Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мақала және жарияланымдар

Кырык оба и кочевники – великаны

Басты бет - Материалдар - Мақала және жарияланымдар - Рухани жаңғыру - әділетті қоғам құрудың алтын қазығы.

Рухани жаңғыру - әділетті қоғам құрудың алтын қазығы.

Сәрсенбі, 14 маусым 2017Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ойтолғам. Біз кешегі Кеңес Одағының шекпенінен шықтық, ұзақ жылдар патша үкіметінің отарында болдық. Сол бодандық психологиядан арылу, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді сезіну үшін де рухани жаңғыру қажет деп ойлаймын.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ойтолғам. Біз кешегі Кеңес Одағының шекпенінен шықтық, ұзақ жылдар патша үкіметінің отарында болдық. Сол бодандық психологиядан арылу, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді сезіну үшін де рухани жаңғыру қажет деп ойлаймын. Елбасы мақаласында тілге тиек болған Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы мен Құрманғазының күйлері – бәрі рухани мәдениетіміз. Ол мәдениет баршамызға ортақ. Осының бәрі жиылып, ұлттық бірегейлікті құрайды. Осы арада назар аударарлық тағы бір жайт: ұлттық бірегейлік, ұлттық код деген тек қазақтарға ғана тән болмауы тиіс, бұл барша қазақ жерінде  ұлттарды біріктіретін, отансүйгіштік идея төңірегіне топтастыратын күш болуы шарт. Ұлт Көшбасшысы мақаласында алға басудың екі шартына назар аударып, біріншісі, ұлттық код, яғни, ұлттық сипат пен бірегейлік және мәдениетті сақтау, екіншісі, өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажеттігін айтады. Мәселен, жершілдік, рушылдықты алайық. Былай қарағанда, жершілдік деген оншалықты залалды нәрсе емес сияқты. Бірақ та, оның астарындағы тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасқан бүгінде белең алып кеткен жемқорлық сияқты жаман қасиеттерге ол да себеп болып отырғанын естен шығармағанымыз жөн. Ал, рушылдық дерті сан ғасырлар бойы қазақ жұртымен біте қайнасып келе жатқан, елдігімізге сызат түсіретін кертартпа үрдістердің бірі болып отырғандығы шындық. Руына, тегіне қарамастан, адамзаттың бәрін бауырым деп, «қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп жырлап өткен Хакім Абайдан артық асыра айтқан ешбір жан жоқ шығар сірә! Әрбір ұлт өз ата тегін, руын білуі парыз. «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі», «Жеті атасын білген ұл, Жеті жұрттың қамын жер» деген қазақ халқында ұлағатты сөз бар. Алайда, рушылдық дертін қоғамдық-саяси салада саясаттың шекпеніне айналдырмай, тек әулеттік, ағайындық жүйеде өз тұғырында тұрақтаса екен деген тілегіміз бар. Бұл Елбасымыздың асқақ арманы, мақсаты. Ұлттық тәрбиенің бүгінгі күні де маңызын жоймаған ұлағатты мұралары қазақ халқында аз емес. «Нанды аяқ асты етпе, айға қарап саусағыңды кеземе, үлкеннің алдын кесіп өтпе» деген сияқты тыйымдар, жас ұрпақты қайырымдылыққа бастайтын «обал болады» дейтін тәрбиелік ұлағаттар арқылы қазақ кейінгі ұрпақты ізгілікке тәрбиелеген.

Елбасы өз мақаласында революция мен эволюция секілді даму парадигмалары туралы айта келе: эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді» деп түйіндеді. Шынында да революцияны, төңкерісті ешкім де қаламайтыны ақиқат. Тәуелсіз мемлекетімізді жаңғыртудың, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жаңа деңгейге көтерудің сара жолы-билік пен бұқара халықтың арасындағы өзара келісім мен түсіністік, ашық диалог екендігі ақиқат. Бұл заман талабы. Мәселен, Азия жолбарыстары атанған Малайзия, Сингапур, Ганконг, Оңтүстік Корея секілді өркениетті елдерде халық пен билік арасындағы саяси сана, саяси мәдениет, саяси сұхбат, азаматтық жауапкершілік сияқты демократиялық құндылықтар дұрыс жолға қойылған. Қазіргі таңда бұл аталған мемлекеттер әлемдік аренада көш бастауда. Осы дамыған елдердің озық тәжірибесін, механизмдерін ел игілігі жолында қолданысқа енгізсек, халқымыздың мерейі үстем, мемлекетіміз айбынды, тұрмысы жақсарған интеллектуалды елге айналатынымызға сеніммен қараймыз. Өз құндылықтарымыз туралы айта келіп, Елбасы: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі»,-деді. Олай болса, сол дамыған елдердің демократиялық үрдістерін, соның ішінде, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік, сөз бостандығы, әділ сайлау секілді азаматтық қоғамның озық механизмдерін Қазақстанға енгізу кезек күттірмейтін, күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе.

Үкіметтің, Білім және ғылым министрінің «үш тілділік» концепциясы ел ішінде біраз қарсылық туғызғаны рас. Меніңше, осы бағдарламаны нақтылай түсу керек: сөз жоқ, үш тілді білу қажет, бірақ бастауыш сыныптарындағы білім толығымен қазақ тілінде берілуі керек. Ал, ағылшын тілі 5сыныптан бастап, оқытылуы жөн. Бұл Жапония секілді өркениетті елдердің тәжірибесінде бар үрдіс.

Елбасымыз 2025 жылдан бастап, латын әліпбиіне толық көшу туралы мәселені көтерді. Сөзсіз, бұл қадам қажет, соның ішінде қалпымыз бен қарпімізді деорыстандыру(орыссыздандыру), десоветтендіру үшін қажет. Бірақ, 1940жылдан бері қағазға түскен барша рухани құнды дүниелерімізден бір күнде айырылып қалмайық.

Біз көп ұлтты ел болсақ та, қазақ жұртының келешегі үшін қазіргі көршілес Түркімен елінің жүргізіп отырған мәдени-рухани жаңғыруға бағытталған қайта өрлеу саясатынан  үлгі алуымыз керек деп есептеймін. Олардың ұлттық киім кию дәстүрлері, ата дініне, төл мәдениетіне деген тазалық, құрмет өте көркем деңгейде сақталынған. Олардың әрбір ұлттық мерекелері кәсіби деңгейде орындалып жүргеніне көзіміз жетіп жүр. Түркімендердің кез-келген телеарналарын көрсеңіз, ел азаматтарының сахнада ұлттық мәдениетіне сай киінетінін немесе Еуропаға еліктегіш жастардың жүргенін мүлдем көрмейсіз. Себебі, түркімен халқы өз тарихи тағдырларын, даму жүйесін, өмір сүру философиясының алғышарттарын халықтық рухани жаңғырудан бастады. Рухани жаңғыру стратегиясын басты қағида етіп алған түркімен басшылығы өз ұлтын жаңа белеске көтеріп, тұрмысы жақсарған саналы ұлтқа айналдырды. Рухани жаңғыру – халықтық мүддені әділетті қоғамға бастайтын азаттықтың негізгі феномені. Біз «Мәңгілік ел» боламыз десек, өзімізде бар төл мәдениетіміздің озық жетістіктері мен үрдістерін заманауи нақышқа келтіре отырып, халқымызға паш етуге тиістіміз. Халқымыз қайырымды, саналы, иман жүректі, дәулетті елге айналу үшін абыройлы өмір сүрудің платформасын қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін мемлекеттік жүйе алдағы уақытта тұтастай қайта жаңғырып, ұлттың мүддесі жолында адал қызмет ететін, үнемі халықтың қажеттіліктерін, мұң-мұқтаждықтарын қамтамасыз ететін білімді, еркін ойлы, қайырымды, ұлтжанды зиялылар ел тізгінін ұстауы керек. Әрбір қазақ жұрты еркін, тәуелсіз болу үшін білім керек,  дәулетті болу үшін кәсіп керек, қайратты, күшті болу үшін бірлік керек, ал мейірімді болу үшін көркем мінезділіктің жарқын үлгісін көрсетуіміз керек. Бұл ұлы бабаларымыздың өсиеті мен аманаты. Біз ұлт болып, Елбасымыздың болашақты баянды ету жолындағы бұл теңдессіз тарихи қадамдарына барынша қолдау білдіруге және оны іске асыру жолында кәсіби білімімізді, қайратымыз бен қабілетімізді, ел мүддесі жолында аянбай жұмсауға уәде етеміз. Рухани жаңғыру - ұлттық дүниетанымымызды қалыпқа келтірудің әділетті қоғам құрудың негізгі аспектісі болып табылады.

 Досхан Жұмаханұлы, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің «Әдебиет және өнер» бөлімінің меңгерушісі.

Ерқожа Сейтжаппарұлы, философия ғылымдарының магистрі, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің «Әдебиет және өнер» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері.