c53.
  5. Машков М.Г. Два позднесарматских погребеня в группе «Четыре брата» на нижнем Дону. //Вопросы древней и срдневековой археологии Восточной Европы. М., 1978. С.71-73.
  6. Древний Сауран. / Смагулов Е.А. – А:АО «АБДИ Компани», 2011. – 436с: ил. – ISBN 9965-832-16-1. с 278.