Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мақала және жарияланымдар

Рабия Сұлтан Бегім кесенесі   (XV ғасыр)

Басты бет - Материалдар - Мақала және жарияланымдар - Сібірден келген құнды зат

Сібірден келген құнды зат

Жұма, 16 маусым 2017«Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы» РМҚК-ң

аға ғылыми қызметкері

Ысқақ Гүлназ Ақмолдақызы

       

       Қазақ халқының тарихының көпшілігінде ауызша дәстүр кең тараған. Мұндағы «ауызша дәстүр» деп отырғанымыз «ауызша дерек». Яғни, атадан-балаға қалып отырған шежіре - бүгінде белгілі бір тарихтың шынайылығын ашатын дерек болып табылары анық. Заттық дерек ретінде сақталып отырған кез-келген музей заты зерттелсе, құндылығы артып, тарихтың жаңа беттері ашылмақ. Бүгінгі жазбамызға негіз ретінде алып отырғанымыз Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қорындағы бірегей заттардың бірі саналатын - жолбарыс терісі. ТК 8870 нөмірімен тіркелген бұл терінің қайдан келгендігі туралы еш дерек жоқ. Белгілісі, М. Қожаның бірнеше жыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келген Қ. Ордабаевтан алып, музей қорына өткізгендігі жазылған. Толық ақпарат алу үшін осыдан үш жылдай бұрын Қ. Ордабаевтан сұхбат алған едім, жариялаудың мүмкіндігі енді келіп отыр.

Музей экспозициясымен танысуға келген әрбір келушінің этнография залында орналасқан аталмыш теріге көзі түсері анық. Таныстырушы мамандар бұған дейін айтылып келген Сырдарияның төменгі ағысы бойында жолбарыстың болғандығы туралы деректер мен аңыз-әңгімелерге сүйене отырып жеткізеді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Қожаның соңғы еңбегінде Сырдарияның төменгі ағысында тұрған байырғы кесене ішіндегі қазақ батырының жолбарысты найзалап жатқан көрінісін белгілі археолог М.Е. Массон жария еткендігі және ХІХ ғ. ғалымы Н. Дингельштедттің жазбаларында Сырдарияның тоғайын парсы немесе бенгал тұқымдастарынан кем түспейтін жолбарыс мекен еткендігі көрсетілген /М. Қожа. Ортағасырлық Отырар тарихы. Тарихи-археологиялық деректер негізінде. – Алматы: «Орхон» баспа үйі, - 2017. – 312 бет/

Десек те, музей қорының есебіндегі жолбарыс терісінің біздің өлкеге еш қатысы жоқ екендігі Қ. Ордабаевпен болған сұхбаттан белгілі болды. Әңгімесін әріден бастаған Құтым аға бала кезінде грузин кісімен көршілес болғандығын, әке-шешесінің дос ретінде жақын араласқандығын айтты. Байқағанымыз Сібірден (Тайгадан) келген бұл грузиннің екі білегінде ұзына бойы арқанның ізі болатын. Әкемнің сұрағына: «Тайгада орманды жерлер өте көп, жабайы аңдар да жетерлік. Жыртқыш жабайы аңдарды аулайтын едік, қолымды аузына салып, тілін жұлып алар сәтте қорғаныс үшін екі білегімді арқанмен тұтас орап алатынмын. Яғни, тісінің батып кетпеуі үшін дәл осылай жасалатын», - деп мақтанышпен айтқан еді. Бұдан кейін әкем сол ұстаған аңдарыңды қалай дәлелдейсің дегенде, қорасына кіргізіп естелік, әрі сыйлық ретінде осы «жолбарыстың терісін» әкеме ұстатқан еді. Араға бір-екі жыл салып, ол кісі көшіп кетті. Содан бергі уақытқа дейін шешем көзі тірісінде төрге іліп қойған терісінің айналасын, қазақтың ежелгі ырымы бойынша, босана алмай жүрген жас келіншектер теберік ретінде кесіп алып кететін. Босанар сәтте, тұмар ретінде басына іліп қойған жағдайда, толғағы жеңіл болады деген түсінік болған. Шешем қайтқаннан кейін киелі болып саналған «жолбарыс терісі» менің шаңырағымның төрінде ілулі болды.

90-шы жылдары үйде қонақта болған, сол уақыттағы музей директоры, М. Қожа менен естелік затты беруімді көп жылдар бойы сұрап келді. Музейде сақталса, атыңыз жазылып, музейді тамашалауға келген көпшіліктің көруіне мүмкіндік туады деген ұсыныстар айтты. Тұтас теріден үштен бір бөлігі ғана қалған бұл затты көп ойланып музей меншігіне сыйлық ретінде тапсырдым. Бұдан кейінгі жай-күйі белгісіз болды. Бұл «жолбарыс терісіне» қатысты баяндалған оқиға 1933-1934 жылдары болған еді», - деп аяқтады, біз үшін өмірінің соңында құнды мағлұмат берген Қ. Ордабаев өз әңгімесін.

Музей қорына түскеніне жиырма жылдан аса уақыт өткеннен кейін алынып отырған сұхбат белгісіз болып келген затты сөйлеткендей әсер қалдырды. Музей қорындағы әрбір заттың құндылығы ескеріліп, нақты дерек көздеріне сүйене отырып зерттелсе, өз тарихын ішіне бүккен заттарға мүмкіндік береріміз сөзсіз.

Музей қорындағы жолбарыстың терісі