Культурное наследие Национальный проектСохраняя прошлое, создаём будущее   
  • Лента на Twitter
  • Лента на Facebook
  • Youtube
 

Атамекен

Памятник Н.Абдирову

Главная - Атамекен - Национальные ювелирные украшения в музейной коллекции (на казахском языке)

Национальные ювелирные украшения в музейной коллекции (на казахском языке)

Понедельник, 05 сентября 2016Қазақ  әйелдерінің зергерлік сәндік әшекей бұйымдарының бір тамаша үлгісі бойтұмар.

Тұмар (араб сөзі-бүктелген, үлгі, /формат/, қолжазба)-біздің тілімізге аударғанда «дұға жазылған үшбұрышты қағаз» деген мағына береді. Тұмарды әдетте діни ғұламаларға жаздырып алып, былғарымен қаптап, бойға тағып жүретіндіктен бойтұмар деп аталған. Құран сүрелерінің емдік қасиеті бар екендігінің мысалын мына хикаядан көреміз. Он бір аяттан тұратын, «мұғаууизатайн» (екі қорғаныш) деп аталған - «Нас» пен «Фалақ» сүрелерінің түсуіне Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарды бір яхуди әйелдің жіпке он бір түйін түйіп, оқып сиқырлауы себеп болған. Сиқырдан пайғамбар сарғайып-бозарып ауырғанда, Жебірейіл (ғ.с.) періште осы екі сүрені әкеледі. Он бір аяттың әрбір аятын оқығанда бір-бір түйін шешіліп пайғамбар құлан таза айығады. Тағы бір хадисте пайғамбар «көздің тиюі-хақ» дейді. Көз тиюден, тілден алдын-ала сақтану үшін Айша анаға «көз тимеу үшін үшкіртіп ал» дейді. Үшкіртумен қатар, тұмар, ішірткі, түтеткі жазып қолданып, ұшықтау да діни дәстүрде бар. Осындай емдік аят дұғалар жинақталған кітаптар қолжазба күйінде қазақ  даласына көп тараған.

Кейінірек ондай дұға жазылған қағазды қадірлеп, күмістен арнайы қорап жасап, қорапты әртүрлі зергерлік техникалық әдістермен безендірген. Сөйтіп бұл бұйым екі түрлі қызмет- тұмар және әсемдік үшін әшекей қызметін бірдей атқарған. Оны шеберлер күмістен үшбұрыштап, төрт бұрыштап, не жұмыр түтікше тәріздендіріп әртүрлі пішінде жасайды және мойынға іліп жүретін әсем шынжыр бау тағады. Тұмар немесе әшекей бұйымдарын жасауда қазақтың зергерлік өнеріне көне дәстүрлерді жалғастыру және көршілес елдер мәдениетінің өзара әсері де негіз болған. Орта Азияның басқа халықтары секілді қазақтардың да таққан көптеген зергерлік бұйымдарының тек әшекейлік бұйым ретінен бұрын тұмар иесін бәле-жаладан, қауіптен қорғау мақсатындағы мағынасы басым. Кейбір әшекей бұйымдардың формасы мен оған түсірілген өрнектер ежелгі наным-сенімдер және халық дәстүрімен өте тығыз байланысты. Мысалы: аңдар мен құстар алғашқы кезде киелі саналып тайпаны қорғайтын рулық тотем болса, өсімдік тектес өрнектер қазақтарда және басқа Орта Азия халықтарының түсінігінде «өріс жаюды» білдіреді. Тұмар көбіне балалар мен әйелдерге ғана арналып жасалған. Балаларға қызыға қараған көзден, тілден сақтасын десе, әйелдерді ұрпақ жалғастырушы ретінде сақтау үшін тағылады. Сондықтан да  қазақ ұғымында бойтұмар ұрпақтың көбею, өсу символын білдіретін бұйымдардың қатарына кіреді.

Осындай зергерлік әшекей бұйымдарының музей қорында бірнеше үлгісі сақталуда. Соның бірі Түтікше пішінді тұмар.  Акт № 8. 01.03.2005, Инв №1172, КК № 2672, құрамы -күміс, өлшемі-L-10,  L-түт-10,5, d-1,6. Бойтұмар түтікше пішінде жасалып келіп, екі жаны жіңішке түтігі бар күмбез іспетті болып біткен. Іші қуыс, жіңішке түтігіне және денесінің алты жеріне ширатпа сым оратылып өрнектелген. Өрнектерінің араларынан  жоғары қарай үш ілмек, төмен қарай бес ілмек орнатылған. Жоғарғы шынжыры жоғалған, төменгі ілмекке ілінген бес шынжырдың ұшында қоңыраулары бар. Тұмардың түтікше тәрізді іші қуыс етіп жасалуы дұға жазылған қағазды ширатып ішіне салу үшін істелген болса, қоңыраулары сылдырлап келе жатқан ауру мен түрлі зиянкестерді үркітеді деген  сеніммен жасалған, сондай-ақ  жас балаларға қоңыраулы тұмар тағу арқылы анасы баласының жақын арада жүргенін естіп-біліп отырған.

      Келесі бойтұмар-Қолтық тұмар деп аталады.  Акт № 41. 01.10.2002, Инв №319, КК № 2148, құрамы- күміс, өлшемі-L-11,  қорабы-L-11х7,5. Қолтық тұмар төртбұрышты, іші қуыс, жоғарғы жағының ортасынан ашық жер қалдырылып қақпақ қондырылған. Екі беті де толық өрнектелген. Жиектері мен ортасына қаралау әдісі қолданылып өрнектелген де аралары сары түске боялған. Ортасындағы өрнекті айналдыра екі қатар су өрнегі жүргізіліп, арасына  көк тастардан көз отырғызылған. 

     Әшекейлерге әртүрлі тастардан көз отырғызудың да өзіндік мәні болған, қымбат тастардың емдік қасиеті бар және адамға сәттілік пен бақыт әкеледі деген сенім болған. Қолтық тұмар туралы қызық  аңыздар да бар. Сондай бір аңызда аспаннан жерге бір жұлдыз ағып түседі де әдемі бір қызға айналады Оны көрген бір балықшы жігіт маған тұрмысқа шық  деп жалынады. Қыз «егер мен бас жуған кезде маған қарамауға уәде етсең келісемін»-дейді. Балықшы жігіт келісімін береді. Бір күні балықшы жігіт шыдамай қараған кезде әйелінің қолтығының астынан жанының ұшып шыққанын көреді. Бұдан кейін әйелі қайтыс болады. Осыдан кейін  жанды ұшып кетуден сақтайды деген сенімнен қолтық тұмар жасау пайда болған деген тұжырым қалыптасқан.

Келесі бойтұмар-Үшбұрышты бойтұмар деп аталады. Акт № 1. 20.01.1990, Инв №323, КК № 579, құрамы-күміс, өлшемі-L-10,  d-6,8. Беті үшбұрышты сызықшалармен, қаралау әдісі  пайдаланылып өрнектелген. Төменгі жағының бес жеріне салпыншақтар ілінген.Тұмар әшекейдің үшбұрышты етіліп жасалуы алғашқы кезде дұға жазылған қағаз үшбұрышталып бүктетілгендіктен соны қаптауға ыңғайлы етіліп істелген. Үшбұрышты тұмарлар алғашқыда іші қуыс етіліп дұға жазылған қағазды салуға ыңғайланып жасалса, кейінірек әшекей тұмардың бетінің өзіне араб әріпімен дұғалар жазылатын болған. Келе-келе ішіне дұға салынбаса да үшбұрыштап жасалған әшекейдің өзі тұмар әшекей кызметін атқарған. Үшбұрышты тұмарды ХIХ ғасырларда тек мойынға емес бас киімге, кеудеге, арқаға да таққан. 

     Қорыта келгенде тұмар әшекейлері адам денсаулығына қорғаныштық қызметімен қоса қазақ шеберлерінің алуан түрлі зергерлік әшекей бұйымдарын жасаудағы өнерін байыта түскен жәдігерлердің бірі болып саналады.

                                                 

Нұржамал Әшірбекова,

                                                                            «Әзірет-Сұлтан» қорық  мұражайының

ғылыми қызметкері.